06 Наурыз, 2013

АҚШ: секвестрден соңғы сергелдең

277 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

АҚШ: секвестрден соңғы сергелдең

Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:21

Өткен сенбі күннің талықсыған таңында әлем жұртшылығының назары тағы да мұхиттың арғы бетіне қарай ауды. Осы күні Америкаға бюджеттің шығыс бөлігін еріксіз қысқартуға, яғни секвестрге жүгінуге тура келді. Өздерінің қандай бағдарламалардан бас тартатындарын ашып айта алмаған Сенаттағы республикашылар мен Ақ үйдегі демократтардың өзара келісімге келе білмеулері себебінен Құрама Штаттардың қазынасы биыл 85 млрд. долларға азаятын болды.

Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:21

Өткен сенбі күннің талықсыған таңында әлем жұртшылығының назары тағы да мұхиттың арғы бетіне қарай ауды. Осы күні Америкаға бюджеттің шығыс бөлігін еріксіз қысқартуға, яғни секвестрге жүгінуге тура келді. Өздерінің қандай бағдарламалардан бас тартатындарын ашып айта алмаған Сенаттағы республикашылар мен Ақ үйдегі демократтардың өзара келісімге келе білмеулері себебінен Құрама Штаттардың қазынасы биыл 85 млрд. долларға азаятын болды. Бұл өз кезегінде елдің ішкі жалпы өнімін 0,6 пайызға төмендетіп жібергелі тұр. Көктемнің бірінші күні секвестр жөніндегі жарлыққа қол қойған президент Барак Обама мұның АҚШ экономикасына берілген «сұрапыл соққы» болып табылатынын атап өтті.

Бұл жердегі әңгіме өткен жұмадан сенбіге қараған түні мемлекеттік шығындардың күрт қысқарғаны жайлы болып отыр. Жалпы, 2011 жылы Вашингтондағылар мемлекеттік қарыздарды қысқарту жөнінде келісімге келе алмаса, онда алдағы 10 жылдың беделінде мемлекеттік шығындарды 1,2 трлн. долларға қысқартудың қолға алынатыны туралы шешім қабылданған болатын. Мұндағы негізгі идея астамсыған саясаткерлерді тәубелеріне кел­ті­ріп, олардың ақыр соңында шы­­ғындарды азайту бағытында нақтылы қадамдарға баруына түрт­кі болу еді. Олай болмаған күнде, шырмауықтай шырмалған шығынның шырғалаңы «секвестрді жалпасынан түсірер» еді.

