11 Сәуір, 2013

Қордайдағы жаңа қалашық құрылысына жеке кәсіпкер өз қаржысын құйып отыр

386 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қордайдағы жаңа қалашық құрылысына жеке кәсіпкер өз қаржысын құйып отыр

Бейсенбі, 11 сәуір 2013 2:00

Атымтай жомарт сынды ақкөңіл азамат, белгілі кәсіпкер Болат Назарбаев Қордай ауылының солтүстік-батыс жағындағы 12 гектар аумаққа екі отбасылық, 70 коттеджден тұратын қалашық салу үшін өңір экономикасына қомақты инвестиция салды.

 

Бейсенбі, 11 сәуір 2013 2:00

Атымтай жомарт сынды ақкөңіл азамат, белгілі кәсіпкер Болат Назарбаев Қордай ауылының солтүстік-батыс жағындағы 12 гектар аумаққа екі отбасылық, 70 коттеджден тұратын қалашық салу үшін өңір экономикасына қомақты инвестиция салды.


Бүгінде болашақ қалашық құрылысшылардың қайнаған жұмыс алаңына айналған. Бетон құюшылар алғашқы 3 коттедж құрылысының іргетасын құйып бітіріп, кірпіш қалау жұ­мыстарына кірісіп те кетіпті. Ел игілігі жолындағы иманды бастаманың иесі Болат Назарбаев сол іргетастың біріне алғашқы кірпішті өз қолымен қалап, құрылысшылардың жұмысына табыс тіледі.

– Бізге жарық дүние сый­ла­ған Әлжан анамыз Қордай ауданындағы Қасық ауылының қызы. Сондықтан асыл анамыздың кіндік қаны тамған өңір бізге де өте ыстық. Ендеше, алтын анамыздың атын мәңгі есте қалдыру үшін осы бір жауапты да өте үлкен жобаға тәуекел еттім. Ауданда 5500 отбасы тұрғын үй кезегінде тұр екен. Болашақта «Әлжан апа» атындағы қалашықта осы кезекте тұрғандардың ішіндегі туған жеріне келіп ту тіккен оралмандар, шекара қызметкерлері, кеденшілер, мемлекеттік қызметкерлер және басқа да жас мамандар үлескер ретінде үй алып, тату-тәтті өмір сүріп, ал ауласында балаларының шат-шадыман күлкілері саңқылдап естіліп жатса, байтақ үшін де, біз үшін одан артық қандай бақыт бар, – деген кәсіпкер өз жобасының қыр-сырын жиналған жұртпен бөліскен.

Кәсіпкердің айтуына қарағанда, келешекте қалашықтың өз бала­бақшасы, стадионы, балаларға арналған ойын алаңдары және тұрғындардың күнделікті тұрмыс қажетін өтейтін тағы басқа да әлеуметтік нысандары болады. Ал әр 10 коттедж бір аулаға бөлінеді.

«Әлжан апа» қалашығының құрылыс жұмысын қолға алған «Сұңқар» ЖШС-ның директоры Алтынбек Садырбаев та өңірге белгілі азаматтардың бірі. Ол бұған дейін еліміздегі және облыстағы әлеуметтік маңызы үлкен көптеген құрылыс нысандарын уақтысында және сапалы бітіруімен танылып, халық құрметіне бөленген кәсіпкер-құрылысшы болатын. Оның Тараз қаласындағы Орталық базардың жаңа құрылыс жұмысын заман талабына сай тез арада салып бітіргеніне де жұрт куә. Енді, міне, ол тағы бір үлкен жобаның тізгінін ұстап, оны ойдағыдай бітіруге шын ниетімен кірісіп отыр.

Әрине, бір-екі жылдың беде­рінде бір қалашықтың құрылысын салып бітіру оңай шаруа емес. Бұл ретте А.Садырбаев өзі басқаратын серіктестік құрылысшыларының тәжірибесіне, тәртібіне және жауап­кершілігіне сенетінін айтқан. Айтса айтқандай, қалашық құрылысының сапасына жауап беретін Арнұр Мейірбеков өз ісінің білгір маманы екен. Ол бүгінде құрылыс алаңына аса қажетті алғашқы 17 техниканы жедел жұмылдырса, 60 құрылысшы жұмыстарына білек сыбанып кірісіп кеткен.

Жобада көрсетіліп, жоспарда белгіленген коттедждердің қабырғасы биыл толық қаланып бітеді. Сондықтан алдағы уақытта 60 құрылысшының қатары 250-300 адамға дейін көбеймекші. Сондай-ақ, құрылыс мамандары мен шеберлерінен басқа көптеген жергілікті тұрғындар да қара жұмысқа тартылмақшы. Ал оларға алаңсыз жұмыс істеу үшін серіктестік тарапынан барлық жағдай жасалып, жатақханамен, уақытылы ыстық тамақпен қам­тамасыз етіледі.

Дәулетті адамдар бұған дейін, әдетте, туған ауылына мешіт, спорт зал, әрі кетсе балабақша салып берумен шектеліп келсе, белгілі кәсіпкер Болат Назарбаев құлашты кеңге сермеп, ел тұрғындары үшін өз қаржысына бірінші болып қалашық салуға тәуекел етіп отыр. Мұндай бастаманы басқаларға ұялмай үлгі етуге болады. Өйткені, болашақта 140 отбасының алтын ұя-мекеніне айналатын 70 коттедж салуға кез келген жомарттың тәуекел ете бермесі анық.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы.