Қоғам • 22 Шілде, 2019

Ерді сыйлар ел қайда?

420 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан екі жылдан аса уақыт бұрын, 2017 жылғы қыс ішінде Қорғалжынға жолым түсті. Сол кездегі аудан әкімі (фамилиясы есімде жоқ) хат апарып бердім. Бұйымтайымның мазмұнымен танысқан әкім өзінің орынбасары мен аудандық оқу бөлімі меңгерушісін шақырып, менің көзімше хаттағы көтерілген мәселенің оң шешімін табуы үшін нақты тапсырмалар берді. Мен нәтижесін күтіп едім, бірақ жауап болмады. Кешікпей ол Қорғалжынмен қош айтысып үлгерді.

Ерді сыйлар ел қайда?

«Жазған құлда жазық бар ма?» дегендей оның орнын ауыстырған әкімге де хат апарып берген болатынмын. Өзі іссапарда Көкшетау жақта жүрсе керек. Сол әкімдікте қызмет ететін бір інімізге «дұғай сәлемдеп» әлгі хатты аманаттап кеттім. Содан не керек, не әкімнен, не жаңағы інімізден бір хабар болсайшы. Әкімге не жосық, өзі келер-келместен Көкшетау жаққа елеңдеп тұрса... Жаңағы Қорғалжынның азаматы ептеп жанашырлық танытуы керек еді. Олай болмады. Қоңырауыма әр нәрсені сылтау етіп, сырғыта жауап қайтарды. Кейін телефоны да таскерең болып қалды.

Біреу білер, біреу білмес, қазақтың бір ардақтысы, Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлы туралы оқығаным бар. «Қазаққа Қошке кадірсіз, Омбыға Қошке қадірлі» деп келеді ұзын-ырғасы. 

«Түркі әлеміне, бүкіл қазаққа Хайретдин Болғанбаев қадірлі де, өзі бір кезде қазығын қағып, ел қылған Қорғалжынына қадірі болмай тұр-ау» деп қапаланасың кейде қараптан қарап.

Парламент мінберінен анау бір жылдары аруағыңнан айна­лайын, өзі де «Бір кем дүние» ғұмыр кешкен қайран Шерағаң­ның үні саңқ ете қалып еді-ау. 

«Қорғалжынның Хайретдині неге үнсіз жатыр? Еңбегіне ла­йықты бағасын алатын уақыты болған жоқ па?!» деп сауал тас­таған еді жарықтық.

Алаш қайраткері Х.Болған­баевтың мұрасын архивтің шаң басқан сөрелерінен та­уып алып, алғаш көпшілік назарына ұсынған, кейін ғылыми айналымға түсуіне себепкер болған академик Дихан Қам­забекұлы болатын. «Тұла бойлары қан сасиды» деген мақаласы «Ана тілі» газетінде жарық көрді. Кейін осы мақаланы Дихан Қамзабекұлы құрастырып шығарған кітаптан оқып, жа­ғам­ды ұстағанмын! Мақала 1918 жылы жазылған. Неткен жан­кештілік! Батылдық пен батыр­лық деп осыны айт! Осыдан ке­йін жиырма жылдай Алаш қай­ратк­ері қалай тірі қалған? Ком­мунистердің айуандығын, Қоқан көшелерінде еңкейген кәріден, еңбектеген балаға шейін қырып салған большевиктердің қанішер жауыздығын бет-ауыз­дарын ай­ғыздап тұрып, қорықпай қалай ашық жазған? Қоқандықтардың бар жазығы – бостандық пен азат­тық үшін бас көтергендері.

Осы жерде қайраткердің перзенті Гүлнар Хайретдинқы­зының жоғарыдағы кітаптағы сөзін еске түсіре кетейік: «Тарих­қа ақиқаттылық, тазалық керек. Тарихта елді, ұлтты, тіпті адамды да сынайды», деген болатын. 

Кезінде «Бір кемі жоқ, Бір теңі жоқ Болғанбай» деп жырына арқау еткен Мағжан ақын өлеңінің сырына қорғалжындықтар үңілді ме екен? Үңілсе, неге әрекетсіз жатыр?

Манадан бері сөз болып отыр­ған хаттың өзегі аудан орталы­ғын­дағы №1 бұрынғы Ленин атындағы орта мектепке Алаш қайраткері, Қорғалжын тумасы Х. Болғанбаев есімін беру туралы менің өз ұсынысым еді.

