Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Жарамсыз жолдардың жыры

428 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақтөбе тұтастай ел эконо­ми­касының өрге басуына өз үле­сін қосып келе жатқан өркенді өңір­лердің бірі. Облыста былтыр экономикалық өсім 5 пайызды құ­рауы осы пікіріміздің басты ай­ғағы. Бұл республикалық орта­ша көрсеткіштен біршама жоға­ры. Осындай өндірісі мен өнер­кәсібі өркен жайған өңірде авто­жол құрылысының қарқыны баяу­лығын, жарамсыздық деңгейі жо­ғары облыстық және аудандық жолдарды қалпына келтіру ісі төмендігін немен түсіндіруге болады?

Жарамсыз жолдардың жыры

Бұл көкейкесті мәселе Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқае­в­тың биыл 23 мамырда облысқа жасаған сапары
кезінде де көтерілген-ді.

Алдымен жоғарыдағы сауал­ға жауап іздер болсақ, облыста жол құрылысының жан-жақ­ты өрістей алмауының бас­ты себебі, қаржыландыру көз­де­рі мен ресурстарының тапшылығы деуге болады. Бұған рес­публикалық және жергілікті бюджеттер есебінен қаражат тар­ту сол бюджеттің өзіне үлкен сал­мақ түсіретінін де ескерген жөн. Демек, жол құрылысы үшін бір ғана бюджет қаражатына иек ар­ту іскерлік пен ілкімділіктің, жаңа­шылдықтың белгісі бола алмай­тынын баса айтқан жөн. Сон­дықтан жергілікті атқару­шы орган басшылары жол құры­лысын қаржыландырудың өзге де жол­дарын іздестіре білсе, оның еш­қандай артықшылығы болмас еді.

Айталық, бүгінде елімізде Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан транзиттік жолдарды қалпына келтіруге баса көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттағы ірі жобалардың бірі – «Ақтөбе – Атырау – Ресей Федерациясы шекарасы» автомагистралы. Оның ұзындығы – 319 шақырым. Ірі автожол құрылысының басты қаржыландыру көзі – Азия даму банкі болып отыр. Қаржымен  есептегенде  осы жолдың бір шақырымы 403 миллион 973 мың теңгеге тең екен. Жол құрылысының өзіндік құны өте жоғары екеніне осы мысалдың өзі айқын айғақ.

Әрине, облыста жол құрылысының қарқыны көңіл көншітпейді деген кезде бұған дейінгі атқарылып келген істерді жоққа шығара алмаймыз. Осы орайда өткен жылы Ақтөбе аймағында «Ақтөбе – РФ» шекарасы автокөлік жолы толық аяқталғаны атап айтуға тұрарлық іс. Ресейдің Ор қаласы бағытындағы автокөлік жолының елу шақырымы 2 миллиард 100 миллион теңгеге жөнделген.

Оған орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде Песчанка және Жаман Қарғалы өзендерінің бойына екі көпір салынды. Өзенге көпір салу – сауапты істің бірі екені белгілі. Бұл үлкен құрылыстың жергілікті қарапайым тұрғындарға тигізген шапағаты десек орынды болатын шығар. Әйтсе де, бұдан екі жыл бұрын басталған Шұбарқұдық – Ойыл – Қобда – Соль Илецк бағытындағы тас жолдың 307-334 шақырымы аралығындағы жөндеу жұмыстарының аяқсыз қалғаны қынжылтпай қоймайды.

 Жолға жұмсалатын қаржы жоғарыда айтылғандай, салалық құрылыстың басты айқындаушы факторы. Қолда бар деректер автожолдарға орташа және күрделі жөндеулер жүргізуге республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат мөлшері жыл сайын өсіп келе жатқандай көрінгенімен, бұл сома құрылыстың жұмырына жұқ болмайтын түрі бар.

Бүгінгі таңда облыс орталығы мен Алға және Мұғалжар аудандарының орталықтарын жалғайтын жолдардың жай-күйі де көңіл қанағаттандырмайды. Бұл екі арадағы асфальт ойылып, желініп, шұрқ тесік күйге енген. Бірқатар жағдайларда жол азабының көр азабына теңестірілетіні, оның жеңіл еместігін аңғартса керек. Сол секілді қазір Алға және Қандыағаш бағытындағы шұрқ тесік жолдарға күрделі жөндеу жүргізу ісі де осы бағыттағы «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы» дәліздерінің құрылысына байланысты болып отыр.

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы АҚ баспасөз қызметінен алынған деректерге сүйенсек, аталған магистральдың «Ақтөбе – Қандыағаш» бөлігі үшінші санаттан бірінші техникалық санатқа көшіріліп, мұндағы жол қозғалысы аумағы төрт жолақты құрамақ. Бұл расында да еуропалық стандарттарға негізделген елеулі жоба екені анық. Бүгінде осы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) бекітілген. Алайда, ТЭН-нің аты ТЭН. Бұл нақты іске айналғанша біршама уақыт өтетіні де ешкімге құпия емес. Оған дейін екі араға қатынас жасайтындар әлі де біраз уақыт іш құрылысын солқылдатып соқтырмақ. Аталған жол құрылысын тездетудің қажеттілігі де осында демекпіз.

