Спорт • 21 Шілде, 2019

Каратеден Қазақстан командасы Азия чемпионатын үш медальмен аяқтады

245 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Каратеден Қазақстан командасы Азия чемпионатынан үш медаль жеңіп алды. Бұл туралы Olympic.kz хабарлады.

Каратеден Қазақстан командасы Азия чемпионатын үш медальмен аяқтады

55 келіде сынға түскен Андрей Ақтауов барлық қарсыласынан басым түсіп, Азия чемпионы атанды. Турнир барысында Ақтауов Камбоджа, Иран, Малайзия және Сауд Арабиясы спортшыларын жеңген.  

67 келіде ел намысын қорғаған Дидар Әмірәлі финалда жапониялық Хирото Шинохараға есе жіберіп, құрлық додасының күмісіне қол жеткізді. Дидар Бахрейн, Сауд Арабиясы, Тайланд және Иордания каратешілерін жарыс жолынан шығарған болатын.  

68 келіден жоғары салмақта сынға түскен Софья Берульцева ақтық сында ирандық қарсыласына жол беріп, күміс медальді қанағат тұтты. Ол шешуші кездесуде 2:4 есебімен Хамеди Абасалиден ұтылды.  

«Биылғы Азия чемпионатының нәтижесі былтырғымен салыстырғанда жақсырақ. Өйткені, бұл лицензиялық біріншілік. Жарыс нәтижесі олимпиадалық рейтинг түзілгенде есепке алынады. Әрине, Дархан Асаділовтің жүлдесіз қалғаны өкінішті. Бірақ ол рейтингтегі бірінші орнын сақтап қалады», дейді бас бапкер Жасталап Санауов.