Қаржылық қызметтер тұтынушылардың құқықтарын және мүдделерін қорғау үшін
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:21
Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді
Жуырда Ұлттық Банк қаржы институттарының қызметін жетілдіру жөнінде бірқатар бастама көтерді. Олардың көпшілігі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Заңнамаға енгізілетін өзгерістерді түсіндіріп беруді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Данияр АҚЫШЕВТАН өтінген едік.
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:21
Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді
Жуырда Ұлттық Банк қаржы институттарының қызметін жетілдіру жөнінде бірқатар бастама көтерді. Олардың көпшілігі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Заңнамаға енгізілетін өзгерістерді түсіндіріп беруді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Данияр АҚЫШЕВТАН өтінген едік.
ӘРІ КОМИТЕТ, ӘРІ ОМБУДСМЕН
– Данияр Талғатұлы, қызметтерді тұтынушылар көңіл аударатын бастамалардың бірі – Ұлттық Банктің олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитетті құру ниеті. Бұл немен байланысты, Қаржылық қадағалау комитеті құрылымында осындай департамент бар емес пе?
– Қаржы нарықтарының серпінді дамуын және заманауи технологияларды ескерсек, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды одан әрі күшейту талап етіледі.
Соңғы жылдары халықаралық ұйымдар мен дамыған елдер бұл мәселелерге баса көңіл бөліп, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды нығайтудың мынадай үш бағытын айқындады:
• қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын алдын ала қорғау тетіктерін ендіру;
• құрамдас бөлігі ретінде қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғаудан тұратын қаржы секторын мемлекеттік реттеудің институционалдық реформалары;
• шығарылатын қаржы құралдарын реттеуді және қадағалауды нығайту.
Осындай жағдайларда ең үздік халықаралық практиканы ескере отырып, Ұлттық Банктің құрылымында жаңа бөлімше – ҚР ҰБ Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетін құру туралы шешім қабылданды.
Ұлттық Банктің құрамында қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі жеке ведомство құру Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің ұсынымдарына және озық халықаралық тәжірибеге толығымен сәйкес келеді.
ҚР ҰБ Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері жаңа комитетке ауысады.
– Комитет пен қаржылық омбудсмен институты (мұндай ниет бұған дейін сақтандыру омбудсменінің тәжірибесі ескеріле отырып айтылған болатын) бірін-бірі қайталайтын құрылымдар болмай ма?
– Қазіргі уақытта республикада қаржылық омбудсмен институты жоқ. Сонымен қатар, коммерциялық емес ұйым ретінде тәуелсіз қаржылық омбудсмен институтын құру мәселесі қарастырылуда.
Бұл институтты құру мақсаты – тараптар арасындағы дауларды шешу мүмкін болмаған жағдайда және өтініш беруші уәкілетті органға жүгінгенге дейін қаржы ұйымдары клиенттерінің-тұтынушылардың өтініштерін реттеу. Ол үшін омбудсменде Азаматтық кодексте, «ҚР банктер және банк қызметі туралы», «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңдарда көзделген банк құпиясын, сақтандыру, зейнетақы жинақтары құпиясын, қызметтік және коммерциялық құпияны алу құқығы болуы тиіс.
Ұсынылған қаржылық қызметтер өскен жағдайларда жеке ведомство – Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетін құру еліміздің қаржы жүйесіне деген сенімін, сондай-ақ, қаржылық қызметтер нарығының ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетін құра отырып уәкілетті органның функцияларын кеңейту жоспарланып отыр. Мәселен, ҚР ҰБ ережесіне сәйкес комитет бұған дейін уәкілетті орган жүзеге асырған функциялармен қатар:
• қаржылық қызметтерді және микроқаржы ұйымдарының қызметтерін көрсету және олар туралы ақпарат тарату стандарттарын әзірлейтін;
• тұтынушыларға ұсыну үшін Ұлттық Банктің келісімін талап ететін микроқаржы ұйымдарының қаржы өнімдері мен қызметтерінің тізбесін (түрлерін) айқындайтын;
• қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін бұзатын нормаларға жол бермеу мақсатында қаржы ұйымдары тұтынушыларға ұсынатын өнімдердің шарттарына және заңнаманың талаптарына алдын ала талдау жасайтын;
• қаржылық қызметтерді тұтынушыларға қаржылық өнімдерді ұсыну үшін қаржы ұйымдарына келісімдер беретін болады.
Бұл функциялар бастапқы кезде атқарылатын функциялар болып табылады және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүдделері мен заңды құқықтарына шек қоюдың алдын алу және оларды қорғауды күшейту мақсатында енгізіледі. Осылайша, комитеттің қаржылық омбудсменнен маңызды айырмашылығы комитеттің қаржы нарығын мемлекеттік реттеу және қадағалау жүйесінің құрамдас бір бөлігі болып табылатындығында.
