Тұтынушыны тұншықтырған тариф «жұмбағы»
Бейсенбі, 28 наурыз 2013 1:45
Бүкіл өркениет әлемі тұтынушы мүддесінен шығу жолында қалтқысыз қызмет көрсетіп, олардың құқығын басты құндылық ретінде қастерлейді. Ал жабайы капитализмнің жыртық кемесіне жармасқан жиырма жыл ішінде біздің қоғам керісінше, тұтынушыны тұқырту жолында алыпсатарлықтың небір арсыз амалдарын ойлап тауып, өркениетті бәсекелестіктен тұратын классикалық нарық қағидаларын жоққа шығарды. Оған осы жиырма жыл ішінде бір рет арзандап көрмеген базар нарқы мен қызмет көрсету саласының тойымсыз тарифі куә. Бұл – бүкіл тұтыну рыногын жаулап алған монополистердің бәсекелестік орта қалыптастыруға қарсы қасақана жасаған қарекетінің кесірі.
Бейсенбі, 28 наурыз 2013 1:45
Бүкіл өркениет әлемі тұтынушы мүддесінен шығу жолында қалтқысыз қызмет көрсетіп, олардың құқығын басты құндылық ретінде қастерлейді. Ал жабайы капитализмнің жыртық кемесіне жармасқан жиырма жыл ішінде біздің қоғам керісінше, тұтынушыны тұқырту жолында алыпсатарлықтың небір арсыз амалдарын ойлап тауып, өркениетті бәсекелестіктен тұратын классикалық нарық қағидаларын жоққа шығарды. Оған осы жиырма жыл ішінде бір рет арзандап көрмеген базар нарқы мен қызмет көрсету саласының тойымсыз тарифі куә. Бұл – бүкіл тұтыну рыногын жаулап алған монополистердің бәсекелестік орта қалыптастыруға қарсы қасақана жасаған қарекетінің кесірі.
Сонау бір өкпені қысқан өтпелі кезеңде есепсіз жүргізілген жекешелендіру науқаны барысында аға ұрпақ қолымен жасалған ортақ игіліктерді, коммуналдық жүйелер мен электр тарату желілерін су тегін жекеменшік қолына бердік. Басты желеу – негізінен өткен ғасырдың екінші жартысында салынған, пайдалану мерзімі өтіп бара жатқан коммуналдық және инженерлік желілерді жекеменшік инвесторлардың қаржысымен жаңғырту және қайта құру болатын. Сөйтіп, стратегиялық маңызы бар электр қуатын тарату желілері де, сумен, жылумен, газбен жабдықтау жүйелері де қалталылардың қолына көшті. Құп делік, содан бергі өткен жиырма жылда не өзгертілді, не жаңартылды?
Мәселен, 1998 жылы жүргізілген мониторинг бойынша, коммуналдық және инженерлік жүйелердің негізгі қорларының 60-70 пайызға ескіргендігі атап көрсетіліп, кешегі кеңес заманынан қалған жылу жүйелері, су құбырлары мен электр желілерін шұғыл жаңарту қажеттігі күн тәртібіне қойылған. Ескірген желілер үлкен шығындардың орын алуына жол беріп, бұл өз кезегінде табиғи монополия субьектілерінің тарифтерін көтеруге себеп болып отырғандығы да нақты ескертілген. Содан бері де аттай 15 жыл өтті. Бізде «баяғы жартас – бір жартас». Үкіметтің 2012 жылғы мәліметі бойынша, еліміздегі сумен жабдықтау жүйелерінің 64 пайызы, су тарату құбырларының 66 пайызы, жылумен жабдықтау жүйелерінің 63 пайызы, электр желілерінің 73 пайызы, газбен жабдықтау жүйелерінің 54 пайызы жедел күрделі жөндеуді қажет ететін жағдайға жеткен. Ащы шындықты айтсақ, бұл саладағы қордаланған проблемалар елдің бұдан кейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуына қауіп төндіретін шекке шықты. Сонда осы жылдар ішінде стратегиялық инженерлік желілерді жекеменшікке алған инвесторлар коммуналдық инфрақұрылымдардың жарты пайызын да жаңғыртпаған ба? Жыл сайын тарифті қымбаттатудан түсетін қаржы қайда?
