Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Аптап ыстықта өрт көбеюі мүмкін

674 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жаз аптабының кейде апатқа ұрындыратыны бар. Аспан айналып жерге түскен болған ыстықта өрт шығу ықтималдығының жоғары болатыны елдің бәріне белгілі. Әсіресе табиғаттың байлығы саналатын орман алқаптарының да бір сәтте отқа орану қаупі осындайда туындайды. Сонымен қатар табан ақы, маңдай терімен жер жыртып, егін еккен диқандардың да әп-сәтте еңбегі еш, тұзы сор болып шығуы мүмкін.

Аптап ыстықта өрт көбеюі мүмкін

Талай күнгі еңбек, төккен тер, одан қалса миллиондаған қаражат желге ұшты дей беріңіз. Әрине, «Жаман айтпай, жақсы жоқ», дегенмен, өрт мыңдаған гектар алқаптың қай жерінен шығатыны белгісіз. Көбіне өрттің себебін мамандар күннің ерекше ысуымен байланыстырады. Биыл Жамбыл өңірінде бұрын-соңды болмаған аптап болып тұр. Шіліңгір шілдеде ши түбінен от тұтанып кетердей күйіп тұрған даланың біраз жері осы уақытқа дейін отқа оранып та үлгерді.

Жамбыл облыстық төтенше жағдай­лар департаментінің мәліметінше, өңір­де жыл басынан бері орманды және далалық аймақтарда 4 рет өрт шы­ғып­ты. Тілсіз жау салдарынан облыс бойынша орманды алқапқа жататын 200 гектарға жуық жерді өрт шарпыса, дәнді-дақылдардың өртенуі 500 гек­тар­ды алып кеткен. Жуырда ғана Т.Рыс­құлов ауданының  Қарақыстақ ауылы аумағындағы «Мақсат» шаруа қожалығына тиесілі 40 гектар арпа мен 20 гектар жайылымдық дала отқа оранды. Алты сағатта әрең дегенде аптығын басқан өртті сөндіруге 45 адам және 15 техника күші жұмылдырылған. Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті Зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы­ның бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Бауыржан Сейдалиевтің айтуынша, шілде айының өзінде Т.Рыс­құлов ауданының Өрнек ауылында жалпы ауданы 375 гектар бидай, арпа және қураған шөп, сонымен қатар Қарақыстақ ауылында арпа алқабы мен қураған шөп өртенген. Сондай-ақ биылдың өзінде Талас ауданы, Ақкөл ауылы аумағында жалпы ауданы 20 гектар жер өртенген. Мамандардың айтуын­ша, қай өрттің нақты неден болғанын бол­жау қиын. Жалғыз болжам – күннің қат­ты ыстық болуы. Тек өткен жылы ғана адам қолымен жасалған бір оқиға Меркі ауданының аумағында тіркелген екен. Одан басқа адам қолымен жасалған оқиға жоқ. «Бүгінгі таңда дәнді-дақылдар мен себіл­ген егістіктерде өрттің пайда болуы қауіпті мәселе болып саналады. Себе­бі дәнді-дақылдардан алынған сабан мен үйінді тез тұтанады. Тасталған темекі, сөндірілмеген алау, осының бәрі де өртке әкеп соғады. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын іс-шаралар кешенін ұйымдастырып келеді», дейді Б.Сейдалиев.