Қаржылық омбудсмен болса, қаржы ұйымдары мен олардың клиенттері-жеке тұлғалар арасындағы бітімгер рөлін атқаратын болады.
Тұтынушы омбудсменнің шешіміне қанағаттанбаған жағдайда, ол мемлекеттік уәкілетті органға немесе сотқа жүгінуге құқылы екендігін атап өткен жөн.
– Жаңа комитеттің болжанатын функцияларының бірі – қаржы институттары ұсынатын қаржы өнімдерінің талаптарын алдын ала зерттеу құқығы және оларды қаржылық қызметтерді тұтынушыларға ұсыну үшін келісім беру. Мұның тұтынушыға берері не?
– Бұл функциялар заңнаманың тұтынушылар құқықтары мен мүдделерін қорғайтын нормалары мен талаптарын қаржы ұйымдарының сақтауы үшін комитетке жүктелген.
ТЕК МӨЛШЕРЛЕМЕ. КОМИССИЯЛАРСЫЗ
– Ұлттық Банк қарыз алушылардың кредиттерге қызмет көрсетуі мәселесі бойынша өзгерістер ұсынады. Атап айтқанда, Ұлттық Банк заңнамаға банктер үшін кредиттерге қызмет көрсету үшін комиссиялар мен төлемдер алуға тыйым салу көзделетін түзетулер дайындап жатқаны белгілі. Енді нақты тиімді мөлшерлеме және жай ғана мөлшерлеме ұғымдары ұқсас болады дегенді біз дұрыс түсіндік пе? Онда мөлшерлемені құру механизмі қандай болуы тиіс, өйткені қарыздарға қызмет көрсетуге байланысты шығыстар сақталады. Және осындай шара ең «таза» банктік мөлшерлеменің көтерілуіне себепші бола ма?
– Шетелдік тәжірибені ескере отырып, Ұлттық Банк «ҚР банктер және банк қызметі туралы» Заңға қарыздар беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты кез келген комиссиялар мен төлемдер, оның ішінде несие шотын жүргізу үшін комиссия алуға тыйым салу көзделетін өзгерістер енгізуді ұсынады. Қарыз беруге қойылатын жалғыз талап негізгі борыш қалдығына есептелетін пайыздық мөлшерлеме болуы тиіс.
Осы жаңалық, сөз жоқ, қаржы ұйымдарымен келісуді талап етеді.
Қазіргі кезде кредиттің құнына пайыздық мөлшерлемемен қатар әртүрлі басқа көрсеткіштер әсер етеді – кредитті пайдалану уақыты, комиссиялар, алымдар, мысалы, қарызды қолма-қол ақшаға айналдыру үшін, қарыз қаражатын конвертациялау үшін біржолғы немесе кезекті комиссиялар, ағымдағы шот ашу үшін ақы, сондай-ақ қарыз алушының бағалау компаниясының, сақтандырушының және кепілгердің қызметі үшін ақы төлеу бойынша шығыстары.
Осыған байланысты клиенттердің қызметтің нақты құны туралы ақпарат алуы үшін банктердің банктік қарыз шарттарында сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін (СЖТМ) көрсету міндеті енгізілді.
СЖТМ – сыйақы мөлшерлемесінің қаржылық қызметтерді тұтынушыларға, біріншіден, қарыздың дәйекті құнын алуға, екіншіден, әртүрлі банктерде ұқсас қарыздардың талаптарын салыстыруға және бағалауға мүмкіндік беретін жалғыз түрі.
Бұл ретте қарыз беру және оған қызмет көрсету кезінде комиссия алуға тыйым салынған жағдайда, сыйақы мөлшерлемесі СЖТМ ұқсас болмайды, себебі СЖТМ мәні берешекті өтеу әдісіне, кредиттеу мерзіміне қатысты болады және үшінші тұлғалардың (сақтандырушы, бағалаушы, кепілгер, қарыздар беру және оларға қызмет көрсету бойынша қызмет көрсететін делдал) пайдасына төлемдер кіреді.
Бұл ретте банктердің қарыздар беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты шығасыларының сыйақы мөлшерлемесіне енгізілетіні жоққа шығарылмайды, бұл өз кезегінде оның көтерілуіне әкеп соғады.
Бірақ қазіргі кезде қарыз алушылардың құқықтарын қорғау тәсілдерінің бірі бар, ол қарыз беру кезінде СЖТМ-ның 56%-дан мөлшердегі шекті мәнін белгілеуде көрінеді.