Басқасын былай қойғанда, 2009 жылы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің (ТМРА) жауапкершілігімен ескірген коммуналдық желілерді жаңарту үшін 600-ден астам инвестициялық бағдарламалар белгіленіп, соған сәйкес арнайы инвестициялық тарифтер тағайындалған болатын. Тек осы инвестициялық тарифтер арқылы тұтынушыдан қосымша жиналған төлемдер көлемінің өзі 507,3 миллиард теңге немесе 3,4 миллиард долларға жеткен. Осы қаржының өзі-ақ бірнеше ірі қалалардың ескірген коммуналдық жүйелерін жаңғыртуға жетер еді ғой.
Бұдан басқа ТМРА-ның келісімімен табиғи монополия субьектілерінің иелері коммуналдық жүйелердің ескіруі салдарынан болатын «шығындардың» орнын толтыру желеуімен жыл сайын тарифтерді өсіру шараларын қолданып келеді. Мәселен, Статистика агенттігінің ресми мәліметі бойынша, 2005 жылдан 2011 жылға дейін табиғи монополия субьектілері жылу беруді 43 пайызға, яғни жылудың әрбір гигакалориясын 1810 теңгеден 2585 теңгеге дейін, электр энергиясын екі еседен астам, яғни электр қуатының әрбір киловатын 4,18 теңгеден 9,15 теңгеге дейін, ыстық су, суық су мен газды тиісінше 54,59 және 57 пайызға дейін, үй телефонының тарифін екі есе, яғни 440 теңгеден 839 теңгеге дейін қымбаттатқан.
Жалпы алғанда, еліміз бойынша соңғы жылдары электр энергиясын тарату компанияларының қызметі үш есеге жуық қымбаттаған. Мәселен, 2005-2011 жылдар аралығында электр қуатының әрбір киловаты Қызылордада 4,45 теңгеден 12,6 теңгеге, Көкшетауда 4,46 теңгеден 12,87 теңгеге, Алматыда 4,60 теңгеден 12,34 теңгеге, Талдықорғанда 4,80 теңгеден 12,34 теңгеге, Шымкентте 4,40 теңгеден 11,33 теңгеге дейін өсіп отыр. Электр тарату компаниялары тариф қымбаттатудан түскен қаржыны қалай пайдаланады? Соңғы 10 жыл ішінде электр тарату желілерінің ескіргендігіне байланысты жоғалтылатын шығын еселеп артқан. Мәселен, 10 жыл бұрын мұндай шығын көлемі 10 пайыз болса, қазір оның деңгейі 30 пайызға дейін жетіп отыр. Желілерді жаңғыртуға жұмсалмайтын болса, электр тарату компанияларының тарифтері неге өсіріледі? Оған ТМРА неге рұқсат береді? Осы орайда ТМРА тұтынушы мүддесінен гөрі энергетикалық компаниялардың мүддесін көбірек қорғап келе жатқаны туралы еріксіз ойлануға тура келеді. Электр энергиясы тарифінің өсуі коммуналдық қызмет түрлерінің барлығының бағасын қымбаттатуға апарады. Бұл өз кезегінде ТМРА үшін коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге келісім беру үшін «маневр» жасауға мүмкіндік береді. Осы үрдіс ТМРА-ға Мұрат Оспанов жетекшілік ете бастаған соңғы уақытта тым қарқын алып бара жатқан сияқты.
Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов энергетикалық компаниялар тарифті қымбаттатудан түскен табысты толығымен құрылтайшыларға дивиденд ретінде төлеуге жұмсап отырғандығын атап көрсетті. Жалпы алғанда, құрылтайшыларға төленген дивиденд мөлшері 2 млрд. теңге немесе 13 млн. долларды құраған. Ал осы уақытта электр желілерін модернизациялауға 24,9 млн. теңге немесе 166 мың доллар ғана, яғни құрылтайшыларға төленген сыйақыдан 80 есе аз қаржы бөлінген.
