Аймақтар • 12 Шілде, 2019

Су кодексі жобасын әзірлеген қайраткер

633 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығының бұрынғы министрі Нариман Қыпшақбаевты 85 жасқа толған мерейтойымен және су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтады.

Су кодексі жобасын әзірлеген қайраткер

Нариман Қыпшақбайұлының еңбек жолы учаскелік инженер-гидротехник қызметінен басталған. 1974 жылдан тәуелсіздік алғанға дейін Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігін басқарды. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен 1990 жылы Су ресурстары мемлекеттік комитетінің төрағасы болып тағайындалған. Тәуелсіздік жылдары Су кодексі жобасының әзірленуіне жетекшілік жасап, Орталық Азия, Ресей Федерациясы және Қытай мемлекеттері арасында трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын пайдалану жөнінде халықаралық ұйымның құрылуына, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттерінің президенттерімен құрылған Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылуына үлесі зор.

«Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып, ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы бірінші фазасының жүзеге асуына Нариман Қыпшақбайұлының ерекше үлес қосқандығын Арал өңірінің тұрғындары жақсы біледі. Зейнетке шыққаннан кейін де жиған-терген бай тәжірибеңізді ізіңізден ерген жастарға үйретуден жалыққан емессіз. Соның ішінде, Сыр өңірінің су шаруашылығының өзекті мәселелерін шешу жұмыстарына да аянбай атсалысып келесіз», деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ әріптестері мен су шаруашылығының ардагерлері Серікбай Сағымбаев және Бегеш Жақып мерейтой иесіне жылы лебіздерін жеткізді.

Салтанатты кеште сөз алған Нариман Қыпшақбайұлы облыс басшылығы мен замандастарына құрмет көрсеткені үшін алғысын білдірді.