Тарих • 19 Шілде, 2019

Қызыл қырғын құрбандары

780 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Зобалаң заманның саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгілік есте сақтау мақсатында осыдан 13 жыл бұрын Петропавл қаласының көрнекті жерінде еңселі ескерткіш бой көтерген болатын. Мемориалдың бұрынғы НКВД орналасқан ескі жұртқа қойылуының символдық мәні ерекше.

Қызыл қырғын құрбандары

Кешеннің тұрғызылуына үлкен үлес қосқан және осы мәселені індете зерттеп жүрген жергілікті «Память» қоғамдық ұйымының төрағасы, облыстың құрметті азаматы Сағындықов Болат ақсақалдың есебінше 7600-дан астам солтүстікқазақстан­дық жазықсыз жапа шегіп, 1,5 мыңға жуығы ату жазасына ке­сілген. Бөкең «үштіктің» құ­ры­ғына іліккендердің саны бұ­дан да көп болуы мүмкін, өйт­кені бұл сала ғалымдардың, тарих­шылардың араласуымен әлі де терең зерделеуді қажет ете­ді деген пікірде. Ауқымы кең тақы­рып­ты зерттеу мақсатымен Ресей­ге ұйымдастырылған экс­пе­диция құрамына Ғалым Қадыр­әліұлы, Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаев секілді өлкетанушылар еніп, қазақ хал­қын қынадай қырған ауыр нәубет жайлы құнды мағлұматтар әкел­ген. «Шаш ал десе бас алатын» ұрда-жық солақай саясат сал­дарынан басқа аймақтарға, ең­бекпен түзеу лагерльлеріне, коло­нияларға күшпен көшірілген жерлестеріміздің бастан кешкен мүшкіл жағдайы мен ауыр тұр­мысына қатысты деректер қазір аз емес. Тағдырдың тәл­кегімен Көкарал деген жерге аяқ суытып, жыраққа кетпей ел ішінде қалғандарына шүкір­шілік дескен. Ол жақтағы ағайын­дарымыз бала-шағаның аузынан жырып жылы-жұмсағын ұсынған, өзге де бауырмалдық көмек-қам­қорлықтарын аямаған.

Марқұм Ғалым ағамыз өз жазбасында алғашқы тәркілеуге Петропавл уезі бойынша ең ірі 33 байдың ілігіп, 9292 төрт түлік мал, 41 үй, 37 киіз үй, 38 сарай, 33 мал қорасы, 119 ауылшаруашылық құралдары, 125 арба мен шана, басқа да көптеген жиһаздар мен тұр­мыстық заттар алынғанын мысал­ға келтіргені бар. Ал қуда­лау­дың екінші толқыны кезінде репрессия мүлдем күшейіп, жөн­сіз күдіктену, дәлелсіз әшкере­леу, асығыс шешім қабылдау әб­ден белең алғанға, «шолақ бел­сенділер» мүлдем еркінсіп кеткенге ұқсайды. 5182 шаруашылықтың 3452-і еріксіз таратылып, кедей-кепшіктердің өздері «ауқаттылар» санатына жатқызылып, нақақтан нақақ күйіп кете барған. Одан әрі «Көкаралды көрмесек те, ол жайын­да көп естиміз. «Оның әкесі не атасы Көкаралға айдалыпты, сонда сотталыпты, содан оралмапты» деген ауызекі сөздерді әркез құлағымыз шалып қалып жүрді. Сонда Көкарал қайда?» деген сауал қояды да «Көкарал – Арал теңізіндегі жүздеген арал­дардың ең үлкені. Аңызақ жел, құмды боран, көшпелі құм – бәрі құрғақшылық нышаны. Осы жер отызыншы жылдардағы ойранның тірі тарихи куәгері іспеттес. Теріскейліктер Арал азабын әбден тартып, көрер жарығы барлары ғана арып-ашып, жадап-жүдеп кері оралған. Солардың бірі – Ысқақ әулеті еді, деп өткеннен суыртпақтап сыр сабақтайды. Иә, бұл отбасының бар жазығы – атадан мұра ретінде қалған дәулетті иеленуі ғана. Ысқақ пен бәйбішесі қудалаудың құрығынан құтылмайтынын сезіп, Түмен жағын паналаған. Алты баланың алды сотталып, алдымен Новосібірге, сосын Балтық теңізі жағалауындағы Беломор каналына жіберілген. Ұлы Зейнолла Аралдағы туыстарына барып, құ­лын-тайдай шұрқырасып табыс­қан. Мұндағылар кесімді мер­зім біткенше ел жаққа елең­деу­мен өткен. Шайзада, Едірес, Зиядаға топырақ жат жерден бұйыр­ған. Бір әулеттің тоз-тозын шығарған дүрбелең туралы Көкаралда дүниеге келген Әлім­бектің айтуынша ондағы пілте­нің жарығындай өлмеші өмір мен діңкелеткен ауыр тұрмыс «Қан мен тер» трилогиясында си­пат­талған жағдайдан бір мысқал кем болмаған. Қатқан мұзды ою, ауды суға салу, балық аулау, үйренбеген кәсіп қиямет саналған. Қыста тоңып, үсіп өлгендер, мұз ойығына кеткендер, ішетін тамақ, киетін киім тапшы­лығынан көз жұмғандар аз болмапты. Балықты ғана талғажу ет­кен.Тек табаны күректей 22 жыл­дан кейін ғана қариялар дүние салып, жастары шау тартып, Аралда туғандары ержетіп елге табан тіреген.