Басқаша айтқанда, банктік қарыз шартын жасау кезінде СЖТМ мәні 56%-дан аспауы тиіс. Керісінше жағдайда банктер қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендетуге міндетті болады.
ЕГЕР КОЛЛЕКТОР БОЛСАҢЫЗ
– Коллекторлық ұйымдар қарыз алушылар үшін қорқынышты қарақшы болып көрінеді. Ұлттық Банк оларға «қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды» жүктей отырып, олардың іс жүзінде «өңін айналдыруды» ұсынады. Бұл БАҚ-тың нақты дәйексөзі ме, және де, егер солай болса, әңгіме не туралы болып отыр?
– Бүгінгі күні Қазақстандағы коллекторлық ұйымдардың қызметі қандай да болсын заңнамалық актімен реттелмейді. Коллекторлық қызметтің жекелеген аспектілері азаматтық заңнамамен реттеледі. Бұл ретте коллекторлық ұйымдардың оларды қызметкерлері кредиттік ұйымдардың проблемалары бар қарыз алушылармен жұмыс кезінде негізге алатын ішкі құжаттары бар.
«Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту тұжырымдамасында» (Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 13 тамыздағы № 362 Жарлығымен мақұлданған) атап өтілгендей, коллекторлық агенттіктер көрсететін қызметтер қаржылық қызметтер болып табылмайды. Сондықтан осы агенттіктер қаржы нарығының қатысушылары болып табылмайды, себебі коллекторлық агенттіктер азаматтық-құқықтық шарт шеңберінде берілген мерзімі өткен қарыздар, коммуналдық берешектер, сондай-ақ кез келген мерзімі өткен борышты жинау бойынша жұмыс істей береді.
Әлемдік практикада коллекторлық агенттіктер борышкерге проблеманы шешудің нұсқаларын/опцияларын ұсынатын, кредитор мен қарыз алушының/борышкердің қатынастарын реттеу бойынша делдалдың рөлін атқарады. Банктік қарыз алушыларға қатысты проблемаларды шешудің осындай нұсқалары әртүрлі опциялары бар берешекті қайта қаржыландыру, оның ішінде борыштың бөлігін кешіру бойынша ұсыныстар болуы мүмкін. Сонымен қатар, коллекторлық ұйымдардың қызметі тек банктік қарыздар мәселелерімен ғана шектелмейді, сонымен бірге микрокредиттерді және азаматтардың борыштық міндеттемелерінің басқа түрлерін (коммуналдық қызметтерді қоса алғанда) қамтиды.
Қазіргі уақытта коллекторлық қызметті құқықтық реттеуді қамтамасыз ету мақсатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі «Коллекторлық қызмет туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша тұжырымдаманың жобасын әзірлеу жұмысын жүргізуде. Тұжырымдаманың жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген ҚР-ның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын және жоғарыда аталған «Тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында әзірленеді.
ЕКІ ТҮРЛІ ТҮСІНІК БЕРМЕУ
– Өте маңызды ұсыныс – қарыз алушылардың жөнсіздіктерін жіктеу. Атап айтқанда, аса мардымсыз жөнсіздік деп аталатын түсінікті енгізу. Жөнсіздіктерді жіктейтін өлшемдер әзірленді ме және оларға арналған санкциялар барабар ма?
– Қазіргі кезде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Ұлттық Банкпен, Әділет министрлігімен, Қаржы министрлігімен, Бас прокуратурамен және Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен бірлесіп, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындау және кепілге салынған мүлікті өндіріп алуға өтініш жасау мәселелері жөніндегі нормаларды екі түрлі түсіндіруді болдырмау бойынша заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үшін жұмыс тобын құрды.
Мысалы, ҚР Азаматтық кодексінің 317-бабының екінші бөлігіне сәйкес егер борышкердің кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы өте болмашы болып және соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына сәйкес келмесе, кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылуы мүмкiн және оның салдары кепілге салынған мүліктің құнына мүлдем сәйкес келмейді.
Осыған байланысты аталған жұмыс тобы шеңберінде әлгі норманы екіұшты түсіндіруді болдырмау мақсатында талаптар бір уақытта болған кезде кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді бұзу мардымсыз болып табылатыны және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері кепілге салынған мүліктің құнына мүлдем сәйкес келмейтіні туралы талаптарды белгілеу бөлігінде Азаматтық кодекске түзетулер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленді. Бұл ретте аталған талаптар ретінде орындалмаған міндеттеме сомасын (%-бен – тараптар кепіл туралы шартта айқындаған кепілге салынған мүліктің құнына х) және кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін ұзарту кезеңін белгілеу болжанып отыр.
