Бизнесі мықты ел қуатты
Жұма, 12 сәуір 2013 2:50
Ұлттық инвесторлар кеңесінің түйіні, міне, осындай
БЕЛСЕНДІ ЖҰМЫС ІСТЕЙ БІЛУ КЕРЕК
Елбасының кәсіпкерлермен кездесуі біз үшін әркез елеулі оқиға. Ел Президентінің отандық кәсіпкерлікті қолдау саясаты бәрімізге мәлім. Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Мен бұл жайында кездесуде сөйлеген сөзімде де айтып өттім.
Жұма, 12 сәуір 2013 2:50
Ұлттық инвесторлар кеңесінің түйіні, міне, осындай
БЕЛСЕНДІ ЖҰМЫС ІСТЕЙ БІЛУ КЕРЕК
Елбасының кәсіпкерлермен кездесуі біз үшін әркез елеулі оқиға. Ел Президентінің отандық кәсіпкерлікті қолдау саясаты бәрімізге мәлім. Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Мен бұл жайында кездесуде сөйлеген сөзімде де айтып өттім.
Кездесуде көп мәселе айтылды. Нақты-нақты тапсырмалар берілді. Меніңше, жергілікті жерлерден, облыстардан келген кәсіпкерлердің бәрі кездесуден үлкен рух, жігер алды деп ойлаймын. Елбасы кәсіпкерлерге жүктелген міндеттерді тағы да нақтылап айтты. Ал кәсіпкерлікті дамыту бағытында күтіп тұрған кешенді жұмыстарды пысықтап, біздерге нақты-нақты тапсырмалар жүктеді. «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасына Үкіметпен бірлесе отырып «Іскерлік ахуалдың» жаңа рейтингін жасауды тапсырды. Осы арқылы орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарын бағалап, олардың нәтижесін БАҚ-тарда жариялау қажеттігін айтты. Сонымен қоса, Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың соңына дейін «Электронды сауда туралы» заң жобасын, сондай-ақ 5 жылдық мерзімге арналған Қазақстандағы Интернет-сауданы дамытудың салалық перспективалық жоспарын әзірлеуді тапсырды. Біз бүгінде бұл бағыттарда жұмыс істеп жатырмыз. Енді нақты белгіленген уақыттарға тиісті жоспарларды дайындаймыз.
Елбасы, әсіресе, жергілікті жерде, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті барынша дамыту жайын айтты. Ауылды көтеру, ауыл кәсіпкерлерін қолдау, жас кәсіпкерлерге көмек, ауыл азаматтарына жағдай жасау сынды өзекті мәселелер қаралды. Әлеуметтік саланы дамыту, клубтар ашу, әлеуметтік сала арқылы кәсіби мамандар даярлау, жастарды оқыту жөнінде өте маңызды тапсырмалар берілді. Біз кездесуден сондай бір серпіліспен, жақсы әсермен шықтық. Бізді енді алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Белсенді жұмыс жасауымыз қажет.
Абылай МЫРЗАХМЕТОВ,
«Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық
палатасының төрағасы.
____________________
ЖАҢАША ЖІГЕР АЛДЫҚ
Менің біраз өмірім еліміздің машина жасау саласына қатысты өтті. Осы сала бойынша кәсіпкерлік құрылымға жетекшілік жасаған кезде оның ыстығына күйіп, суығына тоңдық. Қысқасын айтқанда, бұл саланың жетістіктерімен де, проблемаларымен де жақсы таныспын. Осыған байланысты талай-талай басқосуларда өз ой-пікірімді үнемі айтып та жүрмін.
Соңғы кездердегі үлкен бір қуанышты жағдай, бұл сала жақсы даму қарқындылығын көрсетіп келеді. Соңғы үш жылдың өзінде ғана оның жалпы көлемі үш есе өсіп отыр. Сонымен қатар, бұл саланың біздің елімізде бұрын болмаған жаңа бағыттары пайда болып, даму үстінде. Мәселен, темір жол машиналарын шығару, автобустар шығару, жеңіл көліктердің сандаған түрлерін құрастыруды игеру істерін алайық. Осылардың барлығы біздің Қазақстан үшін мүлдем тың да жаңа бағыттар болып есептеледі. Енді ауыр машина жасау саласын дамытудың өзі күн тәртібіне қойылып отыр.
