Жалпы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі деген атаудың өзі маңызды мәселелерді меңзейді. Себебі саяси-әлеуметтік әдебиетте сенім – үлкен бір философиялық, экономикалық, психологиялық мәселе. Американың атақты әлеуметтанушысы Френсис Фукуяма жазған «Сенім» деген үлкен еңбекте осы сенімнің әртүрлі қырлары ашып көрсетілген.
Сондықтан бұл кеңесті келісім кеңесі, диалог деуге болар еді, бірақ сенім атауы таңдалғандықтан біздің қоғамдағы үлкен мәселелерді шешудің жолын іздегендей әсер қалдырады.
Сенім деген сөздің өзінде екі мағына бар. Біз көбіне көп сенім – «вера», наным-сенім, діни сенім, құлшылық ету, діни мерекелер, діни дәстүрлер, соның төңірегіндегі сенім деген сөзді көбірек айтамыз.
Ал екінші жағы «доверие» сөзіне баланатын сенімді алсақ, бұл өзара сенім – қоғамның негізі. Қоғам жалпы сенімге негізделген. Өйткені мемлекет халыққа сенеді, ал халық елдің жоғарғы билігіне, Парламентке, армия, полицияға сену арқылы саяси-құқықтық жолмен мемлекет қалыптасады.
Міне, бұл – өзара сенім. Сенім болмай, ел болу қиын. Сенімнің мағынасы тереңде, ол – бір мемлекетте тұратын ұлт өкілдерінің, діни ұйымдардың бір біріне сенімі. Әрбір отбасының өзі сенімге негізделіп құрылады. Көршілердің сенімі де осы санатқа кіреді. Сенім қоғамның іргесін қалайды. Ал қоғамның билік пен оның тармақтарына сенімінің азаюы мемлекетке үлкен қауіп туғызады.
Қолданыста мынадай бір теория бар – егер де бір банктің салымшылары сол банкке сенбей, бірте-бірте сол банктен өздерінің қаржыларын ала берсе, банк банкротқа ұшырайды. Сол сияқты азаматтардың мемлекетке сенімі азайса, көптеген әлеуметтік топтардың мемлекетке деген сенімі әлсірей берсе, бұл айналып келгенде сол мемлекеттің өзіне қауіп туғызатынын Кеңес өкіметінің тұсында көрдік. Сондықтан сенім – мемлекеттің іргетасы тұрғысынан қарайтын болсақ, психологиялық та, моральдық та үлкен категория екенін көреміз. Қоғамның азғындауы осы сенімнің азаюынан басталады да қоғам үлкен рухани моральдық қиындықтарға ұшырайды. Міне, неге біз бүгін осы сенім кеңесін құрдық? Неге сенім деп атадық?
Негізінде соңғы жылдары мемлекетке халықтың, қоғамның сенімі азайғанын мойындау керек. Қоғам тарапынан мемлекеттік аппаратқа, мемлекеттік қызметкерлерге, қоғамдағы өршіп кеткен жемқорлыққа, полицияның ұрдажық саясатына белгілі бір деңгейде сенімсіздік қалыптасты. Оған қоса демографиялық топтардың Қазақстаннан басқа жаққа қоныс аудара бастауы да елге деген сенімнің азая бастағанын көрсетеді.
Сонымен бірге қоғамда сенім азайғаннан кейін қоғам азаматтарының екінші бір мінезі көрінді. Ел ішінде жиі қылаң беретін жағымсыз, абыройсыз істер айналып келгенде қоғам тарапынан барлығы да жемқор, барлығы да ұры, барлығы да алаяқ деген ой туғызып, пікір қалыптастырып, мемлекеттің беделіне айрықша нұқсан келтіруде.
Мысалы студенттерге дәріс оқу барысында, кейде оларды ашық әңгімеге тартып, жеке ойларын білуге тырысамын. Сондай сәттерде студенттердің бірбеткейлікпен бәрін қаралауға дайын тұратыны байқалады. Бірақ іш тартып әңгімелесу барысында, сондай қаралаушы пікірдегі студенттің әкесі шағын кәсіпкер, ағасы мемлекеттік қызметкер, тағы бір туысқандары жауапты қызметтерде екенін айтады. Сол сәтте одан әкең де, ағаларың мен туысқандарың да алаяқ әрі ұры ма деп сұрай қалсаңыз, етжақындарына шаң жуытпай, менің туыстарымнан басқасының бәрі сондай екенін айтады. Бұл айналып келгенде, қоғам мүшелерінің психологиясы өзгергенін, біржақты қаралауға дайын тұратынын көрсетсе керек. Ал бұл жағдай бізді ойландыруы тиіс. Егер елімізде сенім әлсірей бастаса, түптің-түбінде ел болып қалуымызға үлкен қауіп төнгелі тұр.
Міне, осындай ашық айтылуы тиіс мәселелер екшеле келе, бұдан да зор қиындықтардың алдын алу үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды деп ойлаймын.
