Жер түгендеу қалай жүзеге асуда?
Сейсенбі, 12 наурыз 2013 6:53
Астана қаласында халықтың тұрмыс жағдайын нығайтып, әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды жүзеге асыру үшін бөлінген жер телімдерінің жай-күйі қалай? Бұл жөніндегі бақылау-қадағалау жұмыстары қалай жүзеге асуда? Елбасының жерге қатысты берген тапсырмалары мен Үкімет шешімдері қалай орындалуда? Осы сұрақтарға жауап іздеп, «Астана қаласы бойынша аумақтық жер инспекциясы» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары Серік Жаубасовты әңгімеге тарттық.
Сейсенбі, 12 наурыз 2013 6:53
Астана қаласында халықтың тұрмыс жағдайын нығайтып, әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды жүзеге асыру үшін бөлінген жер телімдерінің жай-күйі қалай? Бұл жөніндегі бақылау-қадағалау жұмыстары қалай жүзеге асуда? Елбасының жерге қатысты берген тапсырмалары мен Үкімет шешімдері қалай орындалуда? Осы сұрақтарға жауап іздеп, «Астана қаласы бойынша аумақтық жер инспекциясы» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары Серік Жаубасовты әңгімеге тарттық.
– Серік Жанатұлы, ең алдымен өз жұмыстарыңызға қатысты өткен жылдың негізгі қорытындыларына тоқтала кетсеңіз.
– Астана қаласы бойынша аумақтық жер инспекциясы өз құзыретінің шегінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
Осы бойынша 2012 жылы атқарылған істерді ортаға салатын болсақ, инспекция жер телімдерінің пайдаланылуына бақылау-тексеру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде жиыны 1500 гектар жер аумағында 700 заң бұзушылық фактілерінің орын алғандығын анықтады. Осы орын алған заң бұзушылықтарға байланысты істі қайтадан қалпына келтіру мақсатында жазбаша түрде 25 ескерту берілді. Мұның сыртында 430 заң бұзушылық фактісіне жол берген жауапты адамдарға жиыны 30 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Салынған айыппұлдың 25 млн. теңгесі заң бұзушының есебінен ерікті түрде өндіріліп алынса, кейбір жағдайда заң талабын орындаудан бас тартушылар да табылды. Осыған орай 5 млн. теңгенің айыппұлын мәжбүрлеп өндіру үшін іс сот орындаушыларына жолданды.
Инспекция ұжымы қазіргі күні басшымыз Ербатыр Ахметовтің жетекшілігімен аталған бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруда.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың 17 сәуірінде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жөнінде тапсырма берген болатын. Ол тапсырма қалай орындалды?
– Ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу бойынша жұмыстарға келетін болсақ, бұл іс сәтімен жүзеге асты деп айтуға болады. Негізінен алғанда бұл жұмыстармен жергілікті билік басшылары тікелей шұғылданды, ал агенттік болса осы жұмыстарды жүзеге асырудың ортақ тәртібін белгіледі және олардың орындалу барысын қадағалап отырды.
Осы ретте біздің инспекция жергілікті атқарушы органмен Елбасы тапсырмасын орындауды жеделдету үшін ынтымақтаса отырып жұмыс істеп, қала аумағындағы пайдаланылмай келе жатқан жер телімдерін біржақты тәртіппен жалға беру шартын бұзу арқылы соттан тыс жолмен қайтару шараларына көбірек қолдау білдіріп, осы бағыттағы бақылау жұмыстарын үнемі назарда ұстады. Сондай-ақ бос жатқан жерлерді иесіз мүлік ретінде есепке алу жұмыстарын жеделдету жөнінде тиісті ұйымдарға хаттар жөнелтіп отырды.
Нәтижесінде, тиісті шаралар қолданылып, пайдаланылмайтын жер телімдерін қайтару мен оларды иесіз мүлік ретінде есепке алу жұмысы жеделдетілді.
2011 жылғы 27 маусымда Астана қаласы әкімінің өкімі негізінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тексеріс жүргізу және түгендеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған болатын.
Осы топтың бастамашылдығымен Астана қаласының аумағындағы ауыл шаруашылығына арналған 20,1 мың гектар жерді тексеру барысында жиыны 231 жер телімін құрайтын 18,4 мың гектар жердің пайдаланылмай отырғандығы анықталды. Соның нәтижесінде бұлардың 5,8 мың гектарды құрайтын 105 телімі мемлекет меншігіне қайтарып алынды. Соның ішінде 4,6 мың гектар жер бұрын жасалынған жалгерлік келісім-шарттарды бұзу арқылы алынса, 1,2 мың гектар жер иесіз мүлік ретінде есепке алынды.
Аталған іс бойынша кейбір мәселелер сот араласуымен шешіліп жатса, ал енді бір материалдар анықталған жерлерді қайтадан есепке алу үшін Астана қаласының Әділет департаментіне жолданды.
Сондай-ақ Астана қаласы бойынша аумақтық жер инспекциясы жеке меншік құқығындағы жалпы ауданы 6,7 мың гектарды қамтитын 126 ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімі бойынша заң тәртібінің бұзылғандығын анықтап, тиісті шаралар қолданды. Соның ішінде 60 жер телімі бойынша бақылау-тексеру жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде пайдаланбай жатқан жер телімдері сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылды.
– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлерімен қатар, 2012 жылдың 27 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғын үй салуға арналған жерлерге де түгендеу жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырмалар берген болатын. Ол тапсырмалар қалай орындалуда?
