«Көшбасшылық» кітабының таныстырылымы тұсаукесерден гөрі пайдалы кеңеске толы қызықты тренинг секілді өтті, себебі қазақ қоғамында көп зерттелмеген, санада қалыптаса қоймаған, әлі де тың күйінде келе жатқан көшбасшылық тақырыбының түйіні осы салада жүріп шыңдалып, нақты жетістікке жеткен автордың өз әңгімелеуінде сенімді тарқатылды.
Алматыдағы Ұлттық кітапханада жаңа кітаптың тұсауын кесуге қатысқан Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мақсат Сқақов көшбасшылық мәселесін қазақтың ұлттық танымымен байланыстыра қарастырып, кешегі қол бастаған хандар мен сөз бастаған билердің ірі сөйлеп, кесек тураған мінезінің бүгінгі заманауи серкелердің қасиетімен жалғасып жатуында бұл өнердің төл тіршілігімізбен біте қайнасқан тамырластығы бар екенін айтты.
Көшбасшылық психологиясын, жетістік сырын зерттеу идеясы автор Америкада оқып жүрген кезінде туындаған. Ш.Жұмабекұлының айтуынша, Американың 1-2 сынып оқушылары мектепте жүргенде-ақ көшбасшылық туралы сабақ өтеді. Құрамына кішкентай мемлекеттердің үлкен шоғырын жинаған кешегі Кеңес Одағының кемшілігі, көшбасшылық тақырыбымен ғылым ретінде мүлде айналыспаған болса, батыс қоғамы, әсіресе Америкада бұл мәселені зерттеу өте кең дамыған. Оқып отырғанда бірден еліктіріп әкететін, дұрыстығына иландыратын, пайдасы зор кітаптарды елге келген соң аударып, көпшілік оқырманға тарту еткісі келген мақсатын автор сол кезде белгілеген.
Америкада көшбасшылық туралы 7500 кітап жарыққа шықса, жалпы әлемде ағылшын тілінде әртүрлі атаумен 2,5 млн-ға жуық еңбек жарияланған. Мұның бәрін аударып шығу мүмкін емес, сол себепті автор «Нью-Йорк Таймстың» бестселлері», «Амазон» және «Битрикс» атты оқырмандардың ең үлкен электронды алаңы арқылы үздік он кітапты таңдап, бір еңбектің ішіне жинақтап ұсынуды жөн көреді. Кітап көшбасшылық туралы заманауи зерттеулердің негізін салушы Уоррен Беннистің «Көшбасшы болу хақында» атты еңбегінің аудармасымен басталады. У.Беннис айтады: «Э.Хемингуэй айтқандай, әлем бізді талқандап тастайды, ал біз үйінділердің арасынан күшейіп қайта тұрамыз. Бұл сөз көшбасшыларға да қатысты.
Кітап уақыт сынынан өтіп, адамзат ойының алтын қазынасына айналған таңдаулы туындылардың қаймағын қалқып алып, қысқа да нұсқа форматта мазмұндап, оқырман алдына тосады. Көшбасшылық туралы ойды Ш.Мұқан былайша түйіндейді: «Лидерлік деген қасиет емес, ол – әрекет. Біздің елде ара-тұра құдыққа балалар түсіп кетіп, майып болып, мерт болып жатады. Балалар құламай тұрғанда, ол құдықтың қасынан әрі-бері талай адам өтеді. Құдықтың қақпағының жоқ екенін байқаған адам ерінбей тоқтап, бірден тиісті орындарға хабарласып, олар келгенше күтіп тұрып, құдықтың беті жабылғанша басы-қасында жүрсе, ол нағыз – лидер. Бәлкім, сіз биік қызметтің иесі емес, қарапайым адам боларсыз, бірақ сіз тап сол жерде лидерлік таныттыңыз. Екіншіден, лидерлік – жауапкершілік. Үшіншіден, ол – қателікті мойындау, кешірім сұрау мәдениеті».
Шағын редакция ұжымы дайындаған кітаптың бас редакторы, белгілі жазушы, аудармашы Тұрысбек Сәукетаев, ал кітаптың жарыққа шығуына қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкер Нұржан Әшірбеков. Нарықта орны ойсырап тұрған, білуге тиіс дүниелер әлі де көп. Алдағы уақытта «Мазмұндама» баспасы «Көшбасшылықпен» ғана шектелмей, «Экономика», «Келіссөздер», «Жетістік», «Отбасы», «Кемелдену», «Байлық», тағы басқа топтамалармен қатарын қалыңдата түсуді жоспарлап отыр. «Мазмұндаманың» мақсаты – қазақы мазмұнды кеңейтіп, құнды идеяны қазық еткен ТОП -10 сериясын назарға ұсыну.