Әлем • 19 Шілде, 2019

Моңғолиялық хореограф Тугсуу Тумурхуяг: Өнерді тіл емес, сезім біріктіреді

422 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Моңғолиялық хореограф Тугсуу Тумурхуяг:   Өнерді тіл емес, сезім біріктіреді

– Тугсуу мырза, Қазақ­стан­ға қош келдіңіз. Жал­пы, шығар­машылық тәжі­ри­бе­ңізде бұған дейін «Шың­ғыс­хан» тақы­рыбымен ұшырасып па едіңіз?

– Жоқ. Бұл менің «Шыңғыс­ханмен» сахнада алғаш қауы­шуым. Тұңғыш тәжірибе. Өте қызық болды. Жалпы, кез келген шығармашылық адамы үшін Шыңғысхан тақырыбы қызық деп ойлаймын. Өйткені аңыз тұлғаның бар өмірі шы­тырманға тұнып тұр. Ал тартыс бар жерде ізденіске де жан-жақты мүмкіндік мол. Бұл тақырыптың мені толғандырып жүргеніне көп болған. Алайда іштей дайын болмадым-ау, тартыншақтап ұзақтау жүріп қалдым. Содан күтпеген жерден түскен ұсыныс арманымды ақиқатқа айналдырды. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстаннан Хадиша Ермекбайқызы хабарласып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Шыңғысхан жайлы хореографиялық қойылым қойғысы келетіндігін айтып, шығармашылық жоспарларымен бөлісті. Хадиша ханыммен ойымыз, көзқарасымыз  бір жерден шығып, келісімімді бердім.

– Сөзіңізден түйгеніміздей, демек спектакль дайындығына 3 жылға тарта уақыт кетті ғой. Тақырыпты қанша күрделі десек те, хореографиялық қойы­лым үшін бұл тым ұзақ емес пе?  

– Ойыңызды түсіндім. Дайындық жұмыстары үзіліп жүрді.  Ортақ жоба 2016 жы­лы қолға алынды дегенмен, қаржылық жағдайларға және басқа да түрлі себептерге байланысты арада 2 жылдай үзіліс болды. Бірақ қойылымның жалпы концепциясын екі жақтан да өзімізше қорытып, іштей пісіріп алдық. Алғашқы кездесуімізде бишілерге нақты тапсырмалар беріп кеттім. Олар да ізденісін тоқтатпады. Хадиша ханым бастаған шығармашылық топ сценография мен костюм, жалпы қойылымның көркемдік жағына баса мән берді, арнайы мамандармен келісім жүргізілді. Ал түбегейлі би қойып, көрерменге ұсынуға 3 аптаның айналасында ғана уақыт кетті.

– Бұл жеделділіктің кілті неде? Хореографтың білік­тілі­гінде ме,  әлде актерлердің алғыр­лығында ма?

– Театр деген ұжымдық өнер ғой. Сахнадағы кез келген жетіс­тіктің кілті – ол әлбетте сәтті шы­ғармашылық тандемде деп ойлаймын. Үлкен олжа – бізде сол шығармашылық ансамбль болды. Бір-біріміздің ойымызды тез ұғып, бірден түсінісіп кеттік. Әрине, алғаш ұсыныс түскен кезде жүрексінгенім рас. Өйткені бұл қазақстандық бишілермен алғашқы тәжірибем  екен. Түсінісу мәселесі іштей үлкен үрей тудырды. Тіпті би қоюға берілген 3 ай уақытта үлгермей қалармын-ау деген күдік те жаныма бір сәт маза бермеді. Бірақ, қуанышқа орай, бәрі мен күткеннен де керемет болды. «Наз» театрының әртістері өте талантты әрі кәсіби біліктілігі жоғары мамандар екен. Сахна мәдениетін игерудегі талғамдары да тамаша. Пластикалық мүм­кіндіктері өз алдына бір төбе. Мұндай әртістермен жұмыс істеудің өзі қайталанбас шығар­машылық ләззат сыйлайды. Соның нәтижесінде 3 айда бітіріп үлгермеймін деген қойылымды небәрі 3-ақ аптаның ішінде аяқтадық.

– Ал тіл мәселесінде ше? Бір-біріңізді ұғысуда қандай да бір қиындықтар туындамады ма?

