Жұптары жарасқан
Сейсенбі, 12 наурыз 2013 6:43
Омаровтардың ұйымшыл әулетін бұл өңірдің жұртшылығы жақсы біледі. Олар «Қазақмыс» компаниясына қарасты Батыс Жезқазған кенішінің № 73 шахтасында еңбек етіп ел игілігін еселеуге үлестерін қосып жүр. Қашанда жұмылып жұмыс істеуді дәстүрге айналдырған ағайынды Омаровтардың алған асулары мен жеткен жетістіктері көпке өнеге. Бақытын еңбектен тапқан олардың жан дүниелері де таза. Шырайлы жүздерінен мейірім шуағы төгіліп, ізгіліктің лебі есіп тұрады. Келбеттеріне қарасаң, көз тояды. Сөйлесе қалсаң, жылы сөздерімен баурап алады.
Сейсенбі, 12 наурыз 2013 6:43
Омаровтардың ұйымшыл әулетін бұл өңірдің жұртшылығы жақсы біледі. Олар «Қазақмыс» компаниясына қарасты Батыс Жезқазған кенішінің № 73 шахтасында еңбек етіп ел игілігін еселеуге үлестерін қосып жүр. Қашанда жұмылып жұмыс істеуді дәстүрге айналдырған ағайынды Омаровтардың алған асулары мен жеткен жетістіктері көпке өнеге. Бақытын еңбектен тапқан олардың жан дүниелері де таза. Шырайлы жүздерінен мейірім шуағы төгіліп, ізгіліктің лебі есіп тұрады. Келбеттеріне қарасаң, көз тояды. Сөйлесе қалсаң, жылы сөздерімен баурап алады.
Алдымен әңгімелесу реті № 35 өндіру учаскесінің бастығы Ермек Омаровқа түсті. Ермек Марсұлы өз тағдырын кен өндіру өнеркәсібімен тығыз байланыстырғанына өте риза. Өйткені, бір кезде атасы да, одан кейін әкесі де осындағы шахтада кен қопарып қажыр-қайрат танытыпты. С.Сейфуллин атындағы гимназияны бітірген Ермек енді жоғары білім алуды ұйғарып, Жезқазған мемлекеттік университетінің табалдырығын аттады. Оқуды ойдағыдай аяқтап, кен инженері мамандығын алып шықты. Сөйтіп, еңбек жолын Батыс кенішіндегі қопарушылар тобында үйренуші болып бастады. Зымыраған уақыт. Арада он бір жыл өтті. Міне, содан бері осында табан аудармай жұмыс істеп келеді. Әрине, бастапқыда бәрі оңай болған жоқ. Қиындық та кездесті. Осындай сәттерде тәлімгері Александр Ким қамқорлығын аямады. Көп жыл бойы жинақтаған бай тәжірибесін шәкіртіне үйретуден жалықпады. Жастайынан зерек жігіт жұмыстың қыр-сырына әбден қанығып, білікті маманға айналды. Жарқын болашаққа жол ашылды. Учаске бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Жауапкершілік жүгі ауырлады. Мұны жете түсінген ол жүктелген міндетті мінсіз атқаруды басты мақсат етіп қойды. Ізденіс пен іскерлік қатар жүргенде ғана жетістікке жол ашылатыны анық екен. Қызмет баспалдағы тағы да биіктеді.
– Тапсырылған жұмысты тап-тұйнақтай орындауды алғашқы күннен-ақ дағдыға айналдырдым. Іске жүрдім-бардым қарау қиянат. Өндірісте тәртіптіліктің орнығуына біраз күш жұмсадым. Соның нәтижесінде еңбек өнімділігі өсіп, белгілеген межеден үнемі шығып жүрміз, – дейді Ермек Омаров. – Біздің ұжымдағы бұрғылау қондырғыларының бесаспап жетекшілері Қайрат Байысов пен Бақтияр Жаналинов тәрізді тарландардың еңбектерін ерекше бағалаған жөн. Өндірісті өрге сүйреп жүргендер де міне осы азаматтар. Ал шахта бастығы Руслан Елкеевтің жалпы жүргізіп отырған жұмысын бөле-жара айтуға болады. Ол өндірісте кездесетін кез келген күрделі мәселе түйінін шеберлікпен шешеді.