Өзекке түскен құрт

Секвестрдің америкалық нұс­қасының бұрқ ете қалуын әлемде ешкім де жақсылыққа жорып отырған жоқ. Бұл орайда жаһан сарапшылары бір ауыздан Америка экономикасының ақыры ауырлай түсетінін ауызға алады. Мұнда бюджеттің тапшылығы уақытша ғана қысқара тұрады. Бірақ сонымен бір мезгілде онсыз да әрең көтеріліп келе жатқан экономиканың қарқыны күрт құлдырап кетеді. Ең бастысы, алдағы уақыттарда әлеуметтік шығындардың өсе түсетіндігінен мемлекеттің орасан зор мөлшердегі қарызынан біржола құтылуының ешбір орайы келмейді. Сондықтан танымал экономистер түгелдей Америка секвестрін ойсыз да аяу­сыз әсіре шара ретінде бағалап отыр. Расында да ол елге ешқандай жақ­сылық әкелмейді. Қазірдің өзінде мамандар енді күн ұзаған сайын бюджет тапшылығының да, мем­лекеттік қарыздың да қарқындап арта беретінін алға тартады.
Бұл тұрғыдағы пәленің шеңбері мұнымен де шектелмейді. Олай болатыны, Америка бір жағынан әлем рыногының «ең қалаулы да сүйікті клиенті» іспеттес. Орыс экономисі Михаил Хазин атап өткендей, «АҚШ – Жер бетіндегі басты тұтынушы». «Мен қазір олардың қаншалықты пайызды еншілеп отырғанын дөп басып айтып бере алмаймын. Бірақ осыдан 3-4 жыл ғана бұрын бұл мөлшер 30-40 пайыздың айналасынан өрбуші еді», – дейді ол тағы. Ресейдің Қазіргі заманғы даму институтының директоры, саясаткер және экономист Никита Масленников АҚШ экономикасының әлемдегі ең ірі сала болып табылатынын айтады. Демек, елдің бюджет шығындарын күрт қысқартуы бірінше кезекте оның Еуропадағы, Латын Америкасы мен Қытайдағы сауда жөніндегі әріптестеріне қатты соққы болып тиеді. Сондықтан АҚШ секвестрін осы елдің өзі үшін де, оның жан-жақтағы әріптестері үшін де өзекке түскен құрт ретінде бағалауға болады.
Осы екі аралықта Құрама Штаттардың сыртқы қарыздары 16,5 трлн. доллардың үстіне шығып кеткен көрінеді. Бұдан бірқатар уақыт бұрын Конгресте тек осы қарыз мәселесімен айналысатын арнайы комитет те құрылды. Алай­да, көріпкелдер оның текетірес жағдайындағы екі жақты ымыраға келтіруге шамасы жетпейтінін күні бұрын айтып та қойып еді. Сол айтқандары айнымай келді де, мұның ақырында қысқартудың жалаң қылышы жарқылдап шыға келді.
Мұның алдында Ақ үйдегілер мен олардың көптеген жақтастары АҚШ үшін нағыз армагеддон заманының келе жатқанын айтып, дабыл көтеріп еді. Бұл сыңайдағы рекордты өкілдер палатасының қаржы комитетіндегі солшыл демократ Максин Уотерс қойғанға ұқсайды. Ол қыза келе, секвестр Американы 170 млн. жұмыс орнынан айырады, деп соғып та жіберді. Ал күллі АҚШ-тағы барлық жұмыс орнының саны 135 млн. ғана екенін ескерсек, бұл болжамның ешбір ақылға сыймайтынын пайымдау қиын емес. Бір тәуірі, Уотерс ханым өзінің жаңсақ кеткенін тез аңғарып, әңгіменің 75 мың турасында болып отырғанын қайтара айтып үлгерді. Алайда, жер жүзінің ірі экономистері бұл орайдағы басқалай нақты цифрларға қазық байлап отыр. Олардың ұғымынша, бюджеттік шығындардың азаюы АҚШ-та 780 мыңға жуық жұмыс орны жоғалуына апарып соқтырмақшы. Осының салдарынан өте көп мөлшердегі мемлекеттік қызметкерлер ақысыз демалыстарға шығуға мәжбүр болады. Бұл елдің ішкі тұтыным сұранысын күрт төмендетеді.  Демек, осы елмен тығыз жұмыс жасасып келген Еуропа мен Азияның көптеген ірі компаниялары өздеріне жаңа рыноктар іздеп, босып кеткелі тұр.
Соңғы уақыттары президент Барак Обама елдің ішінде біраз жұмыс сапарларына шығып, алуан түрлі жиындарда жұрт алдында сөз сөйледі. Соның арасында өрт сөндірушілер мен полисмендерге жолыққанында, ол секвестрдің нәтижесінде бұл салаларда айтар­лықтай қысқартулар жүргізіліп, көптеген қызметкерлердің жұмыссыз қалғалы тұрғандарын ашып айтты. Ал Пентагонның бұрынғы басшысы Леон Панетта бұдан елдің қорғаныс қабілеті кәдімгідей зардап шегетінін ескертті. Сол аралықта президент әкімшілігі мұның тағы бір дәлелі ретінде Парсы шығанағы ауданына баруға тиісті авианосецті тоқтатып қойды. Секвестрдің қарсаңында өзіне ақша үнемдеу саясатының маңыздырақ екенін алға тартқан иммиграциялық ведомство елге жасырын келгендері үшін қамауға алынған екі мыңнан астам шетел азаматын осы желеумен бостандыққа шығарып жіберді.
Енді жаңа өлшем бойынша, әскери шығын 44 млрд., ал ден­саулық сақтау жүйесінің қар­жы­сы 11 млрд. долларға кемуі тиіс. Алайда, жағдайдың тап осылай бола қалатынына сенбестік білдіріп отырған скептиктер де бар. Олар шын мәнінде Вашингтон бухгалтериясы биыл бар-жоғы 42-44 млрд. доллар аумағында ғана қысқаруды жүзеге асырады, деп есептейді. Бұл жерде республикашылардың пікірінше, Ақ үйдің мақсаты олар­дың қатарына іріткі тудырып, са­лықты көбейту жөніндегі кезекті толғамды жүзеге асыру болып табылады. Бұлай болмаған жағдайда, барлық бәленің бастаушысы оппозиция деп көрсетіп, оларға қоғамдық пікірді қарсы қоюға әрекет етеді. Мұның біріншісін жасау Обаманың қолынан келе қоймады, ал екіншісі қазірден-ақ орындалып жатыр.

