Руханият • 19 Шілде, 2019

Би бейнелеген Шыңғысхан шындығы

1342 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жарты әлемді жаулаған жаһан әміршісі – Шыңғысхан тағдырына қатысты айтылар түрлі аңыз да, талас та көп. Ал тартыс, драматургиялық шиеленіс дегеніңіз – спектакль үшін таптырмас өзек. Міне, сондықтан да болар, ұлы қаһан тақырыбына өнердің түрлі жанры оқтын-оқтын оралғыш келетіні...

Би бейнелеген Шыңғысхан шындығы

Әдебиет пен көркемөнерді айтпағанда, аталған тақырыпқа театрлардың да тым-тым жиі қы­зығушылық танытуының бірден-бір себебі тұлға айналасынан өрбитін тылсым мен жұмбаққа толы осы тартыс болса керек. Иә, бұған дейін драмалық театр­лар сахнасынан түрлі форма мен мазмұнда қойылған «Шың­ғысхандарды» көріп жүр­генімізбен, бұл – би тілінде сыр тарқатқан аңыз тұлғаның ақи­қатына алғаш рет талпыныс жасауымыз екен.

Жақында Бейбітшілік және келісім сарайы сахнасын­да тұ­сауы кесілген «Наз» мем­­л­е­кет­тік би театрының «Шың­ғыс­­­хан» хореографиялық қойы­лымын тамашалай отырып, сан түрлі ойдың жетегіне ергеніміз жасырын емес. Қазақстанда тұңғыш рет Жастар жылы аясында қойылған спектакльдің режиссер-хореографы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хадиша Ағымбаева болса, қоюшы хореографы – Моңғолия мемлекетінен арнайы шақырылған маман Тугсуу Тумурхуяг. Айтулы жоба «Наз» мемлекеттік би театрының 20 жылдық мерейтойы құрметіне сахна төріне шығып отыр.

Қойылым Азиядағы тұңғыш біртұтас мемлекет құрушы, өз заманының аса ірі әскери және мемлекет қайраткері Шың­ғыс­ханның (Темүжін) өмірі мен ерен еңбегіне арналады. Аңыз-әңгімелерге сүйене отырып құ­рылған оқиға желісі негізінен Шың­ғысханның бала кезінен бас­тап, ержетіп, ел билеген ке­зеңдерін қамтиды. Әскери та­лантының арқасында кең-байтақ территорияны басып алып, жарты әлемге билік жүргізгені хо­рео­графия тілінде көркем бей­неленеді.

Режиссер-хореографтың айтуынша, бұл Шыңғысханды өзге Шыңғысхандардан даралайтын басты ерекшелік – қаһарынан күл­лі адамзат қаймыққан қаһан, жаһан жаулаушысы ретінде ғана емес, қойылымда ең әуелі оның қарапайым адам, пенде ретіндегі ішкі толқыныстарына баса назар аударылуында екен.

– Шыңғыс хан – әлемдік ма­ңызы бар тұлға. Даңқты қол­басшы тақырыбына қатысты та­лас та, тартыс та көп. Тұл­ға тағдырынан әркім өз шын­дығын, ақиқатын тапқысы келеді. Мәселен, Моңғолияда Шың­ғысхан есімі қасиетті әрі қадірлі. Олар Шыңғысханды моңғолдың қолбасшысы десе, біздің тарихшылар да қазақ тарихының көрнекті өкілі деп жазады. Және ол солай да. Оған куә ұзақ уақыт бойы қазақ хандығын Шыңғыс әулеті басқарып келді. Әрине, бұл біреулер үшін даулы тақырып болуы мүмкін. Бірақ қалай десек те, ол құрған мемлекет те, оның ру-тайпалық құрамы да, Алтын Орданың мемлекеттік тілі де – қазіргі қазақтың төл шежіресі. Оны тарихымыздан алып тастай алмаймыз. Сол себепті қойы­лымның көркемдік деңгейі ғана емес, мазмұндық мәніне де жі­ті мән беріп, барынша жан-жақ­­ты қырынан саралауға күш салдық. Осы мақсатта елімізге белгілі түрколог ғалым, филоло­гия ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлын қойылымның ғылыми кеңесшісі ретінде бекітіп, жұмысымызда сол дәуірдің тынысы барынша қанық суреттелуі үшін Моң­ғолия мемлекетінен хореограф Тугсуу Тумурхуяг мырзаны арнайы шақырып, бірлесе жұмыс іс­тедік. Ізденісіміз бен талпыны­сымыз көзіқарақты көрермен көңілінен шығады және өзінің лайықты деңгейдегі бағасын алады деп сенеміз» – дейді «Наз» мемлекеттік би театрының көр­кемдік жетекшісі Хадиша Ағым­баева.