Ермек Омаровтың өзі де сый-сияпаттан құралақан емес. Әлденеше рет түрлі деңгейдегі құрмет грамоталарымен марапатталды. Ермек Марсұлының мұндай биіктерге қол жеткізуіне зайыбы Құралайдың да көмегі көп тиді. Омаровтардың бақытты отбасында желкілдеп үш бала өсіп келеді. Қызы Камила, ұлдары Әлихан мен Мирас тату-тәтті шаңырақтың көзайымы. Жайдары мінезді Құралайдың қамқорлығының арқасында Ермек Омаров осындай дәрежеге көтеріліп отыр.
Ермектің туған ағасы Еркен Омаровтың Батыс Жезқазған кенішінде жұмыс істегеніне бірнеше айдың жүзі толыпты. Ол бұған дейін Шығыс Жезқазған кенішінде кен қопарған екен. 1998 жылы мектепті бітірісімен бірден жұмысқа орналасыпты. Еркен Марсұлы кеніштің №57 шахтасында қайнаған жұмыстың ортасында жүріп мол тәжірибе жинақтаған. Алдымен қопарғыш материалдарды жеткізуші болып істеген. Содан кейін қопарушы ретінде талай қауіпті жұмыстың ортасында жүріпті. Кейінірек кәсібін өзгертіп, электровоз машинисі болады. Майталман маманның еңбегі еленіп, 2011 жылы Жезқазған қаласының Кеншілер алаңында орын тепкен мәдениет үйіне тақау жердегі Құрмет тақтасына суреті ілініпті.
– Маған Батыс Жезқазған кенішінің №73 шахтасына жұмысқа ауысуыма қайын атам Хамит Бекежанов кеңес берді, – деп әңгімесін одан әрі жалғастырды Еркен Омаров. – Мен бұған қуана келістім. Қазір электровоз машинистерінің бригадирімін.
Еркен Марсұлы жүріп өткен еңбек жолын Олег Чернышовпен, Александр Петренкомен, Александр Таратынкинмен тікелей байланыстырады. Себебі, аталған азаматтар жастарға қамқорлық көрсетіп, көп нәрсеге баулыды. Еркен осы кісілерге әлі күнге алғысын жаудырады.
– Егер де қарамағыңда қызмет істейтін адамдармен ортақ тіл таппасаң, алғашқы кезекте өзіңе де қиын болары сөзсіз, – дейді Еркен Омаров. – Сондықтан да бүкіл ұжымның қолдауына сүйеніп, істі байыппен шешкен абзал. Менің қарамағымда бес адам еңбек етеді. Олардың ішінде, әсіресе, ауысым шебері Андрей Шороховтың орны бөлек. Андреймен кеңесудің өзі бір ғанибет. Әзірге бригадамыз ескі техникамен жұмыс істеп жүр. Таяудағы уақытта біздің №40 рельс учаскесі техникалық қайта жарақтандырудан өтеді деп сенемін.
Еркен Марсұлының еңбектегі жетістігін әйелі Ақторғын, ұлы Қуаныш, қызы Шахида мақтаныш тұтады. Ал осыдан үш ай бұрын кенже қызы Айжер дүниеге келіп, қуаныштарын одан әрі асқақтатты.
Серік Омаров – ағайынды үшеудің ең кенжесі. Ол да жастайынан өз өмірін шахтадағы жерасты жұмыстарымен байланыстыруды ұйғарыпты. №27 мектептің он бірінші сыныбын тәмамдап кәсіби-техникалық училищеге жол тартты. Ондағы мақсаты бұрғылау қондырғысының машинисі әрі бұрғылаушының көмекшісі мамандығын алу еді. Ол Батыс Жезқазған кенішіне жұмысқа тұрмастан бұрын электр слесарьларын дайындайтын қысқа мерзімді курстан да өтіп алды.
