Қоғам • 16 Шілде, 2019

Сейіт Жақыпов: Қазақтың жаны қара домбырада

967 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Күнделікті мақала жазу қамымен компьютер экранының ішіне еніп кетердей болып отырған біздің назарымызды кабинетке жарқын амандаса кірген жасы шамамен алпысты алқалап қалған азаматтың жағымды қоңыр үні өзіне еріксіз аударған. Иығына ілген домбырасы және бар. Соған қарап өнердің маңайында жүрген адам екенін бірден аңғарғандайсың.

Сейіт Жақыпов:  Қазақтың жаны  қара домбырада

Осылай деп ой қорытып үл­гер­генімізше болған жоқ, аға да көп күттірмеді, бірден ақ­тары­ла жөнелді. Алғаш көріп тұр­­сақ та, бұрыннан таныс адам­дарша әңгімесін бастап кет­­кен бейта­ныс қонақтың сөз сап­­­тасы кә­нігі қала қазағының күн­­де­лік­ті тіл қолданысына мүл­­дем ұқсамайды. Аузынан түй­дек-түйдек болып маржан­дай төгіл­­ген әр тіркесінен қай­ма­ғы бұ­зылмаған тап-таза қазақ­­­тың құнарлы да бай тілі ер­неуі­­­нен асып құйылып жатыр. Ағаны тоқтатпай, сөйлете бер­гің келеді.

– Өзбекстанда Сырдария мен Әмударияның ортасын ала жай­лаған Тәуелібай деген таби­ғаты да, халқының болмысы да ерек­ше өлке бар. Ерекше дей­ті­нім, жерінің бір жағы тау болса, келесі бөлігі қырат, Қызыл­құм болып келеді. Міне, сол жер­дің Тамды деген елді ме­кенін­де туып-өстім. Аты-жөнім – Сейіт Құ­лым­бетұлы Жақыпов. Жыр­шылық пен термешілікті серік етіп келе жатқаныма 40 жылға жуықтады, – деп әңгімесінің әлқиссасын өзін таныстырудан бастаған мейман сөзін әрі қарай жалғады:

– Тамдыны өздеріңіз де жақ­сы білесіздер. Өткен ғасыр­дың орта шенінде қазақтың бір­туар ұлы, композитор Шәмші Қал­даяқов осы Тәуелібай жеріне келіп тебіреніп, әйгілі «Тамды аруы» әнін шығарған. Сол секіл­ді Алаштың аймаңдай ба­тыр перзенті Бауыржан Мо­мыш­ұлы да 1976 жылы Там­ды топырағына табанын тигі­зіп тұрып: «Мен өзім көрген қай­мағы бұзылмаған тай тұя­ғын­дай ғана нағыз қазақ бар. Ол да болса Тамдыда екен»,  деп қатты әсерленіп қайтқан. Ас­қар Тоқпанов, Асқар Тоқма­ғам­бетов, Қадыр Мырза-Әлілердің де шығармашылық шабытына шырақ болған тамаша мекен ғой бұл Тамды! Осындай әдет-ғұрып, салт-сана, бастысы қазақ­тың қаймағы бұзылмаған қа­лы­бын әлі күнге дейін ұйытып сақтап келе жатқан өлкенің бір перзентіміз. Сол үшін де Аллаға мың да бір тәубе деймін, – деді мейманымыз зор мақтанышпен марқая тіл қатып.

Иә, жастайынан жыршы-жыраулардың жыр-термелерін құлағына құйып өскен Сейіт Құлымбетұлының үні мен кесек тұрпаты ғана емес, бар болмысы қазақы кеңдік пен мәрт мінезге тұ­нып тұр. Бір құрсақтан тара­ған он жеті ағайынның ішінде жалғыз бір өзіне өнер қонып, «бис­смиллә» деп қолына қа­сиетті домбыраны ұстапты. Кең даладан шабыт алып ер жет­кен жыршының ұстазы да сол – алып дала, жусанның иісі, тау мен құмның мінезі екен.

– Өнер маған шешем жақ­тан дарыды ғой деп ойлаймын. Нағашы атам мен әжем де, анам да әнді тамаша айтушы еді. Му­зы­калық аспаптарда, әсіресе дом­бы­рада жақсы ойнайтын. Одан бөлек, бала күнімнен ауыл­дағы көненің көзін көрген жыр­шы-жыраулардың ән-жырын тыңдап, құлағыма құйып өстім. Тіпті әкем мен анамның өнер қон­сын деп ырымдап, туған кезім­де Шымкентке арнайы әкел­іп, Көкбай жырауға аузыма түкірт­кені бар. Сондықтан өнер­де алдын көріп, тәлім алған тіке­лей ұстазым болмағанымен, өзім­ді сол Көпбай Омаров ақын­­ның шәкірті санаймын. Жал­пы, мен қараша тіршілік кеш­кен қарапайым отбасында тәрбие­лен­дім. Әкем де, анам да шопан болды. Шешем 17 құрсақ көтерген кісі. Бүгінде соның 8-і қалды. Сол ағайындарымның ішінде өнерге жақыны да, бас­қаларға ұқсамайтын қиялилауы мен болдым. Ән мен жырға деген ерекше қызығушылығым мектеп жасымнан байқала бастады. Домбыра мен гитара ас­пап­тарына қатты аңсарым ау­ды. Шамамен 6-7 сыныпта оқи­тын кезім болса керек, ата-анама қолғабыс етіп, қой бағу­ға өріске шығатынмын. Сон­да отар-отар қойды иіріп қойып, қо­лыма домбырамды алып кең далада айқайлап ән салатын­мын, құлаш-құлаш дас­тан­дар­ды жаттайтынмын. Тер­ме мен жырды да нақышына кел­ті­­ріп жырлауды сол шетсіз-шекс­із иен даладан үйрендім. Тәуелі­байдың қызыл құмы мен қырат даласы жаныма шабыт құйып, ғұмырлық ұстазым бол­ды десем титтей де жалған айтқан­ды­ғым емес. Одан кейін әрине біз­дің елде небір дүлдүл жыршылар өткен ғой. Сол дана қа­рия­лардың есті сөзі мен өрелі өнерін құлағыма құйып, ұлт­тық ән-жырларымыздың уызы­на қанып ержеттім. Балқы Ба­зар, Өтеп жыраулардың, Тұр­ма­­ғам­­­бет, Құтбай мен Нартай ақын­­дардың өнері мен үшін ғұ­мыр­­лық тағылым болды, – деп әңгі­месін әрі қарай жалғады жыршы.