«Жазмыштан озмыш жоқ деген» рас-ау. Құда-құдандалы ретінде жұптары жазылмай бақ­уатты күн кешкен Мұхамедқали мен Көшімбай ақсақалдарды тағдыр Көкарал мен Ресейде жолы­ғыстырған. Мұхамедқалиға жүзік­тің көзінен өтетін белсен­ділігі, патшадан шен-шекпен алған марапаты сор болып жабыс­қан. «Құрығы ұзын» өкімет сауат­ты, он саусағынан өнер там­ған балаларын да қыр асырып, тентіретіп жіберген. Бай-билердің санатына кіргізіліп, күнгей жақтан бірақ шыққан. Еті пысық Мәжит пен Қабдырашит Көкаралдан қашудың амалын ойластырып, балықшылармен мәмілеге келген. Теңізден шыққан соң құмды, шөлді жерлерді көктей өтіп, көп бейнет көрген. Көшімбай әулетінің да көрген қорлығы осыған ұқсас. Құйрық-бауыр жесіп, төс қағыстырған ша­ңырақ иелері Кемеровода бір-бірімен кездейсоқ ұшырасып, жылап көріскен. Зауытқа, шах­таға жұмысқа орналасып, еңбекқор­лығымен танылған. Бау-бақша, жылқы өсіріп, Монғолияға дейін саудалаған. Көшімбай ақсақал мен Ғазиза әжей Том өзенінің арғы жағалауындағы мұсылмандар зиратына жерленген. Тәуелсіздік таңы арайлап атқанда сыртта жүрсе де ата-баба жұртын бір сәт те ұмытпаған, естен шығармаған қос әулеттің немерелері атамекенге жетіп, байыз тапты. «Орнында бар оңалар» деген осы!

Келмеске кеткен зұлмат заман уақытында қызыл қырғын салдарынан жан-жаққа тарыдай шашылып, тентіреп кеткен кеткен саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге жер-жерлерде ескерткіш белгілер қойылып, аруақтарға тағзым етілсе, үлкен құрмет осы болар еді. Сонда еліміздің ертеңі – жас буыны ол қаралы күндерді ертегідей емес, тарихи шындық ретінде сезініп, жан-жүрегімен қабылдары хақ.

 

 Солтүстік Қазақстан облысы