– Мен №73 шахтаға 2002 жылы жұмысқа орналастым, – дейді Серік Марсұлы. – Алғашқыда TORO-сервисте слесарь болып еңбек еттім, содан кейін монтаждау учаскесіне электрслесарь-монтаждаушы болып ауыстым. Бұрын ожауы бар техникаға қызмет көрсетсем, қазір сорғылардың қалыпты жұмыс істеуін қадағалаймын. Мамандығым өзіме ұнайды. Ара-тұра кездесіп қалатын қиындықтарды сырттан көмек сұрамай-ақ еңсеріп тастаймын.
TORO-сервисте қызмет істеп жүрген кезінде-ақ талай мәрте мадақталды. Еңбексүйгіштігімен көптің көзіне түсіп, алғысқа кенеліп жүрді.
– Мен әлі де ізденіс үстіндемін. Өз саламның мәнісі мен мағынасына терең бойлауды әдетке айналдырдым. Соның нәтижесінде тәжірибе жинақтап, кәсібімді ширата түстім. Тапсырылған міндетті абыроймен атқарсаң, марапаттың өзі іздеп келері шүбәсіз. Ең бастысы – жұмысқа адалдық таныту керек, – дейді Серік.
Қарбаласқа толы кезекті жұмыстан кейін Серік Омаров үйіне асығады. Өйткені, отағасын зайыбы Оксана дастарқанын жайып, ал қызы Дарина мен ұлдары Данил және Данияр қуанып тосады.
– Өз үйім – өлең төсегім, – деп жымияды Серік Марсұлы.
Ағайынды Еркен, Ермек және Серік Омаровтар қарындастары Меруертті қадірлеп құрмет тұтады. Ағалары тәрізді Меруерт те Батыс Жезқазған кенішіндегі №73 шахтаның қызметкері. Қазір ол декретті демалыста.
– Сәтбаев қаласындағы орта мектептің 11-ші сыныбын бітіргеннен кейін Қазақстан-Ресей қазіргі заманғы гуманитарлық университетіне информатика мамандығы бойынша оқуға түсуге құжат тапсырдым, – дейді Меруерт. – Алайда оқуды аяқтаған соң №55 шахтада жұмыс істеуге бел будым. Сөйтіп, жарық түсіруші болып орналастым.
Меруерт Омарова өз кәсібінің қыр-сырын жетік меңгеруге мамандандырылған курста оқып қол жеткізді. Меруерттің толысуына Наталья Беккер бай тәжірибесімен бөлісіп, білігін ұштады. Дегенмен, өмір бір орнында тұрмайды. Өзгерістер болып жататыны белгілі.
– Мен қашанда адамдармен арқа-жарқа араласуды ұнатамын. Әрі жұмыс орнымды өзгертуді ұйғардым, – дейді Меруерт. – Сонымен, №73 шахтаға ауысып, жанар-жағармай таратушы оператор тізгінін ұстадым. Маған бұл жұмыста Жұмакүл Айтбаеваның шарапаты көп тиді.
Меруерт қазір жұбайы Алматпен бірге Аружан және Айжан есімді қос қызын тәрбиелеп, қызықтарына қанып жүр. Таяуда сүйікті жұмысына оралмақ.
Сәтбаев – кеншілер қаласы, ал Жезқазған – металлургтер қаласы. Жалпы алғанда, өңірде Омаровтар секілді ондаған тату-тәтті еңбек әулеттері бар. Олардың аталары мен әкелері кезінде Жезқазған өңірінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлестерін қосқаны шүбәсіз. Қос қаланың қалыптасуына сіңірген еңбектері ерекше. Міне, қазіргі таңда сол саңлақтардың ұрпақтары кеншілердің даңқты дәстүрін лайықты жалғастыруда. Жұптары жарасып, атакәсіп сабақтастығын үзбеген ағайынды Омаровтардың бүгінгі қажырлы еңбектері соның нақты куәсі.
Светлана ГУМБОЛЬДТ.
Қарағанды облысы,
Сәтбаев қаласы.
––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Әлина ЖҰМАШЕВА.