Ешкім де еңбегінің далаға кеткенін қаламайды. Сондықтан да өңірдегі биылғы қырық градусқа жетіп тұрған аптап ыстық шаруалардың тынышын кетіріп тұр. Мәселен, «Шәушен», «Аян», «Мақсат» шаруа қожалықтары өңірде дала егістігін дамытуға үлес қосып отыр деуге болады. Енді кенеттен өрт шалған мұншама егістіктің иелері де талай шығынға батқаны сөзсіз. Сол сияқты, табиғаттың ен байлығы орман алқаптарының да отқа орануы өңірде айта қаларлық мәселе. Бүгінде Жамбыл облысы бойынша 4 миллион 427 мың гектар орманды жерлер болса, оның ішінде орман көмкерген жерлер 2 миллион 357 мың гектар. Сонымен қатар аудандарда Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 14 орман шаруашылығы мекемелері жұмыс істейді. Алайда, бүгінгі таңда аудандардың материалдық-техникалық базасы мен адам күші әлі де жетіспейді. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бұл мәселеге арнайы көңіл бөліп, нәтижесінде өткен жылы 200 миллионнан астам теңгеге қажетті 14 техника сатып алынған. Сонымен қатар 100 адамға штаттық бірлік бөлінген. Ал биыл бұл мақсатқа 280 миллион теңге қаражат қарастырылыпты. Дей тұрғанмен, өңірде орман өрті қазіргі кезде үлкен мәселеге айналып тұр. Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман және ерекше қорғалатын таби­ғи аумақтар бөлімінің басшысы Әділ Жақыповтың айтуынша, былтыр 6 ай­да 7 орман өрті тіркеліп, 1 мил­­­­лион 763 мың теңге шығын келген. Бір өкініштісі, былтыр 6000 гектар ай­мақтағы сексеуіл өртеніп кеткен. Ал биылғы алты айда мемлекеттік ор­ман қоры аумағында 3 орман өрті тір­келіпті. Тілсіз жау Мойынқұм, Талас және Байзақ аудандарының аумағын қамтыған. Өрт шалған аумақтың көлемі 1266 гектар болса, оның ішінде орман алқабы 1207 гектар, орман көмкерген жерлер 1174,8 гектар болып саналады. Нәтижесінде 987 мың 800 теңге шығын келген.

Дала өртінің алдын алуға облыстық әкімдік тарапынан көңіл бөлініп-ақ келеді. Алайда, бөлім басшысы Әділ Жақыпов көп аудандарда материалдық-техникалық базалардың ескіргенін, адам күшінің жетіспеушілігін айтады. Бүгінге дейін бұл көрсеткіш 60 пайызға қамтамасыз етілген екен. «Айталық, әрбір ауданда 3-4 трактор ғана бар. Ал әрбір ауданның орман шаруашылығы мекемесінде кемінде 600 мың гектар жер бар. Өрттің қай қиырдан шығатыны белгісіз. Жердің бір басынан екінші басына жету үшін ескі трактормен 100-150 шақырым жүру керек. Бірақ әрбір өрт бақылау бекеттерінде кезекшілер бар», дейді ол. Сонымен қатар бірінші және екінші үлгідегі орман өртін сөндіру стансаларында да адам күші жетіспейді екен. Мәселен, бірінші үлгідегі орман өртін сөндіру стансасында кемінде 15 адам болуы керек болса, бүгінде мұнда 9 адам ғана бар. Әрбір аудандарда кіші өрт сөндіру техникалары болғанымен, өрт сөндіруге арналған үлкен техникалар жоқ. Болашақта осындай адам және техника күшінің жеткіліксіздігі жойылып, мәселе оң шешімін тапса, дұрыс болар еді. Әрине, бұдан кейін өрт мүлде болмайды деген ұғым тумаса керек.

Жалпы, аптап ыстық алапат өрттің шы­ғуына себеп пе? Көп жағдайда маман­­дар өрттің шығу салдарын күн­нің ыстығымен байланыстырады. Мә­селен, даладағы тастардың, ши­ша сы­нықтарының қатты қызуы өртке апа­рып соғатынын айтады. Бірақ мұн­дай деректердің өзі ұғымға сыймай кете­тін сияқты. Кейде өрт атаулы кей­бір қаскөйлердің қолымен табиғатқа жасалған қиянат емес пе екен деген де ой келеді. Әдейі болмаса да нем­құрайдылық, дұрыс мән бермеушілік жағдайында да өрт тұтануы мүмкін ғой деген ойда қаласың...

 

Жамбыл облысы