Қазақстан • 15 Шілде, 2019

Жанға жылылық сыйлаған жүздесу

368 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпы ұлттық жобасы аясында «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында дәстүрлі «Әлем сіздермен мейірімді» қайырымдылық акциясы өтті.

Жанға жылылық сыйлаған жүздесу

Акция аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы этномәдени бірлестіктердің шығармашылық тобы елордадағы бұрынғы қарттар үйі, қазіргі әлеу­меттік қызмет көрсету орталығындағы қарт­тарға арнап концерт қойып, арнайы дастархан жайды. Онда мүмкіндігі шектеулі және түрлі қиын жағдайларға тап болған адамдар тұрады. Қоғам тарапынан оларға мейірім шуағы мен жүрек жылуын сыйлау әрдайым маңызды. «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Ардақ Сейітованың айтуынша қарттарға мұндай құрмет мемлекеттік мекемелер, жеке компаниялар және балабақшалар тарапынан жиі көрсетіліп тұрады екен. «Олар осы кісілердің көңілін көтеріп, қаланың сыртындағы демалыс орындарына да шақырып отырады», дейді ол.

Қарттармен жылы жүздесуде сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова іс-шараның бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсетіп, үлкендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлауды көздейтінін атап өтті. Кездесуге келген «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұралы Айдашев «сіздердің араларыңызда Қазақ­станды құруға атсалысқан құрметті азаматтар бар. Өмірлеріңіз – Отанға қызмет етудің үлгісі. Сондықтан өздеріңізге тек басымды иіп, рахмет айтамын. Барлықтарыңызды Достық үйінде ашылған «Аналар аманаты» көрмесіне шақырамын», деді.

ҚХА ұйытқы болған қайырымдылық іс-шарасы жыл сайын жалғасын тауып келеді. Кездесу соңында ұйымдастырушылар қарттарға түрлі сыйлықтар тарту етті.