Ауыспалы егіс – алымдылық белгісі
Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:17
Еліміз ауыл шаруашылығы қай буынының да өрістеуіне шүкір, бүкіл құрамды алғышарттар бар. Жер көлемі жетеді. Төскейінде ілкімді істерді ілгерілеткен мақсаты, мұраты биік, міндетіне жетік қауым және жетіп артылады. Соның дәстүрлі түрі – астық өндіруде Қазақстан әлемде алда келе жатқаны мәлім. Бұрнағы жылы 27 миллион тонна алтын дән жиналғандай толайым табыстар таңсық болмауға айналды. Тәуір-ақ жетістік, әрине. Әйткенмен, осынша мол байлықты барынша берекелі қыла алмаудың өкініші де ұмытылар нәрсе емес.
Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:17
Еліміз ауыл шаруашылығы қай буынының да өрістеуіне шүкір, бүкіл құрамды алғышарттар бар. Жер көлемі жетеді. Төскейінде ілкімді істерді ілгерілеткен мақсаты, мұраты биік, міндетіне жетік қауым және жетіп артылады. Соның дәстүрлі түрі – астық өндіруде Қазақстан әлемде алда келе жатқаны мәлім. Бұрнағы жылы 27 миллион тонна алтын дән жиналғандай толайым табыстар таңсық болмауға айналды. Тәуір-ақ жетістік, әрине. Әйткенмен, осынша мол байлықты барынша берекелі қыла алмаудың өкініші де ұмытылар нәрсе емес. Осы орайда, онсыз да бидайға сұраныс ауытқымалы, өзгермелі болып тұрар нарықтық қатаң бәсекеде тек бір өнімді тіреу ете беру бұдан былай қарай жөн бе деген ой туындайды. Сонда осындай олқылықтардың орнын толтырудың жолы қандай? Бұл әдетте өндірісті өңір ретінде елестейтін Қарағанды аймағына да қатысты жағдай, басқа барлық өңірлердің аграрлық саласындағыларды толғандырар мәселе десек, артық айтқандық болмас, сірә.
Сөз жоқ, бізде астық өндірісі сонау тың игеруден бері берік қалыптасқан жетекші сала екендігі белгілі. Бұрынғымен салыстырғанда асып түсуіміз де баршылық. Мәселен, 2000 жылы елімізде егістік көлемі 16 миллион гектар болса, содан кейінгі кезеңде 1,5 есеге ұлғаюы соны аңғартар дерек. Қарағанды жерінде де аумағы артқан үстіне артып, қазір 1 миллион гектарға жуықтап қалды. Бүгінде ірілі-ұсақты 800-ден астам шаруашылық егін егуден бір-бірімен жарыстас. Бұған бәлкім, қуанып, қуаттау керек шығар. Бірақ осынау іске ғана мұрын тіреп, үйреншікті үрдістен айнымау біразын көзделген табысқа оншалықты жарытпай жүргені шындық. Бір жағы бәсекелестік қинаса, екіншіден, қажеттілікке сұраныстың сәйкессіздігі ішкі, сыртқы рынокта бағаның құбылып, лайықты болмауына әсер етсе, сондай-ақ, дер кезінде сата алмау, сақтайтын қоймалардың тапшылығы, тасымалдаудың қиындығы, делдалдардың емін-еркін бассыздығы көп ретте төгілген тердің өтелуіне кедергі келтіреді. Мұны бұрнағы жылдағы көл-көсір астықты бірқатар шаруашылықтардың мезгілінде жинауға шамасы жетпеуі, жиналғанын өткізе алмай қар астында қалуы көрсетті емес пе. Көз алдыңда қолдағыдан айырылу күйініші осымен әрі кетсе жақсы ғой, алайда, диқандарды тағы сан соқтырмасына сенім жоқтығын айтпай қала алмайсыз.
Сөз орайында біз мәселенің мына жағына назар аударғымыз келеді. Бұл күнде қандай да өндірісті жаңа инновациялық жолмен дамыту, барынша әртараптандыру бағыты ұсталынып отырғандығы аян. Осы құбылыстың лебі ауыл шаруашылығында да екпінді есуі қаланады. Неге десеңіз, баяғысынша қайта-қайта егілетін бір бидайдан өзге дақылдар түрі әлі сирек. Кезінде Нұраның айналасындағы о шеті мен бұ шетіне көз жетпес егістіктермен жарыса жайқалатын күнбағыстың өзі енді, мүлдем көрінбейді.
Рас, дәнді-дақылдарды түрлендіруге талпыныс жоқ деуге болмайды. Мысал үшін, былтыр облыс бойынша 17 мың гектар майлы дақылдар егілді. Ой сарабына салып қарасаңыз, жүздеген мың гектар бидайдың ішінде құмда ізі жоқтай ғана ғой. Ал соның жолын салушылардың топшылауына қарағанда бастапқы қадамнан үміт үлкен секілді. Айталық, бұдан екі жыл бұрын алғаш рет 1200 гектар жерге зығыр тұқымын сепкен Осакаров ауданындағы «Найдаров» ЖШС соған серпіліп отыр. Іс жемісіне жігерленген серіктестік былтыр бұған дейінгі 15 мың гектар бидай алқабының 6 мың гектарын зығыр өсіруге ауыстыруға құлшыныста. Осылайша, бидайдың орнына зығырды қалау жайдан-жай дей алмайсыз. Салыстыруға сүйенсек, дағдылы дақылға қарағанда жаңа өсімдік кірісті 2-3 есе өсіруге мүмкіндік берген. Оған мынадай дәлел нақты дәйек. Егер сол жылы бидайдың бір тоннасы 15 мың теңгеге бағаланса, ал зығырдың осынша тоннасы 45 мың теңге болған. Былтыр бидайдың әр тоннасы 40 мың теңгеден айналса, зығырдікі 80 мың теңгеге жетті. Көріңіз, баға айырмашылығы қандай, одан түсер пайда қандай.
