Үкімет басшысының айтуынша, өсімнің қозғаушы күштері негізінен өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы салалары.
«Өңдеуші өнеркәсіптегі 3,4% деңгейіндегі өсім негізінен машина жасау, мұнай өңдеу, түсті металлургия, фармацевтика және тағы да басқа салалардың есебінен қамтамасыз етілді», деді Үкімет басшысы.
Асқар Маминнің айтуынша, тау-кен өнеркәсібі 2,1% өсті, алайда көмір өндіру, сыртқы сұраныстың азаюына байланысты 5,1% төмендеді. Мұнай өндіру, Қашаған жобасындағы жөндеу жұмыстарымен байланысты – 2% азайды. Жалпы, жыл басынан бері 14 өңірде өнеркәсіптің өсуі қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар Үкімет басшысы егізгі капиталға инвестициялар 11,7% ұлғайды, оның ішінде жеке инвестициялар – 13% өскенін айтты.
«Бұл көрсеткіштер Қызылорда, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары. Ал Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында және Маңғыстау облысында бұл көрсеткіштер төмендеп отыр. Құрылыс қарқыны Қызылорда, Қарағанды және Атырау облыстарында жоғары. Бірақ, 4 өңірде өсім қамтамасыз етілмеген. Бұл - Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары. Сыртқы сауда айналымы 5 айдың ішінде 3,3 % артып, 37,2 млрд. долларға дейін өсті. Мемлекеттік бюджет кірісі осы жылдың 6 айында 4 трлн. 379 млрд. теңгеге атқарылды, бұл жоспардан 148 млрд. теңгеге артық. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 730 млрд.теңгеге немесе 20 % артып отыр. Мемлекеттік бюджет шығыстары осы жылғы 1 шілдеге дейін 6 трлн. 342 млрд.теңге немесе жоспардың 99,6% құрады. Инфляция деңгейі жыл басынан бері 2,6%, ал жылдық мәнде – 5,4 % құрады» деді А.Мамин.
Сондай-ақ ол елдегі еңбек нарығы тұрақты екенін айтты. «Биылғы жылдың бірінші жарты жылда жұмыссыздық деңгейі 4,8 % құрады. 186 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 126 мыңы – тұрақты» деді ол.