Экономика • 18 Шілде, 2019

Шикізатты қорғау – жеңіл өнеркәсіпті қолдау

875 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қарапайым заттар экономикасын дамыту мәселесінде мақта-мата, яғни киім-кешек өндірісі мүмкіндіктері әлі ашылмай жатқанын сынға алған болатын.

Шикізатты қорғау –  жеңіл өнеркәсіпті қолдау

Отандық нарықты жаулаған Қытай, Қырғыз, Беларусь киім-кешектерінің қатарынан Өз­бек­станда өндірілген өнімдер­ді жиі кездестіруге болады. Өзбек өнімдерінің алыс-жақын на­рыққа көптеп шығарыла бас­тауының те­тік­терін мамандар Қытайдың әр сала­ны шо­ғыр­ландырып дамыту саяса­ты­ның негізге алынғанымен байланыс­тырады.


Қазір өзбек елінде аяқ киім, киім-кешек, кілем шығаратын 30-ға жуық ірі фабрика мен 200-ден астам шағын цех дамылсыз өнім шығарып, 700-ден астам кәсіпорын «Өзбекстанда жа­салған» маркасымен әлемнің 50-ге жуық еліне өз өнімдерін экспорттай бастаған. Ал Ұлыбританиямен бастала­тын тізім Германия, Швейцария, Син­гапур, Оңтүстік Корея, Үндістан және Түркия болып жалғасып, жеңіл өнер­кәсіп саласына инвестиция сала бас­тады. Былтыр Өзбекстанда жеңіл өнер­кә­сіптің ІЖӨ-дегі үлесі 2,7 пайызға, тауар көлемі 15 пайызға артқан. Ал ел ішін­де биыл құны 918 млн АҚШ долларына бағаланатын жетпістен астам ірі жо­ба жүзеге асады деп жоспарланып, нә­тижесінде тоқыма өнімдерінің үлесін 3 есеге, тоқыма-трикотаж өнімдерін 
1,5 есеге өсіру межеленген.



Жіп иіру өнеркәсібіне жеңілдік керек

 Жақында Қазақстан Үкіметі деле­гациясының Ташкентке сапары аясын­да іскерлік жұмыс тобы құрамында болған «Азала Коттон» ЖШС директоры Бекет Тұрсынханов Өзбекстанның тоқыма өнеркәсібіндегі ерек­ше­лік­терге тоқталды. «Жеңіл өнеркәсіп ауқымды сала болған­дықтан, көрші елде тоқыма өнеркәсібі жеке сала ретінде дамып келеді.

Әрі соңғы үш жылда мақта тал­шық­тарын сыртқа шығаруға тыйым са­лынған. Бұл елде инвесторларға да жеңілдіктер қарастырылып отыр. Мы­салы, 1 млн доллар инвестиция сал­ған компания – 3 жылға, 10 млн инвес­тиция салған компания – 10 жылдан астам мерзімге салықтан боса­ты­лады. Салыстырмалы түрде алғанда, Өзбек­стан өнер­кә­сібі корпоративтік және қосым­ша құн салығынан босатыл­ған­дықтан, жіптері бізден 30 пайызға арзан әрі жартылай шикізат ретінде жіптің 70 пайы­зын экспортқа шығаруға мүм­кіндік жасалып отыр», дейді Б.Тұр­сын­ханов.

Көрші елдегі өндіріске серпін беріп отырған тағы бір мүмкіндік – коммуналдық төлемдерге жасалған жеңілдіктер. Мысалы, «Азала Коттон» өндірісінде 500 тонна жіп иірудің коммуналдық шығыны 20-25 млн теңге. Яғни, бізде 1 кВт – 13-14 теңге болса, көрші елдегі көрсеткіш – 7-8 теңге шамасында.

Киім өндірушілер көрші елмен бәсекелесе ала ма?

Өзге елдердің нарығын бағындыруға мықтап кіріскен Өзбекстан тарапы мұнымен тоқтап қалмай, ағымдағы жылдың алғашқы айларында тауарлардың бес жүзге жуық түріне кедендік салық жеңілдіктерін енгізгені белгілі. Осы орайда дабыл қаққан қазақстандық кәсіпкерлер жеңіл өнеркәсіп саласындағы көкейкесті мәселелер Еуразиялық экономикалық одақ аясында қайта қаралуы қажеттігін алға тартады.