Оның сыртында еліміздің стратегиялық саласының бірінен саналатын энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға жыл сайын бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлініп, энергетика алпауыттарының табысын еселеуге мүмкіндік беріп келеді. Еліміздің электр энергиясымен қамтамасыз ету жүйелерін дамытуға 2004-2010 жылдар аралығында республикалық бюджеттен өңір әкімдіктеріне 8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Ал барлық аудандық, облыстық электр жүйелері компаниялары жекеменшік «кәсіпкерлер» қолында. Ал бюджет қаржысы болса, салық төлеуші қарапайым халықтың қаржысы емес пе. Ендеше, ол неге халықтың келісімінсіз, бақылауынсыз жекеменшік алпауыттардың байлығын еселеуге жұмсалады? Бюджет қаржысын «жыртығына жамау қылуға» құныққан жекеменшік «инвесторсымақтар» енді тарифтер есебінен түсетін пайданы місе тұтпай, бюджеттен бөлінген арнайы мақсаттағы қаржыларды да жеке пайдасына жаратып жатқан сияқты. Әйтпесе, жыл сайын модернизацияға бюджеттен бөлінетін миллиардтаған қаржыға қарамастан, дәл қазір электрмен жабдықтау жүйелерінің 73 пайызының пайдалануға жарамсыз деңгейге жеткенін қалай түсіндіруге болады? Бұл ретте осының бәрін реттейтін, монополиялық субьектілердің заңсыздығына жол бермей тұтынушы мүддесін қорғау үшін құрылған мемлекеттік орган – Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің керісінше, монополистердің мүддесін қорғаушы құрылымға айналып бара жатқанын айтпасқа амалымыз жоқ. Ол үшін ТМРА жекеменшік монополистерден қандай «дивиденд» алатындығы да онша шешілмейтін жұмбақ емес.
Экономикамыздың тағы бір стратегиялық саласы болып саналатын жылумен жабдықтау жүйелерінің басым бөлігі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында жекеменшікке берілген. Соған қарамастан 2004-2010 жылдар аралығында жылу жүйелерін жаңғыртуға осы өңірлерге республикалық бюджеттен 19 миллиард теңге қаржы бөлінді. Кейіннен осы бөлінген қаржының тиімділігін тексерген кезде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында тұрғындарды жылумен қамту сапасы бұрынғыдан да төмендеп, ал жылу желілеріндегі апаттар тіпті жиілеп кеткендігі анықталды. Яғни, бюджеттен бөлінген қаржы нақты мақсатқа пайдаланылмаған. Қазір еліміздің жылумен жабдықтау жүйелеріндегі ахуал ерекше алаңдатарлық жағдайға жетті. Мәселен, магистральды жылу тарату желілерінде жылудың ысырап болуы 11 пайыздан асса, көп қабатты үйлерге жылу тарату желілеріндегі ысырап мөлшері 17 пайызға жетіп отыр. Су тарату желілерінің жекеменшікке берілген үлесі негізінен Ақтөбе, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында шоғырланған. Осы су тарату желілерін жаңғырту мақсатында 2004-2010 жылдарда өңірлерге республикалық бюджеттен 43 миллиард теңге қаржы бөлінді. Алайда, өңір әкімдіктері бұл қаржыны да тиімді пайдаланбады. Су тарату желілеріндегі ысырап азаймай отыр. Монополистер осы магистралды жылу жүйелеріндегі су және электр тарату желілеріндегі ысыраптың орнын тұтынушылар есебінен толықтыруды әдетке айналдырған. Бүкіл өркениетті әлем магистралды жүйелердегі су және электр тарату желілеріндегі ысырапты жоққа шығару үшін күресетін болса, біздің коммуналдық саланың монополистері мұндай ысырапты болдырмауға мүдделі емес. Олар үшін мұндай ысыраптар желілердің ескіргендігін желеу етіп, алдағы уақытта да тарифтерді тұрақты түрде көтере беруге ыңғайлы.
