Аймақтар • 12 Шілде, 2019

Алматыда үздік кәсіпорындар анықталды

1567 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы жылы он үшінші мәрте өткізіліп отырған «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының екінші күні Алматы қаласы бойынша ең үздік деген кәсіпорындар анықталды. Қазақстандық тауарлардың сапасын көрсету, өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық өнімдерді таныту мен жарнамалауды мақсат ете отырып ұйымдастырылған көрменің қазылар алқасы жеңімпаздарды «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық үшін үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» үш номинациясы бойынша анықтап, үздіктерді жария етті.

Алматыда үздік кәсіпорындар анықталды

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев көрмеге қатысушы кәсіпорындардың өнімдерімен танысып, еліміз экономикасының дамуына барынша үлес қосып отырған кәсіпкерлік нысандарының ісіне сәт-сапар тіледі.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша,  байқауға қатысып отырған әрбір компания жеңімпаз атануға әбден лайық. Көрмеге азық-түлік саласы, өндірістік бағыттағы, сондай-ақ қолөнер, киім-кешек, аяқ киім тігетін, ойыншық шығаратын 70-тен астам компания қатысты.

Шараға сонымен қатар әкім орынбасарлары Ержан Бабақұмаров,  Сапарбек Тұяқбаев, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Юрий Тлеумұратов және де мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастықтардың өкілдері қатысып, оңтүстік астанадағы кәсіпкерліктің даму барысына қатысты тың мәліметтерімен бөлісті.

Үздік кәсіпорындар қатарында «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталамы бойынша – «Келет» АҚ, «Inno Track» ЖШС, «Savenergy» ЖШС, «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша – «ПЭРИ» ЖШС, «КОВАZ» ЖК, «Казлегпром-Алматы» ЖШС, «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымына – «Бекер и К» ЖШС, «Хлебозавод №7» ЖШС, «Цин-Каз» ЖШС аталды.

Айтулы іс-шараға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, әкім орынбасарлары Ержан Бабақұмаров және Сапарбек Тұяқбаев, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Юрий Тлеумұратов, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.

Көрме-байқауға алматылық сауда орталықтарының жалға беру бөлімдерінің өкілдері де қатысып, отандық тауар өңдірушілерге үй-жайларды жалға беру бойынша қызметтерін, жолдарын, бағыттарына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.  Қатысушылардың қатарында «MOSKVA metropolitan», «Forum Almaty», «Mega Аlma-Ata», «Мерей», «Magnum Cash & Carry» және т.б сауда орталықтары болды.

Байқауға келген қонақтар көрмеге қойылған тауарлардың сапасын бағалап, қалаған өнімді арзан бағамен сатып алып, сондай-ақ қосымша жүлделі ұтыс ойындарына қатысты. Ал көрменің  жеңімпаздары республикалық деңгейдегі байқауға қатысуға жолдама алды.