Аймақтар • 17 Шілде, 2019

Баспаналы болу бақыты бұйырған жетісулықтар қатары биыл да көбеймек

367 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылы Алматы облысында 713,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша барлығы 39 мың шаршы метр баспана салыныпты.

Баспаналы болу бақыты бұйырған жетісулықтар қатары биыл да көбеймек

Ал биыл өңірде пайдалануға берілетін тұрғын үйлер ауқымы екі есе артып, 80 мың шаршы метр­ге жетеді. Атап айтқанда, 42,1 мың шаршы метр несиелік, 32 мың шаршы метр жалгерлік, 5,2 мың шаршы метр коммуналдық тұрғын үй құрылысы аяқталмақ. Яғни,  жыл соңына дейін 924 пәтерде қоныс тойы тойланбақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтиже­сі қазірден анық байқалуда.

Мәселен, күні кеше Алма­ты облысында 330 отбасы бір­ден қо­ныс тойын тойлады. Талды­қор­ған қаласында 230 пәтерлік 3 көп­қабатты және Қаратал ауданын­да көп балалы отбасылар мен әлеу­мет­тік бағдарлама бойынша үй кезегінде тұрғандарға арналып са­лынған 100 пәтерлік, көпқа­батты 2 баспана пайдалануға берілді.

Талдықорған қаласының 6-ша­ғын ауданындағы 16 қабаттан тұра­тын 3 үй «Нұрлы жер» бағ­дар­л­амасы бойынша салынып,  тұрғын үй құрылысы жинағы арқылы азаматтарға бұйырды. Қолданысқа берілген тұрғын үй ғимаратының жалпы ауданы 22 мың шаршы метрді құрайды. 230 пәтердің тоқсан екісі 1 бөлмелі,  тоқсан екісі 2 бөлмелі және 46 пәтері 3 бөлмелі. 

– Биыл облыс бойынша 800 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Тек «Нұрлы жер» бағдар­ламасы­ның өзіне ғана 27,9 млрд теңге бө­лінген. Бұл қаражатқа 1279 пәтер­ден тұратын 334 тұрғын үй салу көзделген. Оның ішінде көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамту ерекше назарда. 2025 жылға дейін облысымыздың 5 мыңға жуық аз қамтылған отбасылары баспанамен қамтылмақ, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Сондай-ақ Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласынан да 100 отбасына баспана кілті табыс етілді. Қаратал ауданының орта­лығында пайдалануға берілген 40 және 60 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үй көптен бері жеке бас­панаға мұқтаж болып жүрген көп балалы және жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек баласы бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған жанұяларға, зейнеткерлерге, ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға, ҰОС ардагерлері және ҰОС мүгедегіне теңестірілгендерге, бюджеттік сала қызметкерлеріне берілді. 

Көп балалы отбасылар мен аз қамтылған әулеттерді  тұрғын үймен қамту жайы аудандарда да  жүзеге асып жатқаны қуантады. Сөзі­міздің дәлелі ретінде, жа­қын­да Көксу ауданындағы 13 көп ба­лалы отбасының баспаналы бол­ғанын айталық. Өңірдегі Бал­пық би, Мұқаншы, Айнабұлақ, Ең­бек­ші ауылдық округтерінде тұра­тын әулеттердің қуанышын аудан әкімі Алмас Әділ бөлісті. Көп бала­лы отбасыларға берілген тұрғын үй­лер «Нұрлы жер» мемлекет­тік бағ­дар­ламасы аясында сатып алынған екен. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 123 миллион 750 мың теңге қаражат бөлініпті. 

– Мемлекет тарапынан бөлін­ген қаражатқа 21 тұрғын үй сатып алу көзделген еді. Оның он үш үйін тапсырдық. Енді тамыз айы­ның соңына қарай қалған 8 пә­тер­ді сатып аламыз. Одан бөлек, ауданда 50, 30 пәтерлі үйдің құ­рылысы аяқталып, қазан-қараша айларында табысталады. Ол үй­ден де  30-40 пәтер көп балалы от­ба­сына берілмек, – дейді Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ.

Жалпы, Алматы облысында 145 мыңнан астам адам тұрғын үй кезе­гінде тұр. Демек, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «7-20-25» мемле­кет­тік бағдарламалары және көп балалы отбасыларға арнап үй­лер салу міндеті тұрғындар­ды баспанамен қамтуда көп мүмкіндіктер береді.


Алматы облысы