Елбасының қатысуымен және тікелей жетекшілігімен өткен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің отырысында сөз алып, аталған саланың тың табыстары туралы сөз қозғадым. Сөз арасында Елбасының өзі келтірген пікірлеріне қолдау білдіріп, машина жасау саласын еліміздегі жаңа индустрияландырудың № 1 мәселесі деп атағандығы мені үлкен қуанышқа бөледі. Елбасы бұл саланың келешегі, оған мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен қамқорлықтар туралы айтып өтті. Осыдан аталған саланың мамандарының барлығы жақсы әсер алды деп ойлаймын. Енді олар өздерінің жасап жатқан жұмыстарына тың күшпен кірісетіндігі анық.
Қазақстанда бұл сала Кеден одағы аясында да жақсы қарқынмен дамып келе жатқандығын айта кетсем артық болмас. Кеден одағының жұмысшы органы – Еуразиялық экономикалық комиссияның өткен жылғы қорытындысы туралы есебінде де бұл жайт атап көрсетілген.
Демек, саланың болашағы үлкен. Енді оған мемлекет қолдауы күшейер болса, қарқындылығымыз қазіргіден де арта түсетіндігіне сенімдімін.
Мейрам ПІШЕМБАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық
палатасының төралқа мүшесі.
_______________________
ПАЙДАЛЫ БАСҚОСУ БОЛДЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан кәсіпкерлері кеңесінің отырысы кәсіпкерлік қозғалысты дамыту мәселесін жан-жақты талқылаумен есте қалады деп есептеймін.
Біз Елбасының алдында бизнес өкілі ретінде өз ұсыныс, пікірлерімізді айттық. Соның ішінде, менің қозғаған бір мәселем Қазақстан автоөнеркәсібін дамыту жайына қатысты болды. Соңғы жылдары бұл сала жақсы қарқынмен дамып келеді. Дегенмен, ол әлі өте жас. Аяғынан енді ғана тұра бастады деуге болады. Бұл салада ұйымдастырылған үш кәсіпорын болса, соның барлығы тәуелсіздік жылдарында ғана пайда болды. Сондықтан, дәл қазіргі сәтте өнеркәсіптің бұл жаңа түрі мемлекет қолдауына өте мұқтаж.
Қазіргі күні біздің «Astana Grouр» компаниясы жеңіл автокөліктер мен автобус құрастыруды қолға алып отыр. Алғашқы нәтиже жаман емес. Тіпті оларды өзімізге таяу орналасқан елдерге де өткізе бастадық. Бірақ, бізге бір Кеден одағының аясына біріккен Беларусь пен Ресей елдері кәсіпкерлері тарапынан бәсекелестік қысым өте күшті болып отыр. Оларда бұл сала бұрыннан дамыған. Сондықтан мен отырыс барысында Қазақстанда шығарылған автобустарды мемлекет арқылы лизингке тапсыруда отандық кәсіпорындарға артықшылықтар берілсе деген тілегімді жеткіздім. Ал, дәл қазіргі сәтте көліктің бұл түрлерін мемлекет арқылы лизингке тапсыруда Қытай, Ресей кәсіпкерлеріне бірдей жағдай туғызылып отыр. Кеден одағы аясындағы, онан кейін болатын Бүкіләлемдік сауда ұйымы аясындағы кәсіпкерлік бәсекеге төтеп беруіміз үшін, ашығын айтайын, бізге дәл қазіргі сәтте мемлекет лоббиі әбден қажет. Бұдан ешбір ұялуға болмайды.
Отырыс барысында менің жоғарыдағы ұсынысым ықыласпен тыңдалды. Бұл жөніндегі нақты бір шешімді Үкімет қабылдайтыны түсінікті. Ол тараптан қолдау болады деп үміттенемін.
Қалай алып қарағанда да, отандық кәсіпкерлер кеңесінің бұл жолғы отырысы өте пайдалы болды деп есептеймін. Елбасының өзі кәсіпкерлікті қолдау күшейе түсетіндігін айтты. Кеңестің өзі бұрынғыдан жоғарырақ жаңа мәртебеге ие болатын болды. Осының өзі бізді қанаттандырып тастады.
Нұрлан СМАҒҰЛОВ,
«Astana Grouр» компаниясының президенті.