 

Беделге келген нұқсан

Сарапшылар экономикалық проблемаларына байланысты АҚШ-тың әлемдік аренадағы ұстанымының біртіндеп әлсірей бастайтынын айтады. Республикашылар мен де­­мократтардың экономикалық проб­лемаларды бірлесе шешуге қабілетсіз болып шығулары мем­лекеттік бюджеттің секвестріне амалсыз апарды. Осы орайда американистер, яғни осы елді зерттеуші ғалымдар Құрама Штаттардың эко­номикада айқын аңғарылып отыр­ған қиындықтары әлемдегі қуат­ты мемлекеттердің жаңа позициясы түзілуіне апарып жеткізетінін мәлімдейді.
– Секвестр фактісінің өзі ен­дігі жерде АҚШ-тың бір полярлы әлемдегі бірден-бір ең басты держава болып қала алмайтынын дәлелдеп берді. Бүгінгі секвестр Вашингтонның кіріс пен шығыс арасындағы алшақтықты қысқарту үшін қолдануға мәжбүр болған бірқатар қадамдарының тек біріншісі ғана болып табылады, – деген тұжырымға келеді Ресей Ғылым академиясы АҚШ және Канада институтының директоры Сергей Рогов.
Маман сонымен бірге, бұл қыс­қартулардың әлеуметтік шы­ғындарға ешқандай да қатысы жоқ екенін атап өтеді. Өйткені, билік тұрғындардың кедей тұратын бөлігі арасында әлеуметтік толқулар туып кетуіне жол бермеу керектігін жақсы түсінеді. Сол себепті ауырлықтың негізгі жүгі орта таптың арқасына таңылғалы тұр. Осы орайда Stratfor талдамалы орталығының директоры Джордж Фридман өзінің «Орта таптың дағдарысы және Американың күші» деп аталатын мақаласында америкалықтардың негізгі бөлігі тұрмыс деңгейінің түсіп кетуін АҚШ-тың геосаяси са­ладағы беделін жоғалта бастауымен тікелей байланыстырады.
Қазір демократтар елдің экономикасына орта тап пен тұрғындардың ауқатты бөлігіне салынатын салық­тың көлемін ұлғайту арқылы ғана дем беру керектігін айтады. Бұған қарсы көзқарас ұстанған респуб­ликашылар, әсіресе, партияның сол қанатындағылар сонымен бір мезгілде шығынды қысқартуды са­лық ставкаларын көтермей-ақ жа­сауға болады деп есептейді.
– Қазір президент Барак Оба­маның екі қолы да байлаулы. Елдегі қаржыға қатысты мәселелердің бәрі республикашылар қолында тұр. Қысқарту жөніндегі шаралар мәжбүрліктен болып отыр. АҚШ-тағы ішкі проблемаларға байланыс­ты туып отырған экономикалық өсімнің баяулай түсуі Штаттардың әлемдік деңгейдегі беделіне орасан зор нұқсан келтіреді, – дегенді өте бір сеніммен айтады Ресей ҒА Жалпы тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері Алек­сандр Петров. Сарапшы сонымен бірге, жақын аралықта бұл елдегі бүкіл мемлекеттік сектор қыз­меткерлерін, тіпті полицияны да жалақы қысқаруы күтіп тұрғанын алға тартады. Сол сияқты күш құрылымдарында қызметкерлердің бір бөлігін жұмыстан шығаруға да тура келеді. Өз кезегінде мұның қауіпсіздік саласында келеңсіз оқиғалардың кең етек алып кетуіне апарып соқтыруы мүмкін. Бұған дәлел де жоқ емес. Айталық, Иллинойс университетінде да­йын­далған арнайы баяндама де­ректеріне қарағанда, штаттық бірліктері қысқарып кеткеннен кейін Чикаго полициясында жемқорлық көбейіп, оның есептерінде қосып жазу деректері өсіп кеткен.