Оған жақында Шымкент қаласында қалалық су арналары мекемелерінің басшыларының, ТМРА өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте еліміздің Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаевтың айтқан «әулиелік ақылы» да дәлел болғандай. Ол су арналары мекемелерінің басшыларына судың тарифін тағы да қымбаттатуға «кеңес» берді. «Тек тарифті қымбаттату арқылы ғана біз тұрғындарды судың ысырабын азайтып, үнемдеуге үйретеміз», деді ол. Өкінішке қарай, Алпысбаев мырза су тарату жүйелері мен құбырларының пайдалануға жарамсыздығынан сарқырап жатқан судың ысырабын қалай тоқтату жөнінде «кеңес» бермей кетті…
«Қолыңнан келсе, қонышынан бастың» керімен телефон байланысының абоненттік ақысын қымбаттатудан жалықпай келе жатқан тағы бір монополист – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының қаракеті жалпы рыноктың коньюнктураларынан мүлде кері кеткен. Телефон байланысы саласының бірден-бір монополисі болып алған «Қазақтелеком» компаниясы экономика заңдылықтарымен де, тұтынушы мүддесімен де санаспайды. Осыдан біраз бұрын Елбасы «Қазақтелеком» АҚ-тың бірінші басшысы жалақысының жүздеген мың долларға жеткенін жария етіп, тойымсыз басшыны орнынан тайдырған еді. Сонда жұрт байланыс саласындағы абоненттік ақының қымбаттауынан түсетін қаржының кімнің қалтасына баратынын түсінген. Бұл жағымсыз үрдіс одан кейін де жалғасып келеді. Ештеңе өндірмей-ақ, ештеңеге шығындалмай-ақ кешегі кеңес дәуірінен қалған байланыс жүйелерін паразиттік жолмен жекешелендіріп алған компания акционерлері тұтынушыларға монополистік қызмет көрсету есебінен миллиондаған доллар табыс тауып, байып жатыр. Ал ескірген байланыс желілерін есебін тауып, бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаржымен ілдебайлап отыр. Телефон байланысының абоненттік ақысы соңғы екі-үш жылдың өзінде ғана еселеп өсірілді. Тарифтің қымбаттауынан түскен қосымша табыстың қаншасы қызмет сапасын жақсартуға, қаншасы байланыс инфрақұрылымын жаңғыртуға жұмсалды? Ол туралы есеп беретін де, тексеретін де орган жоқ. Бәрі жасырын, бәрі құпия. Бәрін акционерлік қоғамның заңнан тыс қабылданған «жасанды» жарғыларымен заңдастырып алған. Жалпы, кешегі өтпелі кезеңде өркениетті ұғымдар мен құндылықтарды айналып өтіп, елімізде амалсыз қабылдауға мәжбүр болған акционерлік қоғамдар туралы заңды қайта қарап, олардың жарғыларын қолданыстағы заңдарға сәйкестендіретін уақыт жетті. Әйтпесе «үй ішінен үй тіккен» акционерлік қоғамдар еліміздің заңдарынан тыс, Үкіметтің өкілеттігінен тыс өмір сүріп, өркениетті елдер қатарына ұмтылған тәуелсіз мемлекетіміздің беделіне нұқсан келтіруде.
Ал осы абоненттік ақысы бас айналдыратын «Қазақтелеком» АҚ-тың тұтынушыға көрсететін қызметінің сапасын білгіңіз келсе, анықтама алу қызметіне хабарласып көріңіз. Кешегі кеңес дәуірінде кез келген анықтама алу үшін 09 телефонына хабарлассаңыз болғаны, сұрағыңызды қанағаттандыратын. Ал қазір 09 анықтама телефоны деген мүлде жоқ. Оның орнына 169 ақылы анықтама қызметіне хабарласасыз. Құп делік. 169 санын теруіңіз мұң екен автоматты лентаға жазылған дауыс екі тілде кезек-кезек сайрай жөнеледі. «Сіз 169 ақылы анықтама қызметіне хабарласып тұрсыз. Қазақ тілін таңдау үшін 1-ді басыңыз. Орыс тілін таңдау үшін 2-ні басыңыз. Немесе оператордың жауабын күтіңіз.» Енді осының бәрі тұп тура орыс тілінде қайталанады. Бәрін тыңдап тұруға шыдамыңыз жетсе, қалыпты гудок дауысын естисіз. Одан жалықпасаңыз, бірер минут тағы да оператордың жауабын күтесіз. Ес кетті, жан шықты дегенде тағы лентаға жазылған «Кешіріңіз, дәл қазіргі уақытта операторлар бос емес, кейінірек хабарласыңыз» деген дауыс қосылып, жұқарған жүйкеңізге тұз себеді. Сөйтіп, ақылы анықтама қызметіне хабарласып, анықтама алмасаңыз да «Қазтелекомның» жоғары «сервистік» қызметінің ақысын төлеп құтыласыз. Мұндай байланыс қызметі кімге керек? Сондықтан үй телефонынан жаппай бас тартып, біршама бәсекелестік нышаны бар ұялы телефон байланысына көшу керек. Біздің билік басындағылар жиі үлгі ететін Еуропада мұндай қозғалыс көптен бері белең алған.