Режиссер атап өткендей, екі жылдан аса жүргізілген дайын­дықтың жемісі шын мәнінде көңілге құрмет орнықтырады. Шымылдық ашылған сәттен-ақ көзді де, көңілді де баурай­тын, әрине, сценограф Қанат Мақсұтовтың ерекше суреткерлік қиялының жемісі – сұлулық тұнған сахна мен композитор Бям­басүрэнгийн Шаравтың құ­лақтан кіріп бойды алған таңға­жайып музыка сарыны. Әуен арқылы түркі әлемінің та­рих қатпарларында жасырынып қалған құпиясы бар сырын ақтарып, бейнебір сайрап кеткендей жан дүниеңізді әлемтапырық күйге бөлейді. Өзіне бірден бау­рап ала жөнеледі. Бұлай бо­луы заңды да. Өйткені айтулы спектакль Шыңғыс хан тақы­рыбына арнайы жазылған музыка негізінде сахнаға шығып отыр. Моңғол елінің өнер майталмандары – композитор Бям­басүрэнгийн Шарав пен хорео­граф Тугсуу Тумурхуягтың тандемі спектакльдің қазақы бояуы­на моңғолдық сарын үсте­ген. Ол тек музыка мен қи­мыл­дан ғана емес, костюмдер үлгі­сінен де айқын аңғарылады. Сөйтіп жалпы қойылым өрнегі бауырлас екі ел мәдениетінің ерекшеліктерінен өзінше бір син­тез түзген. Бұл – тұңғыш рет көрерменімен қауышып отырған хореографиялық қойылымның визуальды штрих-детальдары сыйлаған алғашқы әсер ғана. Оқиға өрби, шиеленіс ширыға келе әлгі сезіміміз сан түрлі бояу­мен қалыңдай, күрделене түсті.

Сырттай бақылап, сахна тілі арқылы сараптап көргеніміздей, қос мемлекет хореографы – қазақстандық Хадиша Ағым­баева мен моңғолиялық Тугсуу Ту­мурхуягтың бірлескен жұ­мысы би тілінің жаңа мүмкін­дік­терін аша түскеніне куә бол­дық. Біз тамашалаған шығар­машылық ізденістің бір ерек­шелігі – мұнда бірнеше би тілінің стилі, яғни халықтық сарын да, модерн мен классика да бар. Бір арнада тоғысқан сан түр­лі хореографиялық өрнек спектакльдің эстетикалық һәм мазмұндық бояуын түрлендіре түскен. Соның арқасында қойы­лым тек хореографиялық жұмыс емес, белгілі бір деңгейде дра­малық спектакльдің де жүгін көтеріп тұр. Оны Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайрат­ке­рі Әлия Атымтаева, Ер­жан Құдайбергенов, Гауһар Исма­ғұ­лова, Асхат Мәден, Мар­ғұ­лан Жеңісов, Сағит Дүзбаев, Ұлан Изенаев, Назерке Есей­қызы, Айдана Дайрабекова, Айнагүл Тұрсынова, Данияр Жап­пасов, Айнабат Науқанова сынды талантты әртістер жұ­мы­сы сәтті толықтырады. Әсі­ре­се, қойылымдағы жетекші со­лис­­тер – Шыңғысхан мен Бөр­­те бейнесіндегі – Ержан Құдай­­бергенов пен Гаухар Ис­ма­ғұ­лованың рөл сараптаудағы үн­дескен тамаша тандемі ай­рықша атап өтуге тұрарлық.

– Әрине, Шыңғысхан қай жағынан келсек те, кесек, күрделі бейне ғой. Бишіні шеберлік тұрғысынан түрлі қырынан ши­рықтырып, шынықтырады. Сол тұрғыдан келгенде, аздап қорқыныштың болғаны рас. Оның үстіне, өзге елден келген хореографпен жұмыс істеудің өз ерекшелігі болады дегендей. Тугсуу Тумургуяг мырза моңғол елінің халықаралық деңгейде мойындалған біліктілігі жоғары кәсіби маманы. Жас әртіс ретінде бұл мен үшін де, ұжымымыздағы өзге бишілер үшін де үлкен тәжірибе болды. Ал екі елдің би қиымылдарының ерекшелігі өз алдына үлкен бір тақырып. Қан­ша жерден көшпелі елдердің мәдениеті ортақ дегенімізбен, әр халықтың өзіндік иірімдері болады. Бұл қазақ пен моңғолға, әсіресе қос ұлттың өнері мен мә­дениетіне де қатысты. Мәсе­лен, қазақ биінде қолды ұстау, «позициядан» аспау керек деген қағидалар болса, моңғол биінде жалпы әрекетке еркіндік беріледі. Десек те, көшпелі ел­дің мінез-құлқы, мен­талитеті тұрғысынан сараптау мәдениеті мен болмыс ерекшелігі үндес, ұқсас. Сол жағынан келгенде моңғол биін аса қатты жатырқай қоймадық. Хореографпен тез-ақ тіл табысып кеттік, – деп Ержан Құдайберген қойылым премьерасынан кейін өз әсерімен бөлісті.

Жалпы, шығармашылық топ қойылымға барынша заманауи леп беруге ұмтылғаны байқалады. Мәселен, сценографтың минимализм мен сахна шарттылықтарына көбірек иек артқаны, сонымен қатар бар оқиғаны симво­лика тілімен ұсынуға деген тал­пы­нысын суретшінің сәтті сарап­тамаларының санатына жатқызуға болады. Бастысы, сах­нада басы артық әрекет жоқ, барлығы да нанымды, ақ­та­лымды. Костюм дизайны да алыс­тан көз жауын алып, сах­наның сұлулығына сұлулық үс­теуде сәтті қызмет етіп тұр. Осын­­дай орайы табылған ойлы ізденіс көрушісіне де рухани қуа­ныш сыйлағаны сөзсіз. Әр жұмысына кәсіби талғам һәм үлкен жауапкершілікпен келетін театр ұжымы, сөзсіз, бұл жолы да сол биігінен түскен жоқ.