Жайбасарлыққа жол жоқ
Жұма, 19 сәуір 2013 0:45
Ауа райына тәуелділіктен құтылу жауапты науқанды сапалы өткізумен тығыз сабақтас екенін әркім түсінуі тиіс
Солтүстікқазақстандық диқандар былтырғы жылдың құрғақшылығын ұмыта қойған жоқ. Соған қарамастан, қалыптасқан бай тәжірибенің, ылғал сақтау технологияларын тиімді қолданудың арқасында Отан қамбасына 5 миллион тонна ел ризығын құйған-ды.
Жұма, 19 сәуір 2013 0:45
Ауа райына тәуелділіктен құтылу жауапты науқанды сапалы өткізумен тығыз сабақтас екенін әркім түсінуі тиіс
Солтүстікқазақстандық диқандар былтырғы жылдың құрғақшылығын ұмыта қойған жоқ. Соған қарамастан, қалыптасқан бай тәжірибенің, ылғал сақтау технологияларын тиімді қолданудың арқасында Отан қамбасына 5 миллион тонна ел ризығын құйған-ды. Олар мол өнім негізі ерте көктемнен қаланатынын жақсы біледі. Биыл да молшылықтан үмітті. Күзгі-қысқы кезеңдерде топырақ қабатына ылғал нормадағыдан екі есеге жуық көп түзілді. «Сәуір болмай тәуір болмас» деген сөз теріскей өңірлерге қарата айтылғандай. Күннің нұры «Самарқанның көк тасын» жібітетіндей бар шуағымен төгіліп еді, Жер-ана бусанып сала берді. Бір жағынан, ауа температурасының бірден көтерілуі қалың қарды күрт ерітіп, ылғал қорының жеткілікті жиналмауына кері әсер ете ме деген алаңдаушылық та жоқ емес. Сол себепті облыста көктемгі егіс науқанын сапалы өткізуге бағытталған дайындық шаралары күн өткен сайын қарқын алып келеді.
Аймақ басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен өткен кеңесте ғылыми негізделген агротехникалық технологиялар мен озық әдістерді қолдану мәселелері жан-жақты талқыланды. Жауапты науқанды жоғары деңгейде ұйымдастыруда нөлдік технологияның маңызы атап көрсетіліп, нақты тапсырмалар жүктелді. Аграрлық сала ғалымдары ылғал жабудың және дақылдарды себудің ғылыми негізделген қолайлы мерзімін ұсынып, әдістемелік кітапшалар таратты. Биыл 4 миллион 338 мың гектар жерге тұқым сіңіріледі деп ұйғарылып отыр. Ауыл шаруашылығының егістік алқаптарын әртараптандыру, монодақылды шаруашылық жүргізу әдісінен бас тарту жөніндегі Елбасы тапсырмасына сәйкес басты дақыл – бидайдың көлемі азайтылып, керісінше майлы дақылдар – 367 мың, жемазық дақылдар – 318 мың гектарға жеткізілді. Картоп 27,5 мың, көкөніс 5,1 мың гектар алқапқа орналастырылады.
Биыл «ҚазАгро» АҚ-қа қарасты қаржы институттары 9 бағдарлама шеңберінде 7,7 миллиард теңгенің несиелеу, субсидиялау көмектерін ұсынса, 5 миллиарды егіншілікке тиесілі. 2011 жылы егіс алқаптары 19 мың тонна минералды тыңайтқышпен байытылса, үстіміздегі жылы 47 мың тоннаны құрайды. Алайда, бұл көрсеткіш қажеттіліктің төрттен бірін ғана өтейтінін ескерсек, алда қыруар жұмыстар күтіп тұрғанын аңғаруға болады. Қажетті 546 мың тонна тұқым себу бабына жеткізіліп, өңдеу, дәрілеу жұмыстары қызу қарқын алған шақ. Сорт ауыстыру, аудандастыру және жаңғырту ісін одан әрі жалғастыру мақсатымен 20 мың тонна элиталы тұқым әзірленді. Көктемгі егіске 14,5 мың әртүрлі маркалы тракторлар, 5500 себу агрегаттары, 1000-нан астам жоғары өнімді егіс кешендері жұмылдырылмақ. Олардың 94 пайызы дайындық сапында. Жыл басынан бері 1,4 миллиард теңгенің 169 техника бірлігі сатып алынды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанар-жағармайдың литрі 95 теңгемен босатылатынын, бұл бөлшек саудадағы бағадан 8 пайызға арзан екенін мәлімдеуі аграрлық салаға деген мемлекеттік қамқорлықтың күшейтілгенін аңғартса керек. Демек, қолайлы мүмкіндіктерді қалт жібермей жанар-жағармай материалдарымен, дизель отынымен бірінші кезекте қамтамасыз етудің маңызы өте зор. 70 мың тонна дизель отыны, 11 мың тонна бензин, 3,2 мың тонна мотор майы қажет делінсе, ауылшаруашылық құрылымдары 50 пайыздайымен қамтамасыз етілген. Жеткізуші операторлар 22 мың тонна дизель отынына келісім жасасты. Алайда, кей тауар өндірушілер шартқа отыруға, алдын ала төлем жасауға асығар емес.
Жауапты науқанға кірісетін уақыт таяп қалды. Олай болса, жайбасарлыққа жол жоқ дегіміз келеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.