– Бұл жұмысқа қатысты айтарымыз,жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған жер телімдерін түгендеу жұмыстарын талапқа сәйкес және белгіленген уақытта жүзеге асыру үшін ең алдымен тиісті іс-шаралар жоспары жасалып, оны орындайтын жауапты адамдар белгіленді. Сол жоспарға сәйкес Астана қаласы бойынша жалпы ауданы 42 гектарды құрайтын 29,4 мың гектар жер телімі түгендеуге жатқызылды. Астана қаласы әкімінің шешімімен жұмыс тобы құрылды.
Аталған мақсаттағы жүргізілген тексерулердің барысында көптеген кемшіліктер анықталып, оларды жою жөнінде шаралар белгіленді. Мәселен, жұмыс тобы 405 жер телімі бойынша тиісті шара қолдану үшін олардың материалдарын біздің инспекцияға жолдаған еді. Осыларға байланысты мынадай шаралар қабылданды:
Азаматтар өз бетімен басып алған жалпы көлемі 1,3 гектарды құрайтын 25 жер телімі бойынша 2,6 млн. теңгенің айыппұлы салынып, жер телімдері қайтарылды;
Сонымен қатар, көлемі 2 гектардан астам 80 жер телімінің нысаналы мақсатына сай пайдаланбай немесе басқа мақсаттарға пайдаланылып отырғандығы анықталды. Осыған байланысты жаза қолдану мақсатында олардың иелеріне 984 мың теңгенің айыппұлы салынып, егер жағдайды дереу түзетпесе, бұл жер телімдерінің алынып қойылатындығы ескертілді.
177 жер телімі бойынша анықталған кемшіліктерге байланысты ҚР Жер кодексінің 94-бабының талабы бойынша ол жерлердің иелеріне жазбаша түрде ескертулер берілді. Кемшіліктер түзетілгенше бұлардың барлығы бақылауда болады. Сөйтіп, 2013 жылы оларға қайтадан бақылау-тексеру жұмыстары жүргізіледі.
– Сіз жоғарыда жер телімдерін заңсыз басып алу фактілерінің орын алғандығы туралы айтып кеттіңіз. Осы бойынша жұмыстарға бақылау қалай жүзеге асырылады?
– Астана қаласы бойынша жер заңнамасын бұзудың ең өрескел түрі ол жер телімдерін өз бетімен заңсыз басып алу болып табылады.
Ағымдағы жылы жер телімдерін өз еркімен заңсыз басып алудың 264 фактісі анықталды.
Мемлекет құзырындағы жер телімдерін өз еркімен заңсыз басып алу фактілері бойынша барлығы 28 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол барлық салынған айыппұлдардың 92 пайызын құрайды. Яғни, бұдан жерді өз бетімен заңсыз басып алудың айыппұлы да ауыр екендігін байқауға болады.
Оның үстіне аталған фактілер бойынша басып алынған жерлерді босату жөнінде тиісті нұсқаулар да берілді. Тіпті оған болмаған жағдайда сот шешімі арқылы күштеу шаралары да қолданылатын болады.
Бақылау тексерістерінің қорытындысы бойынша 127-ден астам заң бұзушылық фактілері анықталып, Қазақстан Республикасының тиісті заңнамасына сәйкес Астана қаласы Жер қатынастары басқармасына сотқа жүгіну арқылы аталған жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтарып алу жөнінде ұсыныстар жолданды.
Жер заңдылықтарын сақтауға қатысты мәселелер бойынша біздің инспекция Астана қаласы Жер қатынастары басқармасымен, мемлекеттік құқық қорғау органдарымен, Астана қаласының үш аудандық әкімдіктерімен бірлесе отырып жұмыс істеуде. Осы органдардың қатысуымен жерді өз еркімен басып алудың алдын алу жөнінде жұмыс топтары да құрылды. Ол топтар тиісті іс-шаралар бойынша жұмыстар жүргізуде.
– 2012 жылғы 11 сәуірде Астана қаласын одан әрі орнықты дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысының қаладағы коммерциялық мақсаттағы құрылыстарды жүргізу үшін жеке меншікке тапсырылған жер телімдеріне тексеру жүргізіп, олардың жағдайына талдау жасай отырып, игерілмей жатқандарын анықтап, мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тиісті мекемелерге тапсырма бергені белгілі. Осы тапсырма қалай орындалуда?
– Елбасы тапсырмасына байланысты біздің инспекция өз тарапынан коммерциялық құрылыс нысандарын салуға арналған жалпы ауданы 1567 гектар болатын 321 пайдаланбай жатқан жер телімі бар екендігін анықтады.
Соның ішінде коммерциялық құрылыс нысандарын салуға арналған 199 жер телімінің 85-інде сату-сатып алу операциялары арқылы иелерінің өзгергені анықталды. Ал 28 жер телімінің игеру уақыты әлі өтпеген болып шықты.
Жағдайды ретке келтіру үшін Астана қаласының прокуратурасымен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. Аталған істегі заңдылықты нығайту мақсатында Астана қаласының прокуратурасында тиісті жұмыс тобы құрылды.
Жоғарыда аталған нысандар бойынша олардың иелерінің барлығына жазбаша түрде тиісті ескерту жасалып, құрылысы аяқталмағандарының барлығы бақылауға алынды. Осы мақсаттағы тексеру жұмыстары биыл тағы жалғасады. Ескертуден қорытынды шығармаған коммерциялық құрылымдардан жер телімдері қайтадан мемлекет меншігіне алынатын болады. Әрине, бұл мәселе жөніндегі шешімдер тиісті орындармен бірлесіп қабылданатындығын айтуымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».