МЕНЕДЖЕРЛЕР МЕН АУДИТОРЛАРДЫҢ «ҚАРА ТІЗІМДЕРІ» ТУРАЛЫ
– Ұлттық Банк қаржы ұйымдары менеджерлерінің бір рет кірсе, сол секторда жұмыс істей алмайтын «қара тізімін» жасауды ұсынады. Осындай «рейтингтің» өлшемдері әзірленді ме және бұл үшін тағы қандай мәселелерді шешу қажет?
– Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасында Қазақстанның қаржы ұйымдарының қаржылық жай-күйіне және беделіне айтарлықтай зиян келтіретін заңды және жеке тұлғалардың қызметін жүзеге асыруды шектеу не тыйым салу мәселесін қарау көзделеді (Бұл мәселелер Үкіметтің «Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» 2010 жылғы 13 мамырдағы № 409 қаулысында; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын тәуекелдерді азайту тұрғысынан реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда реттеледі).
Атап айтқанда, қаржы ұйымдары менеджментінің жауапкершілігін арттыру мақсатында заңсыз іс-әрекеттері не әрекетсіздігі бұрын қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратуға немесе оны банкрот деп тануға алып келген тұлғалардың басшы лауазымын иелену мүмкіндігін шектеуге бағытталған ережелерді заңнамалық деңгейде бекіту ұйғарылып отыр.
Басқа елдерде мұндай практиканы қолданудың мысалы ретінде банктердің лицензияларын қайтарып алуға себепші болған банкирлер туралы мәліметтерді қамтитын базаны қалыптастыратын Ресей Федерациясы Орталық Банкінің тәжірибесін келтіруге болады. Осы арқылы Ресей Орталық Банкі жосықсыз банкирлердің банк секторының кез келген лауазымына жұмысқа орналасуын болдырмау шараларын қабылдайды.
Сонымен қоса, кредиттік ұйымдардың банкроттығы (тарату) рәсімдерін басқаруды жүзеге асыратын РФ Салымдарды сақтандыру агенттігі дәрменсіз (банкрот) деп танылған кредиттік ұйымдарды бақылаған, азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғалардың тізімін тұрақты негізде жүргізіп отырады.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк, Азия Даму Банкі сияқты бірқатар халықаралық қаржы ұйымдары алаяқтық пен сыбайлас жемқорлыққа қатысқанын куәландыратын фактілердің болуына қарай ондай тұлғаларға аталған ұйымдар тарапынан қаржы алуға құқығы жоқ заңды және жеке тұлғалардың тізімін жүргізеді.
– Мен БТА банкінің жыры басталған кезде банктің аудиторлық компаниясына реттеуші тарапынан да сұрақтардың туындағанын жақсы білемін. Алайда, аудиторлар сол кезде бір жақта қалып еді. Енді сол құрылымдардың өкілдері де «қара тізімге» енуі мүмкін ғой?
– Тәуекелдерді азайту жөніндегі заң («Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын тәуекелдерді азайту тұрғысынан реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң) шеңберінде Ұлттық Банк аудиторлар жүргізген тексеру барысында анықталған фактілерді жасырғаны үшін олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған түзетулерге бастамашы болды. Соған қарамастан, бұл түзетулер ҚР Парламентінде аталған заңды келісу шеңберінде қолдау тапқан жоқ.
Бүгінгі күні «қара тізімге» енгізу есебінен аудиторлардың жауапкершілігін арттыру мәселесі қарастырылған жоқ. Бұл ретте қаржы ұйымдарына аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту мақсатында 2012 жылғы қарашада «Міндетті аудит жүргізу жөніндегі аудиторлық ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» ҚР Қаржы министрінің бұйрығына қол қойылды.
ЖОБАДАН ЗАҢҒА ДЕЙІН
– Аталған бастамаларды Қаржылық қадағалау комитетімен, қаржы және биржа нарықтарының қатысушыларымен талқылау жоспарланып отыр ма?
– Ұлттық Банктің барлық бастамалары «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі алаңында қаржы нарығының қатысушыларымен талқыланатын болады. Заңнамалық актілерге түзетулер енгізу Үкіметтің 2003 жылғы 21 тамыздағы № 840 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесіне сәйкес жүзеге асырылады. Оған сәйкес заң жобалау қызметін жүзеге асыру белгілі бір кезеңдерді қамтиды. Атап айтқанда, заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу; оның ғылыми сараптамасын жүргізу; оны ҚР Үкіметінің жанындағы Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қарау: заңнамалық актілердің жобаларын дайындау, олар бойынша ғылыми сараптамалар жүргізу, мүдделі мемлекеттік органдармен келісу және басқа да іс-шаралар өткізу қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Алевтина ДОНСКИХ.