Жоғарыда аталған шаруашылық жетекшісі Павел Лущактың айтуынша, дақылдың бір түрін ғана еге беру жалғыз өнімге тәуелді етіп, телміртіп қоймай, топырақ құнарлылығын төмендетеді, жерді тоздырады. Оның қасиетін жақсы білетін жанның пайымы ғалымдардың зерттеулері бойынша расталады. Анықталғандай, соңғы жылдарда топырақ құрамындағы қарашіріктің – 20, азот қорының 15 пайызға азаюының жалғасуы түбінде не егістікке, не жайылымға жарамсыз болып қалуына әкеліп соғуға қауіптендіреді. Егістіктің құрылымдық тәртібін дұрыс сақтап, жаңа өсімдіктер арқылы органикалық құрамын бекіту алдымен экологиялық тұрғыда пайдалы болуымен бірге ырыздық көздерін ашуға бастайды.
Айтқаннан кейін атай кетелік, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бағытында ізденушілер қатарында Жаңаарқа, Нұра аудандарындағы Аманбай Абюров, Георгий Прокоп жетекшілік ететін «Айнабұлақ», «Шахтер» ЖШС-лер танылады. Бұлар зығыр көлемін әзірге 2 мың гектардан бастаса, біртіндеп ұлғайта беруге ынталы. Ал «Құланөтпес» шаруа қожалығы мақсары егуді облыста алғаш қолға алды.
– Нарық талабына сай іздену, дақылдарға сұранысты талдап, өтімдісін өсіруге бейімделу, жер ерекшелігін ескеру, агротехникалық ережелерді бұлжытпай орындау тәртіпке айналды. Ертеңгі істі алдын ала ойлаушылардың бірі ретінде мен де бидайға балама етіп зығырды қоса өсіруге бел будым. Өткен жылы 2,5 мың гектары жайқалды, – дейді Аманбай Абюров.
Мұндай сенімге мүмкіндіктер барын мынадай жайлар айғақтайды. Ең тиімдісі, өнімді өткізуде ешқандай қиындық жоқ екен. Мақалымызда аталған «Найдаров» ЖШС зығырын міне, екі жылдан бері алыстан таласып, берісі Азиядан, әрісі Еуропадан таңдап алушылар аз емес көрінеді. Өйткені, оның пайдасын ертеден танып-білушілер тағамға қолданумен қоса медицинада пайдаланады, тіпті, өнеркәсіпте кәдеге жаратылуы меңгерілген, соның ішінде линолеум жасауда таптырмайтын зат саналатындығын бізде біреу білсе, біреу білмес.
Пайдалы жақтары мұнымен шектелмейді. Дәніндегі май сығып алыну арқылы малға аса құнарлы азық дайындалады. Құрамы амин қышқылына бай дақыл ірі қара мен құс үшін бірегей нәрлі азық болып табылады.
Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана білу қажеттігін атап көрсетті. Бұл ретте егін шаруашылығын одан әрі дамытуда бұршақты, майлы дақылдардың мұрты бұзылмаған резервтері аз еместігін айтып өттік. Құлаққа алтын сырға, осы жолдағы ұмтылысқа мемлекеттік көмек-қолдау үлкен арқа сүйерлік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің зығыр өсірушілерге әр гектарына 3 мың теңге субсидия беруді қарастыруы соның бір парасы. Сөйтіп, осы бағытқа басымдық анық аңғартылып отыр. Бір ғажабы, білуімізше, көптеген фермерлер бұл шарадан бейхабар. Әр жерде басталған жаңа істі таныстыру, ұсыныс-кеңес беру, мақсатты болашағы зор шаруаға бұрғызу секілді іс-әрекеттер әзірге көпшілігін қамти қоймауын айтпасқа болмайды.
Мұның бәрін түйіндей келгенде, әлбетте басқа да жайлар жеткілікті. Рет-ретімен шешуге болатындығы өз алдына, жан-жақтағы үлкен рыноктарға жеткізілуін қамтамасыз ету бірінші кезектегі мәселе дер едік. Оны шикізат есебінде сатудан гөрі, майын сығып алып өткізу анағұрлым пайдалы болар еді. Бұл үшін арнаулы өндіріс орнын құру қажеттігі тұр. Ал оның жұмысының жемісті болуына жылына кем дегенде 30 мың тонна зығыр керек деп есептеледі. Мұны өсірушілердің ұлғаюы оған қол жеткізуге үміттендіреді. Сондықтан зығырды өңдеп, дайын өнімге айналдыратын өндірісті құруға инвестиция тарту, тиісті жоба жасалып, іске асыру күн талабы дер едік.
Сонымен, әңгіме тек осынау мәселені ойластыру ғана емес. Жер берерін барынша пайдаланудағы, байлықтың жаңа көздерін қалыптастырудағы, өнім түрлерін түрлендірудегі, жаңашылдықпен жарата білудегі, онда дамудың соны тетіктерін құрудағы іс-шаралар тамырын тереңдету кезек күттірмес міндет, бүгінде.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.