Қоғам • 19 Шілде, 2019

Өзге үшін полицей құрбан болуы тиіс пе?

542 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Полицейлердің қоғамдық тәртіпті сақтаудағы, қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі орнын ешкім жоққа шығара алмайды. Ел арасында келеңсіз жағдай орын алғанда алғашқы болып кеудесін қауіпке қарсы тосатын да, тіпті оқыс жағдайларда алдымен оққа ұшатын да – полицейлер.

Өзге үшін полицей құрбан болуы тиіс пе?

Күнделікті өмірде көшедегі бұзақыларды құрықтап, ұрыны ауыздықтап, төбелескенді тезге салып, жоғалғанды іздеп, зәбір көргенді жақтап, адамдарды қызыл жалын өрт арасынан алып шығып, небір қандықол қылмыскерлермен бетпе-бет келіп, сан-сапат қауіпті істердің арасында жүрген олардың әрбір сағаты қатерге толы.

Қызмет бабында қылмыскер­лерді ұстау немесе қиын жағдайға тап болған тұрғындарды құтқару кезінде қаза болған поли­цейлердің ажалын жоғарыда айтылғандай «қызмет бабында» деген тіркестің аясына сыйғызып, қинала отырып өзінің міндетті жұмысын атқару кезінде қаза тапты деп жұбануға тура келеді.

Ал полиция біреу үшін өмірін қиюға міндетті ме?..

Өткен жылы теңіздің асау тол­қын­дары ақкөбік болып жағаға ұрып, алып қазан бұрқ-сарқ қай­нағандай болған күні жаға­лауға жете алмай суға бір батып-бір шығып жүрген әйел жанұшыра көмек сұрай айқайлады. Демалушылар көмек бергісі келгенмен, алып тол­қын­дардың өз өмірлеріне қауіп төн­діретінін сезіп, іркіліп қалды. Осы сәтте көптің назары по­лицей формасындағы екі-үш жігіт­ке ауды. Бұл – олар үшін сын сағат еді. Ше­шініп жағаға барға­ны­мен, олар да тәуекел ете алмады. Жан­дәр­мен белбеулерін жалғап, әйелге лақты­ру­дың қамына кірісті. Бұдан да ештеңе шықпады, өйткені әйел толқынмен жақындай түсе алыстап, қақпақыл күйге түсті. Ал жағалаудағы ошарылған халық тек полицейлерге үміт етіп, ажал аузын­дағы әйелді құтқару солардың мін­деті деп қаздия сіресіп тұр. «Көмек­теспедіңдер! Қорқақтар! Неге суға секірмейсіңдер!» деп кінә­лай дауыстап жатқандар да жоқ емес. Полицей де адам, ол – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуші, бірақ сүңгуір емес. Оның да өмірі қымбат, тірі қалмайтынын біліп тұрып жанкештілікпен ажал аузына өзін лақтыруға өзгелер сынды олардың да тәуекел ете алмайтынын түсінуге болады. Мүмкін, суда жүзе алмай­тын шығар... Тіпті су түбіне сүң­гуге маманданған, арнайы құ­рыл­ғы­лармен жабдықталған сүңгуір­лер­дің өзі рұқсат етілмейтін сәттерде толқын құшағына еніп кетудің қауіпті екенін айтып, дауыл ішін тартқан сәтті күтеді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, жанұшырған әйелді тау-тау толқындар ақыры жағалауға алып келді, осы сәтті аңдып тұрған поли­цейлер белбеулерін лақтырып, бірі­мен бірі тіркесе амалдап, қолы­нан сүйреп алып шықты. Бірақ оларға қатысты бірде-бір жақсы сөз ай­тыл­ған жоқ – өңкей боқтау мен даттау...

Биыл Атырау қаласында көпір­ден секірген бойжеткенді құт­қара­мын деп, бар қызығы алдындағы өрімдей сержанттың опат болғаны бар. Отбасының жалғыз асыраушысы, екі айдан соң отбасын құрып, туыстарын қуантамын деп жүрген соқталдай жігіт ойламаған жерден көз жұмды. Өкінішті-ақ.

Елімізде суицидтің алдын алған поли­цей­лерге қатысты мысалдар жет­кі­лік­ті. Алдын алған жақсы, ал өз өміріне қауіп төндіріп көзсіз әрекет­терге бару – полицей үшін міндет емес және сол үшін оларды кінәлаудың қажеті жоқ.

 

Маңғыстау облысы