Ұлттық архив қоры құжаттарын пайдалану төңірегіндегі мәселелерді кәсіби түрде талқылауға арналған шараның Алматы қаласының түбіндегі Жаңалық елді мекенінде орналасқан музейде ұйымдастырылуының зор мәні бар. Саяси қуғын-сүргін кезеңдерінің құпияларын жан-жақты ашатын зерттеулер жүргізіп, жазықсыз жазаланған алаштық және кеңестік қайраткерлердің өмір жолдарын зерделеп, олардың мұраларын тауып, ғылыми айналымға енгізіп, бұған қоса, революциядан кейін бірден басталып кеткен үш дүркін ашаршылық зобалаңы айналасындағы шындықты тануда өлшеусіз еңбек үлгісін көрсетіп келе жатқан «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамының құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Осы қоғамның бүгінгі төрағасы, музей директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес, Президент Архивінің директоры Жәмила Әбдіқадырова бастап келген архившілерді және АҚШ-тағы Беркли университетінің зерттеушісі Агнешка Смельковсканы қарсы алып, Елбасы Н.Назарбаев арнайы бөлген ауқымды аумақты алып жатқан мемориал кешенінің жұмысымен, Жетісу аймағының құрбандарына арналған музей тарихымен таныстырды.
Жыл сайын Жаңалықта жерленген шейіттерге байланысты шимай тарихтың шындығы, тың деректердің беті ашылып келеді. Бұл жерде «халық жауы» жазасын арқалаған 58-баптың жазықсыз құрбандары ғана емес, бандитизм, экономикалық қылмысқа іліккен күдіктілер де желкеден көздеген жендеттер оғынан жер құшқан. Осы маңайдан жиналған бір қап оқтық гильзасы, көзәйнек сынықтары, былғары бәтеңкелер мен етіктердің жұрнақтары, темірмен қапталған тіс қалдықтары қасіретті жылдардың қара таңбасын еске салып, музей сөресінен орын тапқан. Үш залдан тұратын музейдің «Реквием» залында 4125 адамның аты мен тегі тұтас қабырға бойын қуалай, мәрмәр тасқа қашалып жазылған.
Ауқымды жерге пантеон құрылысын жүргізіп, жат жерден топырақ бұйырған Алаш арыстарының сүйегін туған жеріне жеткізіп, қайта жерлеу, топырағын әкелу, басына белгітас орнату, ірі қайраткерлердің жеке музейін жасақтау – қоғам жұмысының келешекте атқаратын жұмысының үлкен бөлігі. Сондай-ақ зерттеуші ғалым қоғам жұмысымен қанаттаса, Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттеумен айналысатын ғалымдардың еңбегін жарыққа шығарып келе жатқан «Арыс» баспасынан ұсынылған Т.Омарбековтің «Ашаршылық», Б.Қойшыбаевтың «Ұлттық апатты тану», «Қазақ» газетінің жинақтары, Шәкәрімнің қайта басылып шыққан «Иманым» кітаптарының маңызы туралы әңгімелеп, бірнеше данасын архивке сыйға тартты.
Президент архивінің директоры Ж.Үсіпжанқызы отандық музейлермен әріптестік орнатып, тарихи-деректі көрмелер ұйымдастыруда бай тәжірибе жинақтағандарын айтты. Архив қоры мен музей қоры тақырыбы жағынан бір-бірін толықтыра түсетін ортақ көрме жобалары арқылы тіпті ең күрделі тарихи тақырыптардың өзін: фотосуреттер мен құжаттар, күнделікті тұрмыс пен тіршілік құралдары мен бұйымдарын, естеліктерді, баспасөз материалдарын кең ауқымда ашып көрсетіп, өткен кезеңнің айрықша тынысын сезінуге мүмкіндік береді. Президент архивінің қорындағы құжаттар тек қазақстандық емес, шетелдік музейлердің тұрақты экспозициясы құрамында да ұсынылып келеді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде де архив қорындағы құжаттар молынан көрініс тапқан. Президент архиві мен музейдің бұдан арғы әріптестік байланысында бірлескен ағартушылық, танымдық шаралар негізінде тарихи-деректі мұраларды танымал ете түсу мақсаты қарастырылған. Дөңгелек үстел басындағы келелі әңгіме үстінде бірқатар керекті мәселе қозғалды, атап айтқанда, Қазақстан архивтері мен музейлерінің заманауи жұмыс үрдісімен үйлесімділігі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірлескен ғылыми-зерттеушілік жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі, тарихи жинақтарды әзірлеу, тарихи-деректі көрмелер мен басқосулар ұйымдастыру секілді өзара тиімді байланыстар сөз болып, пайдалы ақпараттар алмасты.