Руханият • 15 Шілде, 2019

Ауыл ажары қайтсе ашылады?

1270 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Бұл даланы анам жаспен суарған, Бұл далада атам қолға ту алған, Бұл далаға жылап келіп уанғам, Бұл даланы көріп алғаш қуанғам...» деп ұлы даламызды жыр дүлділі Қасым Аманжолов жырлаған еді. Осы қасиетті жерді жанын салып қорғаған бабалараға бүгінгі бар қазақ ұқсаса дейсің!

Ауыл ажары қайтсе ашылады?

Иә, өркениетті ел болу ниетіндеміз. Соған сай жұмысты жүйелі жүргізсек, сөзіміз ісімізде көрінсе, қазақ жері түлеп, кемі толып, кетігі бүтінделер еді. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы жағаласа келген жабайы жекешелендіру кезінде әлемдік нарық осылай деп, дамыған елдер қалада тұрады деп, қаншама ауылды қақыратып, үйіндіге айналдырдық. Қазір соның залалы мен зардабын тартудай-ақ тартып жатырмыз. Алақандай ауылда жер дауы өршіп тұр. Жалғыз сиырын жаяр жайылым таппай, жетектеп жүргендер де баршылық.

Сөзіміз жалаң болмасын, жақында теледидардан берілген ақпаратты дәйекке келтіре кетелік. Қазақ топырағында Ыбырай Алтынсарин үлгісін жалғаған ұстаз, «Қалың мал» романын жазған қаламгер Спандияр Көбеевтің атажұрты саналатын Ақсуат ауылының күйкі көрінісі жүректі сыздатты, миды шабақтады. 100 үйден 30 үй ғана қалыпты. Жастар урбандалу ұранымен қалаға кеткен. Кіндік қаным тамған жерден артық не бар деп қарттар ауылда қалыпты. Соның салдарынан биыл бастауыш сыныпқа баратын бала кем көрінеді. Заң талабы бойынша 5 оқушы болмаса, мектеп жұмыс істемейді.

Сол хабарда Шоқан Уәлихановтың Сары­көлінің де ұсқыны кетіп, Ахмет Байтұр­сынұлы тұрған үйдің де айдалада қалғаны айтылды. Бұл – ұлт ұлысын қадір тұтқан халыққа жарасатын тірлік болмаса керек.

Жақында Қызылжар өңірінде болдық. Ұлт жазушылары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов ауылына ат басын тірегенімізде, көңілге қаяу түсіретін мәселе мектептердегі оқушылардың аздығы болды. Онда да жастар ауылды тастап, қалаға ағылуда. Үлкендер жағы атамекеннен табан аударғылары жоқ. Оңтүстіктегі тығыз қоныстанған қандастар келер деген үміттерін үкілейді.

Техникасы мен технологиясы жетілген елдерде 100 адам атқаратын жұмысты санаулы адам атқаратынын білеміз. Бізге де ондай күн туар. Аз да болса оның үлгісі қазір де байқалады. Талпынып жатқандарды қолдап-қолпаштасақ ауыл қайта «тіріледі». Дегенмен, ондай үрдісте де халқымыздың әдемі әдетін, менталитетін, жер жағдайын ескергеніміз ләзім. Ұлан-байтақ даланы бос қалдырмаған бабаларымыздан қалған «Бос жер жау шақырады» деген сөз бар.  Алдымен жер иесі, ел иесі қазаққа керектігін түйсінсек ұтылмас едік.

Ауылды сақтаудың, тоздырмаудың жолы қандай дегенге айтар бірінші уәжіміз, кейінгі жас толқынды қалаға сабылудан құтқару. Иә, олардың санасына жоғары білімді маман болып шыққаннан кейін ауылына оралуды алсақ жетіп жатыр. Мұндай жұмыс кешегі кеңес за­манында жақсы жолға қойылған. Ауылдан шық­тық дейтін бүгінгі азаматтар сол жолдан өт­кендер. Осындай игілікті іс ауылдың тірегі сана­латын білім ұяларының тоқырауын тоқтатады.

Екінші мәселе, денсаулық мекемелерін «қорғап» қалу. Оны қорғай алмасақ, мұғалім мен дәрігерлер ауылдан қашуын жалғастыра береді.  Осындай идеядан туған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қандай нәтижемен аяқталғаны туралы ақпарат там-тұм.

Сол сияқты, ауыл шаруашылығы жұмыс істеуге талпынғандардың ниетін тасқа тигізбей, ынтасын ояту қажет. Өнім өндіріп отырған жұрттың өнімі делдалдардан, ұры-қарылардан, барымташылардан қорғалса, ол ауыл халқы үшін үлкен қолдау болар еді. 

Өкінішке қарай, ауылшаруашылық өнімдерін шикізат күйінде емес, өңдеп сату жағы әлі де кемшін. Бір мысал, елімізде жыл сайын 5 миллион тонна сүт өндірілсе, оның 27 пайызы ғана өңделеді. Соның кесірінен «жабайы» сүт саудасы қызып шыға келеді. Тіпті, шашыраған ауылды жерлердегі әр алуан тірлікті бірлестікке біріктіріп, арнайы кластер құрсақ ұтылмаймыз. Жеңіл өнеркәсіп тұралап тұр десе болғандай. Бұл саладағы отандық өнімдердің үлесі бар болғаны 10 пайызды құраса, 90 пайызы импорттық тауар.

Еңбек етпеймін деген қазақ жоқ. Оған кеңес дәуірінде еңбегімен танылғандардың талайды тамсандырғаны дәлел бола алады. Тек, ұйымдастырудағы жүйесіздік, табан ақы, маңдай тердің ақталмауы жұрттың жүйкесіне тиіп отыр. Шындығына келсек, ауылдың ақиқатын сол әкімдерден артық кім біледі? Ендігі жерде ондайлар ауыл мен аудан арасын шаңдатып жиналысқа барып, үнсіз отырып қайтудан құтылуы керек.

«Ауыл – алтын бесік» деп ұрандап қана қоймай, жұрт жұмылып ауыл деп көз шырымын алса, ауыл деп оянса, қазақ тірлігі қапы қалмас еді. Сонда ғана байтақ даламызға жан бітер еді. Жабайы нарық келмеске кетіп, уақыт талабына сай, әлемдік бәсекеге лайықты жұмыс салтанат құрса, импортты азайтып, экспортты өркендетіп, көңілдегі алаңнан құтылар едік.