Шаруалар ұшақтар сатып алмақшы
Жұма, 29 наурыз 2013 1:29
Облыс орталығында алдағы науқан шараларына арналған жиын болып өтті. Жалпы, биыл облыс бойынша егістік көлемі 1 миллион гектардан асса, соның 800 мыңдай гектары егін алқаптары болмақшы. Ал, бірнеше жылдан бері астық өсірушілерден егілетін дақылдарды әртараптандыру талап етіліп келеді. Шаруа қожалықтары көбіне бидай егеді. Содан соң күзде оны өткізе алмайды. Өйткені, бидай көп.
Жұма, 29 наурыз 2013 1:29
Облыс орталығында алдағы науқан шараларына арналған жиын болып өтті. Жалпы, биыл облыс бойынша егістік көлемі 1 миллион гектардан асса, соның 800 мыңдай гектары егін алқаптары болмақшы. Ал, бірнеше жылдан бері астық өсірушілерден егілетін дақылдарды әртараптандыру талап етіліп келеді. Шаруа қожалықтары көбіне бидай егеді. Содан соң күзде оны өткізе алмайды. Өйткені, бидай көп. Егетін дақылдарды әртүрлі етіп егіңдер деген талап осыдан. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бауыржан Шарапиденовтің айтуынша, биыл ауылшаруашылық дақылдарына бюджеттен төленетін субсидияның мөлшері мәселен, әр гектары үшін бидайға – 450, күнбағысқа – 2000, бақша өнімдеріне 6000 теңгеден болмақ. Сапасы болмаса, тұқым мол. Павлодар ауданындағы «Ауыл шаруашылығын ғылыми-зерттеу институты» серіктестігінің директоры Бақыт Ермұратовтың айтуынша, көктемде еріген қар суынан егіс танаптарында кемінде 110-120 мм. ылғал қалады. Өкініштісі, біздің өңірдің шаруалары әлі күнге бидайдың ресейлік ескі сорттарын өсіреді. Олардың өнімділік көрсеткіштері отандық «Павлодар-93», «Секе», «Ертіс-97» секілді сорттарына қарағанда әлдақайда төмен әрі құрғақшылыққа төзімсіз. Ал, біз шығарған бидай тұқымдары бұған дейін шетелдерде өсіріліп, құрғақшылыққа ең төзімді сорт деп танылды. Сондықтан, жергілікті астық өсірушілер осы ерекшелікке назар аударып, отандық сорттарды пайдалануға көңіл қойса, дейді. Өңірге арзандатылған бағамен 15 мың тонна жанар-жағармай бөлінді.
Ақпан айында облыс әкімінің орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов бастаған делегация мүшелері Белоруссиядағы еліміздің елшісі Ерғали Бөлегеновтің қатысуымен энергетика, өндіріс, ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрліктерінің, Минскідегі облыстық атқару комитетінің басшыларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Павлодар облысы және Беларусь Республикасы арасында ауыл шаруашылығы, көлік құрастыру, білім және ғылым саласында ынтымақтастық орнату мәселесі талқыланды. Сапар аясында 7 миллион теңгеден астам қаржыға ауыл шаруашылығы, көлік құрастыру, коммуналдық техниканы жинау саласында 18 коммерциялық мақсаттағы бірлескен құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар, «Қазагро» АҚ өзінің еншілес компаниялары арқылы өңірдің ауыл шаруашылығы саласына 5,2 млрд. теңге несие бағыттап отыр. Аз қаржы емес әрине, бұл шаруалардың қолына тисе, шараушылықтардың алға басары анық. Енді агроөнеркәсіпшілер лизингке техника алу үшін кез келген компанияны таңдай алады. Бұған дейін мемлекет тарапынан бөлінетін демеу қаржыны пайдаланып лизингке техника сатып алу тек «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жүргізілгені белгілі. Бұл 50 пайызын мемлекет төлейді деген сөз. Шаруалардың тіпті, лизингке егін шаруашылығына арналған отандық «Фермер», «Фермер-2» ұшақтарын да сатып алуға қолдары жетеді. Әрі «ҚазАгроҚаржы» компаниясы желден энергия өндіретін заманауи қондырғыларды да несиеге жеткізіп беруге дайын екен. Айтпақшы, ұшақтарды Қарағандының «ҚазАвиаСпектр» ЖШС құрастырыпты. Олар «Фермер-2» ұшағы –300 литр, ал «Фермер-500» ұшағы 500 литр тыңайтқыш алып ұшады екен. Ұшақтың құны 145 мың доллар тұрады. Осы күнге дейін елiмiздің ауыл шаруашылығында бұрынғы АН-2 ұшағын немесе америкалық ұшақтар пайдаланып келді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.