Соңғы уақытта ТМРА тұтынушыларды қымбат бағалы есептеу қондырғыларын (счетчиктер) орнатуға мәжбүрлеу шараларын қолға алды. Мәселен, ТМРА көп қабатты үйге орнатылатын жалпы есептеу қондырғылары жоқ тұтынушылар үшін жылу тарифін 20 пайызға қымбаттатты. Ал көп қабатты үйлерге арналған жалпы есептеу қондырғыларының бағасы 300- 500 мың теңге тұрады. Оны орнатуға кез келген үйлердің тұрғындарының мүмкіндігі келе бермейді. Онымен санасып жатқан ТМРА жоқ, тарифті 20, кейбір жерлерде 50 пайызға дейін өсірді де жіберді. Ал тарифті қымбаттатудан түскен қаржыға тағы да монополистер мен осы счетчиктерді импорттайтын делдалдар пайдаға кенеліп, екі жеп биге шығып отыр. Осыдан-ақ үнемшілдік ұранын желеу етіп, тарифке тежеу қоймай келе жатқан Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің кімнің «сойылын соғып» жүргенін түсінуге болады.
Жылу есептеу қондырғылары қойылмаған көп қабатты үйлердің тұтынушылары үшін тарифті 20-50 пайызға дейін өсіруден монополистердің қалтасына түскен миллиондаған қаржының есебінен сол көп қабатты үйлерге жылу есептеу счетчиктерін орнату керек қой. Сонда далаға кетіп жатқан жылу ысырабын болдырмауға жағдай жасалар еді. Ол не дегеніңіз, бұл жылу тарататын монополистер үшін мүлде тиімсіз. Сондықтан, ТМРА-ның бастамасымен жасалып жатқан бұл тарифті қымбаттату шарасы жылу ысырабын азайту үшін емес, тұтынушыны тонау үшін ғана жасалып жатқан шара екенін мойындамасқа амалың жоқ.
Нарықтық экономикалық қатынастарға көшкен ширек ғасырға жуық уақыттан бері біздің еліміздегі құқығы қорғалмаған әлеуметтік топ – қарапайым тұтынушы. Қазір тұтынушы құқығын бұрмаламайтын бірде-бір монополистік субьекті жоқ. Соңғы жылдар ішінде кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлікті қорғау туралы қаншама заңдар қабылданып, мемлекеттік шаралар жүзеге асырылды. Ал тұтынушы құқын қорғауға Үкімет өгей баланың мүддесіндей немқұрайдылық жасап келеді. Оған тұтынушы құқын бірінші кезектегі басымдыққа шығаратын монополистермен жасалған нақты заңдылықтар мен шарттардың жоқтығы дәлел болса керек. Мәселен, Финляндияда электр қуатын таратушы компания мен тұтынушы арасында жасалатын заңды шартта егер, жыл ішінде электр қуатын тарататын компания үш рет электр энергиясын өшіретін болса, оның ұзақтығы 17 минутқа созылатын болса, онда компания тұтынушының электр қуатын пайдаланғаны үшін бір жыл ішінде төлеген қаржысын түгел қайтарып береді. Міне, тұтынушыға қызмет көрсету дәстүрін өркениеттілік дәрежесіне жеткізген жердегі тәртіп осындай. Елбасының Жолдауында атап көрсетілгеніндей, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге ұмтылған Қазақстан үшін тұтынушыға қызмет көрсету дәрежесі осындай өркениеттілік деңгейіне жетуі керек. Ол үшін елімізде қоғамдық бақылау туралы арнайы заң қабылданып, қоғамдық бақылау жүйелерін құруды қолға алған жөн. Яғни тұтынушылар тарапынан жекеменшік қолындағы монополистік субьектілердің жүгенсіз жұмысына, тойымсыз тарифіне бақылау орнату қажет. Бұл жерде тағы да велосипед ойлап табудың да қажеттігі шамалы. Кезінде тиімді жұмыс істеген халықтық бақылау органдарының үлгісін тәжірибеге алса болғаны. Қоғамдық бақылау туралы бұл заңға Үкімет тарапынан нақты қолдау көрсетіліп, шынайы мән берілетін болса, монополистік кәсіпорындардың жұмысы аз уақытта ретке келтіріліп, тариф заңдастырылып, коммуналдық желілердің ысырабы азайып, тұтынушыға көрсетілетін қызмет деңгейі жақсарар еді. Бюджеттен миллиондаған қаржы бөлінетін Табиғи монополияны реттеу агенттігін ұстаудың да қажеттілігі болмай қалады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».