Қызылорда өңірінде кәсібін дөңгелетіп, қырыққа жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Ділмұхамед Абызовтың айтуынша, мұндай жағдайда көптеген қазақстандық кәсіпорындардың ашық бәсекеге төтеп бере алмайтыны анық. Себебі, олардың көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен отыр. Өзбекстан кәсіпкерлері салықтан босатылады да, қазақстандық кәсіпкер белгілі бір нарыққа шыққанда немесе шикізат сатып алғанда кедендік баж салығын төлеуге мәжбүр. «Өткен жылы өзбек тауары біздің кәсіпорынның өнімінен 5 пайызға қымбат болса, биыл 7 пайызға арзандап кеткен. Сондықтан күніне 500, айына 10 мың жейде тігетін кәсіпорын үшін маржаны төмендетуге тура келді. Себебі, қалайда өндірісті тоқтатпауымыз қажет болды», дейді кәсіпкер.

Нөл пайыз жеңілдікпен қатар өзбекстандық кәсіпкерлер шикізатты да арзан бағамен алады. «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы осы жеңілдік шарттарын аталған кәсіпорынға да ұсынып отыр. Алайда мұндай мүмкіндіктер еліміздің басқа да өңірлеріндегі еркін экономикалық аймақтарда қолданылуы қажеттігін алға тартқан Ділмұхамед Абызов бүгінде Өзбектанның жеңіл өнеркәсібі ғана емес, барлық саласына жеңілдіктер бар екеніне қынжылысын білдірді. Осы орайда Қазақстан тығырықтан шығу жолдарын таппаса, жұмыссыздық пен әлеуметтік мәселелерінің өршитіні анық. Тіптен, бұл жағдайдың салдарын ұн, машина, жиһаз, аяқ киім, т.б. өндірушілері де көре бастаған.

 Жеңіл өнеркәсіп Үкіметтен қолдау күтеді

«Барлық елдерде бар артықшылықтар мен жеңілдіктер Қазақстанда жасалмаған. Соның салдарынан жеңіл өнеркәсіп саласы еңсе тіктей алмай келеді. Саланы дамыту мәселесі он жылдан бері күн тәртібінен түскен жоқ. Үкіметтің алдында көптеген мәселе көтерілді. Қазақстандық өнімді көбейтуге бағытталған «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы жасалғанымен, ол да алға жылжи қоймады. Шикізаттық әлеуетіміз бола тұра импортқа тәуелді болып отырмыз» деген пікірін білдірген Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Хлудова Өзбекстан ғана емес, Қазақстан аумағына тауарларын еркін тасымалдап жатқан Қырғызстан, Беларусь, Ресей, Қытай сияқты елдердің кәсіпорындары салықтан босатылғанын айтады. Тіпті, Үндістанда жеңіл өнеркәсіп саласын қолдайтын арнайы қор бар екен. Ресей мен Беларусь де саланың мемлекеттік қолдауынсыз дамымайтынына әлдеқашан көздері жеткен. Любов Хлудованың айтуынша, мақсатты саясат болмаса, еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласы дамымайды. Нарықта экономикалық теңсіздік басым. Қазақстанға келетін тауарлардың басым көпшілігі техникалық регламентке сай емес. Ал тауар бағасының бәсекесі жайында сөз қозғамас бұрын, тоқыма-тігін саласына қажетті шикізаттың мәселесі турасында айта кеткен жөн. Бұл бағытта Қазақстанның Кедендік одақтың белсенді мүшесі екенін қаперде ұстауымыз керек. Өйткені Қазақстанға сырттан келетін заттың құны біршама жоғары болып келеді. Елімізде өндірілетін мақтаның 70 пайызын экпортқа жөнелтсек, жүннің 14, терінің 20 пайызы ғана өзімізде өңделеді екен. Бүгінде Қазақстаннан өзге елдердің ішкі нарығының қауіпсіздігі қатаң сақталады. Ішкі нарығын қорғау мақсатында мысалы Беларусь пен Ресейде шикізат және жартылай шикізаттық өнімдердің біразы елден шығарылмайды. Сондай-ақ Өзбекстан, Қытай, Түркия елдерінің ішкі нарығына ену өте қиын. Балтық жағалауы елдері тіптен екі сатылы лицензиялау тәртібін енгізген.

