Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі пленарлық отырысы Алматы облысының Қызылағаш ауылында болған апаттан қаза тапқан тұрғындарды бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімімен басталды. Содан соң Төраға бір күндік еңбекақыларын Қызылағаш ауылындағы апат зардаптарын жоюға арналған қорға аудару жөнінде әріптестеріне ұсыныс жасап, ол бірауыздан қолдау тапты.
Негізгі талқылау Мәжіліс мақұлдаған “2010 – 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заң жобасы айналасында қалыптасты. Бюджетті нақтылау экономика дамуының базалық сценарийі негізінде алынып отыр. Инфляция үстіміздегі жылы 6-8 пайыз деңгейінде болады деп болжануда. Ал республикалық бюджеттің шығыс бөлігі биыл 4 182,0 миллиард теңге деп белгіленсе, бұл Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырумен байланысты. Мерзімін 1 шілдеден 1 сәуірге ауыстыруға орай бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы мен стипендияларды 25 пайызға арттыру үшін 53,8 миллиард теңге көзделуде. Бұдан басқа үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына 143,8 миллиард теңге қарастырылған. “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ арқылы серпінді инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға – 62,8, “ҚазАгро” холдингі арқылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға – 28, Астана қаласында жаңа университеттің 2-ші кезеңін салуға – 5, сыртқы саяси тұрақтылықты ұстап тұруға және халықаралық қатынастарды дамытуға – 16,1, 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындыққа – 44,4, Кеден одағына кірумен байланысты шығындар 11,4 миллиард теңге болып белгіленді. Сондай-ақ, әлеуметтік мәселелерге қомақты қаржы қарастырылған.
Сонымен, үстіміздегі жылдың республикалық бюджеті 189,4 миллиард теңгеге өсіп, 3 378,4 миллиард теңгені құрап отыр. Осы ретте бюджет тапшылығы 803,6 миллиард теңгені немесе ІЖӨ-нің 4,6 пайызын құрайды.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысқан отырыста депутаттар өзекті деген ойларын ортаға салды. Қуаныш Айтаханов орта және шағын кәсіпкерлердің 63 пайызы Алматыда орын тепкендігін айта келіп, осы салаға бөлінген қаржының 66 пайызы сауда-саттық пен қызмет көрсетуге жұмсалатынына қынжылыс білдірді. Тек 9 пайыз қаржы ғана өндіріске бағытталады екен. Ал кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді несие беру мәселесі әлі шешімін таппай келеді.
Тасбай Симамбаев этанол шығаратын және кремний өндіретін зауыттардың тоқтап тұрғандығын алға тарта отырып, жоспарлау дұрыс жолға қойылмағандығымен бөлісті. Ол Қазақстанның Даму банкі 63 миллиард теңгені несиеге беріп, қайтара алмай отырғандығын сынға алды. “ҚазАгро” АҚ жұмысына шүйліккен Қожахмет Баймаханов ауыл шаруашылығына қарастырылған қаржының қомақты мөлшері бидай өндіруші үш облысқа бөлініп, 5 миллион тұрғыны бар оңтүстікке жете бермейтіндігіне өкініш білдірді.
Осы ретте сөз алған Қуаныш Сұлтанов Астанада еңбек етіп жүргендердің көбісі сырттан келгендер, ал өңірлердегі жұмыссыздарды өзін өзі асыраушы деп санау арқылы өзімізді өзіміз алдағанды қояйық дей келіп, Үкімет мүшелерін кәсіпкерлікті қалай көтеру керектігін ойластыруға шақырды. Сонымен қатар, депутаттар “Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2010-2012 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы” заң жобасын да қарап, екі заңдық құжатты да қабылдады.
Мәжіліс мақұлдаған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялауға қатысты заңдық құжатты қабылдаған депутаттар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру мен өткізу тәртібін көздейтін келісімді де заңнамалық тұрғыдан бекітіп берді. Сонымен қатар, Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы, т.б. заңдық құжаттар қабылданды. Осы орайда терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін заң жобасы да қабылданғанын айта кету керек.
Пленарлық отырыста Болат Жылқышиев палатаның Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы болып сайланды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.