Кезінде Ақмола облысы ха­лық ағарту саласы бас­шы­­ларының бірі болған, Ах­мет Бай­тұр­сынұлы, Жүсіп­бек Ай­мауытовтармен қазақ мектептері үшін бағдарлама, оқулықтар жазған, осылардың бастауында тұрған мемлекеттік деңгейдегі тұл­­ғаға қорғалжындықтар­дың мек­теп атын әлі қимай тұр­ған жай­лары бар. Бұл аз десе­ңіз жер­гілікті дең­гейде ғана бас­шылықта бол­­ған бір адамды Хайретдин аға­ның аруағымен жарыстырып қойғандарын қалай түсіндірер едіңіз. Өкінішке қарай, солай болып тұр. Ауданда Алаш қай­раткері, бүкіл түркі әлеміне танымал биік тұлғаға арнап ғылы­ми конференция өткізіп, оған елордадан алаштану­шы ғалым­дарды құрметті қонақтар ретін­де шақырса да болар еді ғой. Аудан мектептерінде Хай­рет­дин Болғанбаев оқуларын ұйым­дастырса дұрыс болмас па еді.

Осындайда А.Некрасовтың «Орыс әйелдері» поэмасы неге еске түспейді екен деп те ойлаймын. Дека­бристердің әйелдері ер­лерінің ауыр тағдырын бөлісу үшін Читадағы «Нерчинский заводқа» бармап па еді.

Ал Рахима анамыз ше? Ері­нің соңынан шиеттей балаларын ертіп, сонау қиян шеттегі Ар­хангельскіге жол тартты ғой. Көр­ген азаптарын сұрамаңыз.

«1937 жыл. 21 сәуір. Түн ортасы. Дауыстардан оянып кет­тім. Үйде бөтен адамдар жүр. Екеуі үй ішін тінтуде. Шашылып жат­қан қағаз» деп жазды кейінірек сол кездегі тоғыз жасар Гүлнар Болғанбаева өз естелігінде. Ал 1938 жылы қазақтың қамын жеген Х. Болғанбаев атылып кетті. Отбасының одан кейінгі өмірлері үнемі қуғын-сүргінде, ашық қор­­лық көру жағдайында өтті.Аш-жа­лаңаш жүрді. Осы ащы шын­дықты қорғалжындық жас ұр­пақ­қа кімдер жеткізуі керек. Қызмет басында жүрген азаматтар осы уақытқа дейін неге назар сал­маған деп ренжисің.

Мен де Қорғалжынның тумасымын. Бір жақсылық хабар естісек қуанамыз. Сырттай тілеулестерміз ғой. Хайретдин ағаның қазақ ұлтының алдындағы атқарған ұланғайыр еңбегі әлі күнге өз дәрежесінде еленбей жатуы жүрек ауыртады.

Қорғалжын! Кешегі қылы­шы­нан қан тамып тұрған тота­литарлық жүйе кезінде қазақи бет-бейнесін сақтап қалған Ақмола өңіріндегі жалғыз аудан. Әбден «бітеу жараға» айналған тіл мәселесі Қорғалжынды айналып өтті. Қорғалжынның орысы да, немісі де, басқасы да қазақ­шаға судай еді ғой!

Табиғаты мейлінше әсем де бай өлке! Жерінің қойнауы шежірелі тарихқа толы. Ықылым замандарда Асан қайғы бабамыз желмаясын желдіріп өткен жер. Әлемдегі сирек жаратылыс – қоқиқаздың отаны. Бір кездегі Мәриям Жагорқызы келін болып түсіп, кимешек киген жер.

Әлқисса! Хош делік. Қорғал­жынға 28 жылда тоғызыншы әкім келіпті. Жасымыз жетпісті орталап қалған біздер бұл азаматқа сәтті қадам тілейміз. 
Алаш ардақтысы Хайрет­дин Болғанбаевты есте қалдыру мәселесінің оң шешімін табуына білімі, жинаған тәжірибесі және парасаты жетеді деп ойлаймыз.

Тілеубек Ысқақов,
зейнеткер-ұстаз,
ҚР Халыққа білім беру
ісінің озық қызметкері

Ақмола облысы