– Рас, алғашында бұл мәселе де мені бейжай қалдырмады. Түріміз бір болғанмен, тіліміз бөлек. Қалай түсінісеміз деп толқыдым. Алайда бұл мәселе де мен күткеннен жылдам шешілді. Білесіз бе, жалпы өнерге, әсіре­се би өнеріне тілдің тіпті де қа­жеті жоқ екен. Өнерді сезім мен сұлулық біріктіреді. Осы қойылымды дайындау барысында соған көзім анық жетті.

– Басты рөлдерге актерлік құрам қалай таңдалды?

– Театр әртістерінің барлығы өте сұлу әрі талантты. Оған дау жоқ. Тіпті, ә дегенде қайсысын басты рөлге бекітерімді білмей, біраз абдырағаным да рас. Бірақ қойылымның мақсаты мен ма­ңызын өзек етіп ала отырып, негізгі кейіпкерлерді өзім таңдап алдым. Қуанғаным – түйсігім алдамапты. Бишілердің барлығы өз міндетін кәсіби жоғары деңгейде орындап шықты. Спектакльдің басты жеңісі де осында шығар, бәлкім.

– Қазақ би өнері мен моңғол хореографиясының арасында қандай да бір айырмашылық немесе ұқсастықтар бар ма екен?

– Әлбетте, оған сөз бар ма?! Әрбір елдің менталитетіне сай өзіндік өрнегі, хореографиялық ерекшеліктері де болады. Моңғол би өнерінің стилі басқа, қазақтікі мүлдем бөлек дегендей. Ол– заңдылық. Мәселен, қазақта көбінесе қолдың қимылы мен негізінен сыртқы әуез бен әдемілікке басымдық берілсе, моңғолдарда аяқтың әрекеті алға шығады. Бірақ екі елді ортақтастыратын алтын тін – атқа міну өнері, яғни көшпелі өмір салты, еркіндік рухы.

– Шыңғысхан моңғол елі үшін таңсық тақырып емес. Әйтсе де, Қазақстанда қойылған бұл «Шыңғысханның» қандай ерекшеліктерін баса айтар едіңіз?

– Сөзімнің басында айтып өткендей, бұл – менің хорео­графиядағы алғашқы шығар­машылық тәжірибем. Оның үстіне, дебютім өзге ел көрер­мендерінің алдында сынға түсіп отыр. Сондықтан да барынша жауапкершілікпен, жан-жақты ізденіс, жаңалықпен келуге тырыстым. Әрине, біздің елде де «Шыңғысханды» өнердің түр­лі жанрында сынап көрген жұмыстар жетерлік. Арасында аса сәттісі де, олқы түскені де кездеседі. Бірақ, мен осы орайда жалғыз-ақ дүниені айтқым келеді. Біз бұл қойылымға көркем шындық пен аңыз-әфсаналарды емес, барынша тарихи деректерді өзек етуге ұмтылдық. Оқиға желісін ғалымдармен бірлесе отырып жасап шықтық. Ме­ніңше, қойылымның негізгі ерек­шелігі де осында болар. Одан кейін спектакльде авторлық музыка пайдаланылды. Оны  моңғол еліне белгілі композитор Бямбасүрэнгийн Шарав ар­найы жазды. Бұған дейін де Бямбасүрэнгийн мырза «Шың­ғысхан» тақырыбына арнап симфония, бірнеше фильм­ге музыка жазған болатын. Сондықтан да Хадиша ханыммен ақылдаса келе, осы композитормен бірлесе жұ­мыс істеуге бекіндік. Бұдан бөлек,  жалпы спектакльдің стилін де айтып өткім келеді. Бұл жерде де біз арнайы қатып қалған би дәстүрлеріне бағынбай, би­шілерге сахнада барынша еркін көсілуіне мүмкіндік бердік. Яғни  қойылымда хореография тілінің бірнеше стилі қатар қамтылды. Оның ішінде халықтық хорео­графия да, классикалық би мен модерн элементтері де кез­деседі. Меніңше, жаман шық­­паған сияқ­ты. Бастысы, біз жұмы­сымызды ұсындық. Енд­ігісіне талғампаз көрермен төреші.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»