Бүгінгі таңда түрлі этнос өкілдері мекен ететін Жамбыл өңірінде «Жамбыл облысы этностарының дәстүрі мен мәдениеті» энциклопедиясын басып шығару және шығарылатын энциклопедия негізінде интерактивті карта жасау» жобасы қолға алынды. Жобаның негізгі мақсаты – өңірдегі этносаралық келісімнің оң әлеуетін зерттеу және насихаттау.
Аталған жоба аясында Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің бастамасымен облыстың Қордай және Шу аудандарында «Заманауи медиа мәдениет кеңістігіндегі этностық имидж» тақырыбында пікірталас алаңдары ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – түрлі этностар дәстүрлерінің ерекшеліктерін және азаматтық қоғамның негізгі институттарының, әсіресе Қазақстан халқы Ассамблеясының біріктіруші миссиясының маңыздылығын талқылау, бұқаралық ақпарат құралдарында этностық имиджді қалыптастыру және осы мәселені зерттеудегі аспектілерді анықтауды көздейді. Өз сөзінде пікірталас алаңының модераторы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің бас сарапшысы Альбина Тапаева медиа мәдениеттің құралдарының әсері, медиа мәдениет мәдени және тарихи даму үдерісінде адамзат әзірлеген ақпараттық-коммуникациялық құралдар жүйесі ретінде қоғамдық сананы қалыптастыру мен тұлғаны әлеуметтендіруге ықпал етуі жайында әңгіме өрбітсе, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Кахаров ұлттық салт-дәстүрлер, тіл мен музыка, әдебиет, ұлттық жоралғылар жайында өз ойымен бөлісті. Сонымен қатар Шу ауданындағы әзербайжан этносының өкілі Земфира Гулиева қазіргі таңда еліміздегі этностардың ұлттық кодын сақтауда атқарылып отырған жұмыстар үшін алғысын білдірді.
Ал, түрік этносының өкілі Бинали Тагиров «Жаһандану бүгінгі таңда жалпы дүниежүзілік процесс болып табылады. Жаһандану кезеңінде Қазақстан өзінің ұлттық жəне мемлекеттік бірегейлілігін сақтап қалу мəселесін шешуде ұтымды қадамдар жасауда деп есептеймін», деп өз пікірін білдірсе, дүнген этносының өкілдері Айша Ибыдо, Салима Вансинвин, Идирис Юнусов, Матлюба Мойорова көпшілікке өз этностарында кездесетін ерекшеліктер туралы фотосуреттер мен бейнероликтер ұсынды. Аталған шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Аналар кеңесінің мүшелері, ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері және жастар қатысып, өңірдегі мәдениетаралық өзара іс-қимыл мен этносаралық келісімнің оң әлеуетін насихаттау бойынша негізгі түсініктерді талдады.