Секвестрдің қыспағына АҚШ-тың білім жүйесі де түсіп отыр. Жалпы, Америкада оқу бағасы өте қымбат тұрады. Сондықтан студенттердің көпшілігі білім кре­дитімен оқуға мәжбүр. Ал мемлекет тарапынан берілетін көмек онсыз да көп емес еді, енді тіпті бұрынғыдан да азаятын түрі бар.
– Гранттар мен стипендиялар қысқарады. Студенттердің аз ғана бөлігі көмек алатын болады. Сол көмектің көлемі де кеми түседі, – деп атап өтті Франклин Рузвельт атындағы АҚШ-ты зерттеу қорының директоры Юрий Рогулев.
Ал өткен жылы ғана АҚШ ха­­­­лықаралық қатынастары жө­нін­­­­­дегі кеңес баяндама жариялап, онда аналитиктер елдегі жо­ға­­ры білімге қол жеткізудің қи­ын­дығы мен мектептердегі білім дең­гейінің төмендігі Американың кең ауқымды экономикалық және сая­си көшбасшылығы рөліне үлкен қауіп төндіретіні жөнінде тұжырым жасаған екен.
Ерте ме, кеш пе, АҚШ билігінің әйтеуір бір жауап беруіне тура келетін тағы бір мәселе – елдегі иммигранттар санының біртіндеп ұлғайып бара жатқаны мен тұрғындардың ұлттық құрамының елеулі өзгеріске түсе бастауы. Америкалық демо­графтардың болжамы бойынша, XXI ғасырдың ортасына қарай ақ нәсілділер АҚШ-тың барлық тұрғындарының жартысынан сәл ғана асады. Ал афроамерикалықтар – 14, азиялықтар 8 пайызды құраса, Латын Америкасынан шыққандар 25 пайызға дейін өседі.
– Экономикалық проблемалардың әсерінен иммиграция толқыны бәсеңдей қоймайды. АҚШ-та «қай­налымы бір қазан» да болмайды. Айталық, латынамерикалықтар бұрынғысынша оқшау өмір сүреді. Олар өз кәсіпорындарын ашады. Онда тек өздерінің отандастарын жұмысқа алады. Испан тілді газеттер пайда болады. Іс жүзінде испан тілі кейбір штаттардағы екінші ресми тілге айналады, – деп санайды Юрий Рогулев.
Әлемдегі экономикасы бірінші саналып келген елде туындап жатқан қиындықтар бара-бара тіпті мұнда сепаратистік көңіл-күйлердің көрініс берулеріне де алып барады. Оның алғы шарттары қазірдің өзінде бар. Мәселен, 2012 жылы негізінен оңтүстіктен келгендер тұратын бір­неше штатта одақтан шығу үшін қол жиналған. Оларда тәуелсіздікті жақтаған әлденеше жүздеген адамдар бой көрсетті. Рас, бүгінде 315 млн. халқы бар мемлекеттің биігінен алып қарағанда, жоғарыдағы цифр­дың статистикалық жағынан түкке тұрғысыз болып көрінуі де мүмкін. Солай дей тұрғанмен, американист Юрий Рогулевтің пікірінше, федералдық бюджеттің қысқаруы Америка аймақтарының орталыққа қарсылығының жаңа толқынын туғызатынына да күмән келтіруге болмайды.

