Қоғам • 16 Шілде, 2019

Жүрегім ауырмасын десеңіз...

2145 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтау саласының басты проблема­ларының бірі болып отыр. Бұл көбіне ересек адамдарды мүгедектікке немесе өлімге әкеліп соқтырады. Жалпы өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды.

Жүрегім ауырмасын десеңіз...

Бүгінде Қазақстанда жүрек­қан тамырлары ауруларынан қайтыс болатындар саны көп. Деректерге қарағанда, осы дерттен жылына 80 мыңнан аса адам қайтыс болады екен. Мы­салы, Жамбыл облысы Т.Рыс­құлов ауданы көлемінде соңғы 2 жылдың ішінде осы аурудан 120 адам қайтыс болған. Бұл тұр­ғындардың жалпы өлім-жітім құрылымында 2-орын­да тұр. Мұндай ауыр жағ­дай­ға ұшырауымыздың басты се­бебі, халықтың ауру­­дың алдын-алу жолдарын біл­мегендігінен болып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметі бо­йынша, жүрек емінің 1/3 бө­лігі дәрі-дәрмекпен емдеуге, ал қалған 2/3 бөлігі алдын алу­­ға байланыс­ты екен. Яғни, көп нәрсе жүрек ауруларын емдеуге емес, оның алдын алуға байланысты. Ин­фаркт, инсультпен ауырған нау­қас­тарды емдеу өте қиын. Олар­дың бір бөлігі қайтыс бол­са, біразы мүгедек болып жа­та­ды. Аман қалғандары өмір бо­йы дәрі ішіп өтеді. Ал нау­қас­­тар сол аурулардың алдын ал­ғанда оған ұшырамас еді. Жү­рек-қан тамыры ауруларына әке­ліп соқтыратын басты се­беп­­­тер қандай десек, оған бас­ты се­беп адамдардың өз ден­сау­лы­ғы­на көңіл бөлмеуінен туын­дай­ды. Сонымен қатар, жа­ғым­сыз экологияның да сал­дары же­тер­лік. Жүрек ауруы­на алып келе­тін негізгі қауіпті факторлар ретінде қан қысымының артуы, қанның құрамында холес­те­рин­нің шамадан тыс көбеюі, стреске ұшырау, дұрыс тамақ­танбау, дене қимылының аз­ды­ғы, семіздік және тағы да бас­қа себептер айтылады. Мұн­дай қауіпті факторларға ұшыраған адамдар ерте ме, кеш пе, жүрек ауруына шалдығуы мүмкін. Жүрек ауруларының алдын алу үшін оны тудыратын фактор­лар­ды мейлінше азайту керек. Бұл факторларды жою ар­қылы басқа да көптеген аурулар­дан емделуге болады. Мы­салы, жүрек ауруына алып келетін фак­торлардың бірі, қан қы­сы­­мының көтерілуі, яғни гипертонияны алайық. Ол қан тамырының тарылуынан басталады. Ал жүрек ауруының басты себептерінің бірі де осы тамыр түтікшелерінің бітеліп тарылуы­нан, қанның қоюлануынан болатыны белгілі. Бұған дер кезінде ем қолданбаса, мұның арты жүректің ишемиялық ауруына, миға қан құйылуына, инсультке алып келеді. Қоршаған ортаның 80 пайыздан артық жағымсыз факторлары адам ағзасына жеген тамағы арқылы әсер етеді. Артық салмақ және семіз­дік – жүрек-қан тамыры ауру­ларының, қант диабеті және басқа да күрделі аурулардың қауіпті факторы. Сондықтан адамдардың дұ­рыс тамақтану мәдениетінің де маңызы зор.

Жүрек-қан тамыры ауруларын қоздыратын тағы бір себеп – стресс, яғни торығу. Ол адамдарды жасына қара­май, жүрек талмасына ұшыра­та­ды. Адамның көңіл күйінің ден­­сау­лыққа әсері мол. Көңіл күй­­дің толқуы, мазасыздануы, бірін­ші­ден, адамның миы ар­қылы бері­леді. Мидың қан айналымы на­шар­лайды, ми жасушаларында оттегі жетіспеушілігі пайда бо­лады. Жүректің, мидың қан тамыр­ларының қысылуы инфаркт, инсульт сияқты ауыр жағ­­дайға алып келуі мүмкін не­­месе жүректің ишемиялық ауруы, гипертония, асқазан жа­ра­сы сияқты созылмалы ауру­лар­ға ұшыратады. Жүрек-қан тамы­ры ауруларының пайда болуына әкеліп соқтыратын тағы бір фак­тор – темекі шегу. Орта есеппен алғанда теме­кі шегу адам өмірін 7-10 жыл­ға қыс­­қар­тады екен. Темекі шек­пей­тін­дерге қарағанда темекі шегетін адамдардың миокард инфарктіне шалдығуы екі есе көп. Ал осы аурудан қайтыс болатындар саны темекі шегетіндер ара­сын­да шекпейтіндермен салыс­тыр­ғанда 4 есеге артық. Бүгінгі таңда жүрек-қан тамыры ауру­лары­ның алдын-алу үшін әрбір адам ең алдымен темекіден то­лық­тай бас тарту, тиімді тамақ­­тану ережелерін сақтау, май­лы тамақтардан бас тарту, тұзды пайдалану мөл­шерін азай­ту, көкөніс пен жеміс-жи­дек­терді барынша мол пай­да­лану, алкогольді ішімдікті бел­гі­­лен­ген мөлшерде ғана пай­да­лану, дене белсенділігін артты­ру, семіз­діктен сақтану, қан­да­ғы холес­терин құрамын үнемі тек­се­ріп, бақылап отыру сияқты маңыз­ды нәрселерді есте сақтау керек.

 

Шындос Мырзалиев,

Т.Рысқұлов аудандық ауруханасының бас дәрігері

Жамбыл облысы