Осылай деп балалық шағы мен жас күнінен сыр тарқатқан өнер иесі алыстан атажұртына өзімен бірге көтеріп келген қара дом­бырасын қолына алып, жыр мен терменің тиегін ағыт­ты. Бізге тамдылық жыршы Қа­йып­назар Шотбасовтың «Там­ды-тарих» толғауын жырлап берді. Көмейге қонақтаған күм­бір үн бірден жан дүниеңе құ­йы­лып, көңіл қатпарларын қоз­ғап, ғаламат бір сезімге бө­лейді. Жыршы үнімен бірге біз отыр­ған бөлмеге қаймағы бұ­зыл­ма­ған қазақтың көне сарыны қайта оралғандай қатты тол­қыдық. Ойлы сөз бен тағылым­ды мақам бірден өзіне баурап ала жөнелді.

– Домбыра үнінде қазақтың жаны, жалпы ұлттық сарынымыз сайрап жатыр ғой. Жыр­дың қуаты өте күшті. Қапа болған жаныңды жұбатып, шаттанған кө­ңі­ліңе қуаныш үстейді. Енді бірде сырласыңа айналса, тіп­ті кейде бар қайғыңды ұмыт­ты­рып жіберетін де құдіретке ие. Сондықтан да шығар, ата­жұртымды сағынып, туған то­пы­рағымды аңсаған кезде осылай қолыма домбырамды алып, қазақтың әйгілі «Жоямерген», «Құралай сұлу» сынды дастандарын оңашада отырып төгіп-төгіп аламын. Өйткені қазір заман басқа. Мұндай ұзақ жырларды сіңіруге бүгінгі тың­­дар­манның төзімі жете бер­мейді. Ғаламтор жүйесі де көп­ші­лік арасына дендеп еніп кетіп, әсіресе жастарымыз қазір дом­бы­раны көп тыңдамайды. Тер­ме­леріміз де эстрадаға өтіп кетті. Сон­дықтан көпшілікке арнап тек үзінділер орындаймын. Оның үстіне, негізгі қызметім өнер емес, өндіріс саласында бол­ған соң, ауыр жұмыс күні­нен кейін түнұзақ терме айтып, жыр толғауға күшім де жетпей қалады. Көп айтылмаған соң, сағаттап жырлайтын дас­тан­дар­дың көпшілігін ұмытып қал­ғаным және бар. Әрине арасын­да халықтың сұрауы бойынша жиын-тойларда жырлап тұрамын ғой. Бірақ бұрынғыдай жиі емес, – деп жыршы күрсіне алысқа көз тікті.

Иә, «Алтын қылыш қын тү­бінде жатпайды» дейді қазақ. Кө­ңіл шын құласа, өмір бойы құ­рылыс саласында қызмет етіп жүріп те бойдағы өнерге, қа­сиет­ті домбыраға деген адалдық пен махаббатты дәл осылай сақ­тап қалуға болады екен. Арнайы кәсіби білім алып, консерваторияны тауыспаса да, Сейіт Құлымбетұлының көкірегіне ұя­лаған ән мен жырға деген шек­сіз сүйіспеншілік өнер деген кәсіптен бұрын, ең әуелі жү­рек­тің ісі екендігін айқын сезін­дір­гендей. Әңгімеміздің соңында жыршы ағамыз көңіл түкпіріндегі арман-тілегін де жеткізді.

– Міне, атажұртқа табанымыз тиіп, жаңа астанамыздың қарасаң көз тояр әсем келбетіне куә болып, марқайып отырған жайымыз бар. Көкіректі керемет бір мақтаныш сезімі кернейді екен мұндайда. Қапелімде оны сөзбен айтып жеткізе алмас­пын. Бірақ осындай береке мен бір­лікті ұйыстырып отыр­ған ел бас­шы­ларына, жал­пы ағайын­дары­ма деген алғысым шексіз. Алла осы ынтымағымыздан айыр­­масын. Балаларымыз бір­неше жыл бұрын елге қоныс аудар­ған. Қызым Қостанай жақ­та тұр­мыста болса, ұлым Қара­ған­ды қаласында жоғары оқу ор­нында оқиды. Арғы жақта қалған жұбайым екеуміз ғана. «Бала қайда болса – ата-ана сонда» дейді ғой қазақ. Сәті түсіп жатса, біздің де отбасымызбен бірге Отанға оралып, қажыр-қай­ратымыздың жеткенінше елге адал қызмет ету арманымыз бар. Ең бастысы, осы мызғымас ты­­ныш­тығымыз ұзағынан сү­йін­­діріп, халқымызға Алла нығ­­метті тірлік кешуді бұйырт­сын. Сонда өнер де, ән мен жырымыз да қанатын кеңге жайып, мәңгі жасай бермек!