Ал тұтастай Ақтөбе мен Атырау қалалары арасындағы жолдың жаңғыртылуы көршілес өңірлер арасындағы қарым-қатынастың одан әрі тереңдеуіне, кәсіпкерлік пен сауданың дамуына серпін бермек. Дәл қазіргі кезде бұл екі арада жарамды автожол болмағандықтан автокөлік жүргізушілер Атырауға Орал қаласы арқылы мың шақырым айналып барып жүргеніне куә бола аламыз. Осы екі араға қатынайтын пойыз жүрісінің қызметін реттеу ісі де кезек күттірмейді. Өйткені оған жылдың қай мезгілінде де билет бола бермейді. Мүмкін мұндай жағдайда қосымша вагондар қосу қажет шығар. Қысқасы, қазіргі кезде «Ақтөбе – Атырау» жолау­шылар пойызының әлеуметтік маңызы өте жоғары. Оған түсетін шектен тыс жүктеме Ақтөбе – Атырау автожолы пайдалануға берілген кезде ғана азаймақ. Әзірге бұл қуанышты сәттің қай күнге тап келетінін айта алмай отырған жайы­мыз бар.

Сондай-ақ, Ақтөбе қаласы мен Шалқар ауданы орталығы арасындағы автожол да ешқандай сын көтермейді. Бұл екі араға қатынайтындар да тек теміржол көлігіне отырады. Арғы-бергі жылдардың төңірегінде Шалқар ауданы тұрғындары теміржол рельсінің үстінде келе жатқаны ешкімге жасырын емес. Сондықтан Ақтөбе – Шалқар бағытындағы жол құрылысы жобасына айқындық қажет-ақ. Бұдан бірер жыл бұрын облыста «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік жолының бойындағы Ырғыз айырығынан Шалқарға тіке автожол тарту жөніндегі жоба сол кездегі өңір басшысы тарапынан жиі айтылатын. Бұл екі араның аралығы – жүз шақырым. Бір қарағанда тиімді жоба. Әйтсе де бұл істің сиырқұйымшақтанып, басы дырдай, аяғы қылдай болып кеткендігі өкінішті-ақ. Сірә, мұның басты себебі қаржылық тұрғыдағы мәселе шешімін таппағаны болса керек. Дегенмен алдағы кезде мұндай оңтайлы тиімді жобаға қайтадан қозғау салып көрген артық болмас. Әрі осы арқылы шалғайдағы Ырғыз және Шалқар аудандарының арасын жалғастырудың мүмкіндігі тумақ.

 Қазіргі кезде Ақтөбе облысындағы автожолдардың ұзындығы 6 мың 938 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1885 шақырым. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жай-күйіне тоқталсақ, оның ұзындығы бес мың шақырымның үстінде. Осы арада облыс аумағынан өтетін автокөлік жолдарының елу пайызы жарамсыздық жағдайында екенін де айта кеткен жөн.

Бүгінде өңірде облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жағдайы қалыпты деп айтуға келмейді. Шешілмеген түйіндер бар. Ізденістерге жол берсе сең сөгілетіні анық. Бұл ретте өңірде облыстың және аудандық маңызы бар жолдарды қалпына келтіру ісі бірінші кезекте «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Ақтөбе – Хромтау және Ақтөбе – Қандыағаш жолдарын жөндеуден бастау алып отыр. Өзінің жөні мен жолын тапқан осындай жобалар бұдан әрі жалғасатын болса, әжептәуір серпіліс туып, жарамсыз жолдар азая түспек.

Сондай-ақ жергілікті тұрғындар бұған дейін салынған бірқатар жобалардың сапасына сын айтып келгенін де жасырып қалғымыз келмейді. Осы кезге дейінгі жөнделген және қайта салынған автокөлік жолдарының сапасын  жылжымалы жол зертханалары тексеріп келді. Жолдың сапалы болғанына не жетсін! Әйтсе де бүгінгі жол бизнесінде жемқорлық пен сыбайластықтың артуына аты бар да заты жоқ осындай «жылжымалы зертханалар» себепші болып отыр. Соңғы уақытта бұл жауапты жұмыстың еуропалық стандарттарға сәйкестендіріліп, соған сай елімізде Жолдар сапасын бақылау жөніндегі Ұлттық орталық құрылғаны үлкен үміт күттіреді. Ең бастысы, осы арқылы жол құрылысы жобаларын талдауға, оны орталықтандыруға және жол компания­лары қызметіне бақылауды күшейтуге жол ашылуы тиіс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа келген сапарында Ақтөбе өңірі әкімдігіне облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды қалпына келтіру ісін 2025 жылға дейін жолға қоюды тапсырған болатын. Жергілікті атқарушы билік өкілдері Президент тапсырмасының үдесінен шыға ала ма, жоқ па, бұл сауалдың жауабын алдағы күндердің еншісіне қалдырғанымыз жөн.

 

АҚТӨБЕ