Осы тұста айта кететін мәселе, жеңіл өнеркәсіптің көшін бастаған қазақстандық кәсіпорындар Өзбекстанға бір-екі рет өнімдерін сатуға ниеттеніп көрген. Бірақ сыртқа валютаны шығармауға баса мән беретін өзбектер біздің тауар өндірушілердің бұл әрекетіне тосқауыл қойса, өзбек валютасын АҚШ долларына бағамдаудың өзіндік қиындықтары бар. Осының салдарынан қазақстандық кәсіпорындар Өзбекстанға тауар сатып, береке таппасын түсінген. Есесіне, өзбек тауары бізге ағылып келіп жатыр. Осы орайда бұл мәселеге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің араласуы аса маңызды дейді Любовь Хлудова. Себебі, өндіріске ақша салуға ниеттенген кәсіпкерлер тойхана салып, шетелден тауар тасымалдап, өзге елдің экономикасын дамытуға мәжбүр болып жүргені ақиқат.

Қазір Қазақстан мен Өзбекстанның тоқыма-тігін саласындағы кәсіпорындары өздеріне қажетті шикізатты Қытай, Түркия сынды бірқатар елдерден тасымалдайды. Көршілес екі елдің кәсіпкерлері шикізатты ел аумағына кіргізгенде екі түрлі алым-салық төлейтіні анық. Өзбектердің сырттан кіргізетін шикізатқа төлейтін кедендік баж салығының мөлшері заттың өзіндік құнының 6 пайызы деңгейінде болса, қазақ кәсіпкерлері 30 пайызға дейін кедендік баж салығын төлеуге мәжбүр. Бұдан кейін жеңіл өнеркәсіп саласында кімнің бәсі жоғары болатынын бағамдай беріңіз.

Ал инвесторлардың Қазақстанды айналып өтуінің себебін қазақстандық нарықтың дайын өнімге бағытталғандығымен түсіндірген Любовь Хлудова Өзбекстан, Қырғызстанның инвестициялық тартымдылығы осы елдердің ішкі саясатымен тығыз байланыстылығын айтады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен өнім өндіру үлесінің артуы да инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз етіп келеді.

Бұрын мақта өсіріп, дайын бұйым шығаратын әрі бірде-бір кәсіпорны болмаған Өзбекстанның бұл қадамын реформаторлық шешім деп бағамдайды сарапшылар. Деректерге сүйенсек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзбектер тек 7 пайыз ғана мақта талшығын қайта өңдейтін. Қазір бұл көреткіш 55 пайыздан асқан. Өзбекстан сонымен қатар аяқ киім және теріден жасалған бұйымдарын Түркия, Италия, Ұлыбританияға экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Тіптен, Орталық Азиядағы теріні тереңдетіп қайта өңдейтін ең ірі орталық-хаб болу мүмкіндігін да қарастыруда.

– Деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 1500-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Отандық өндірушілер қал-қадерінше сапалы өнім шығару арқылы саланың дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Алайда, тоқыма-тігін саласы ішкі нарықтың 10 пайызын, аяқ киім өндірісі 2 пайызын ғана қамтып отыр. Елімізде мата шығаратын кәсіпорынның жоқтығы, жиі айтылып жүрген жүн кластерін құру мәселесінің де жүзеге аспауы саланың дамуына кері ықпалын тигізуде. Бүгінде еліміздің шикізат мүмкіндігі отандық былғары өндірісін дамытуға қауқарлы. Бір қуанарлығы ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап өңделмеген теріні сыртқа шығаруға тыйым салатын Үкімет қаулысы күшіне енді. Ендігі кезекте Семейде, Таразда, Алматыда орналасқан тері өңдеу кәсіпорындары жанданып, толық қуатында жұмыс істейді деген сенім мол, – дейді қауымдастық басшысы.

Маман мәселесін қозғағанымызда, Любовь Хлудова жеңіл өнеркәсіп саласы кәсіби жұмысшыларға зәру екендігін айтады. Бұл да мемлекеттің араласуын талап ететін мәселе. Себебі, өндіріс орындарына білікті мамандар тарту, кәсіби дизайнерлермен әріптестік байланыстар орнату әлі шешімін таппай келеді. Мысалы, Еуроодақ елдерінде дизайнер мен жеңіл кәсіпорындар арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Осындай жүйелі өндірістік технология арқылы дизайнерлер дайын киім үлгісін кәсіпорынға сата алатын болса, өндіріс басшылары дизайнерлерді дайындайтын оқу орындарымен қоян-қолтық жұмыс істеуді жолға қойған.

Қалай болғанда да, саланың еңсесін тіктейтін тетіктерді қарастыру биліктің еншісінде дейді сарапшылар. Осы орайда мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуі, көрші елдерде жасалған жеңілдіктерді пайдалану тәжірибелеріне көңіл аударуы аса маңызды.

АЛМАТЫ