Әлемге төнген қауіп

Қазір АҚШ секвестрінің салқыны жер жүзіндегі барлық қуатты дамыған елдердің бәрінің үрейін алуда. Ол әлдеқандай құрдымға бастап алып баратын шынжырдың жұмыр басы сияқты. Осы ретте Columbia Business Shool профессоры Фредерик Мишкин АҚШ-тың қарыз дағдарысының сценарийін сызып шығып, жұрттың құтын одан бетер қашыра түсті. Оның пайымдауынша, егер саясатшыларға бюджет тапшылығын төмендетудің орайы келмейтін болса, онда 2018 жылы бұл дағдарыстың диірменіне Грекия түскен жолмен барып, топ етіп түсе қалмақшы. Сол кезде Федералды резерв жүйесіне «жабық дефолтты» жоғары инфляцияның көмегімен өткізу үшін долларды құрбандыққа шалуға тура келеді.
Мамандар шынында да қазір қарызға белшеден батқан АҚШ пен Жапония мемлекеттерінен басқа Еуропаның тағы бірқатар елдерінің қауіптің құрсауында тұрғанын ашық айтып отыр. Америка эконо­мистерінің жаңа теорияларына сәй­кес, ендігі жерде олар қарыз бен бюджет дағдарысынан ешқашан құтыла алмайды. Ал тәуекелшілдер тобына мемлекеттік қарыздары ішкі жалпы өнімінің 80 пайызынан асып кететін және ағымдағы есепшотында ұдайы тапшылық болып тұратын елдер кіреді. Бұл категорияға, мысалы, АҚШ, Германия, Франция секілді басқа да жоғары дамыған елдерді жатқызуға болады.
Аталмыш секвестрдің бір ел­дерді қуандырып, тағы бір елдерді қынжылтатын тағы бір мынадай жақтары бар. Айталық, АҚШ-тың мемлекеттік шығынының қысқаруы елдің Таяу Шығыстағы елдерге агрессиясының екпінін басқалы отыр. Себебі, АҚШ-тың әлемдегі экономикалық, саяси және әскери гегемониясын ұзақ жылдар бойы қамтамасыз етіп келген Пентагон да қысқартудың салқынын тартпақшы. Енді әскерилер техникаға беретін тапсырыстары көлемін амалсыз азайтады, жаңа қару жасап шығаруды тежеуілдей тұрады. Сөйткенмен, тағы бір сарапшылар АҚШ-тың өз әскери қуатын әлсіретіп алуға бара қоймайтынына бастарындағы бөріктеріндей сене­ді. Олардың айтуларынша, Вашингтонның қорғанысқа бөліп келген шығындарының орасан зор болғаны соншалықты, ендігі секвестр елдің әскери қуатына пәлендей әсер де бермесе керек.
– АҚШ-тың әскер шығындары әлемдегі барлық елдердің, соның ішінде Ресей мен Қытайдың жиынтықты әскери бюджетінен асып түседі. Осының салдарынан олардың қазіргі қысқартуларының өзі мұндағы жағдайды теңселтіп кететіндей көрініске жеткізбейді. Америка әскери қаруларды жасап шығаруда да әзірге алдына еш­кімді салып көрген емес. Ол бұл жағынан да жер шарының бар­­лық елдерін қосып есептегенде де алда тұр, – деген ойды тарқатады Ресейдің «Национальная оборона» журналының бас редакторы Игорь Коротченко.
Сонымен, күллі әлем Аме­ри­ка­­­дағы оқиғалардың әсерінен әрі-сәрі күйде тұр. Шамасы, жаһанның көптеген жұрты үшін секвестрден соңғы сергелдеңнің кезеңі енді басталатын сияқты. Бұл ретте сарапшылар оған қарсы қандай амал жасауға болатынын да болжауға кірісті. Әйткенмен, оның жалпыға ортақ рецепті тағы жоқ. «Жұрттың бәрі үшін қолдануға ұсынылатын жалғыз ғана рецепт бар, ол – үнемдеуге үй­рену», дейді экономист Михаил Хазин.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».