Ендігі кезекте Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына кімдер кірді деген сауал туындайды. Кеңес мүшелерінің тізіміне қарап отырып, негізінен жеке азаматтық позициясы бар, мәселені тура айтатын, бұра тартпайтын, белгілі бір адамдар мен топтардың мүддесі емес, мемлекеттік мәселе төңірегінде ойланатын адамдардың көптеп кіргеніне іштей риза болдым.
Бірақ кеңес мүшелерінің қатарынан әлі де болса демократиялық мәдениеті төмен, құлдық сезімнен арыла алмай жүрген адамдарды да байқадым.
Өйткені 2000 жылдардың ортан белінде елімізде дәл осы кеңеске ұқсас Демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Сол комиссия құрамында көптеген алғыр, терең ойлы азаматтар жұмыс істеді. Комиссияның әрбір отырысында ұйымның атына сай келетіндей, демократия мен азаматтық қоғамды жаңғыртуға байланысты көптеген пікірлер қызу талқыланып, тың ұсыныстар айтылды. Шын мәнісінде, елімізде дәл қазіргідей жағдай қалыптасарын сол комиссия мүшелері анық сезінді деп айта аламын.
Енді оның мәнісін ашып айтар болсам, ғылыми тұрғыдан келгенде ешқандай да президенттік басқару жүйесі мінсіз болмайды. Әрине, бұл жүйенің артықшылығын да естен шығармаған абзал. Біздің елімізге дәл осы президенттік басқару жүйесінің пайдасы көп болды. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары алдымыздан шыққан әлеуметтік-экономикалық қиындықтар көп болатын. Оған қоса, ел бірлігіне қарсы ішкі-сыртқы күштер де анталап тұрды. Сол кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әлеуетті қиындықтарды еңсеруге тек президенттік басқару жүйесі ғана қабілетті еді.
Өз басым Парламент депутаты ретінде еліміздің тұтастығын қалап, ендігі жерде қырық пышақ болып айтысып-тартыспай, халқымызды экономикалық дағдарыстан аман алып шығып, демократиялық жолға салу позициясының жақтаушысы болдым.
Алайда уақыт өте кейбір үміттер ақталмады. Президенттік басқару жүйесінің әлсіз тұстары да көріне бастады. Жалпы, бұны сайлау жүйесінің олқылықтарына қарап-ақ бағалауға болады. Оның үстіне көп жағдайларда жақсы идеяларды іске асыруға келгенде мазмұны бұрмаланып, тек атауы ғана қалатын жағдайлар кездесті.
Мәселен бұрынғы комиссияның тұсында көптеген азаматтар сайлау туралы заңға өзгеріс енгізуді ұсынды. Сөйтіп бұл ұсыныс екшелене келе бір мандаттық сайлау жүйесі алынып тасталып, саяси ұйымдар бәсекелестік негізде бағдарламаларын жариялап, жеңгендері заң шығарушы органдағы орындарды иеленетін болды. Бұл қабылданған идея сырттай қарағанда жақсы болып көрінгенімен, кемшіліктері де баршылық. Мәселен сол жеңіске жеткен партиялардың тізімі бойынша Парламентке халық арасында танымалдығы төмен, саяси белсенділігі әлсіздеу адамдар еніп, бұл да болса қоғам тарапынан әлі күнге түсінбеушілік туғызып келеді.
Өткен шақтағы осындай кемшіліктер есепке алына келе Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі атына заты сай болып, демократиялық шынайы жолды таңдағаны дұрыс. Оған қоса, жалпы әртүрлі пікірдегі адамдардың мүдделерін үйлестіріп, оларды бір идеяға ұйыстырып, ортақ бір шешімге келу өте қиын. Мәселен, бұрынғы комиссия билікті қолдайтындардың басымдығымен көптеген көкейкесті мәселелерге келгенде белден басып, өздеріне оңтайлы шешім шығарып отырды. Соның салдарынан азшылықтың көптеген озық идеялары мен ой-пікірлері жүзеге аспай қалып жатты. Осыдан келіп көптеген азаматтар комиссия жұмысынан түңіліп, бірте-бірте құрамынан шығып, ақыры тарап кетті. Енді мұндай келеңсіз құбылыс қайталанбауы керек. Өйткені қазір бізде диалог мәдениеті жоқ болғандықтан, біз оның бастауыш мектебінен ғана өтіп жатқан сияқтымыз. Сондықтан егер осы сенім кеңесі азшылық топтың да, көпшілік топтың да ойынан шықса, ортақ мүддеге келсе, азшылық топтың өкілдерін біз басым дауыспен шештік деп, өңменінен итеріп тастамаса, сол ойларының, шешімдердің барлығы өзінің орнын тапқан кезде ғана бұл Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы тиімді болады.
Жалпы, біздің қоғамда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі назарға алатын күрделеніп кеткен мәселелер жеткілікті. Бүгінде шүкір, еліміз тұрақты келісім жағдайында дамып келеді. Соңғы 30 жылда түгел бір ұрпақ осы келісім мәдениетінің ықпалымен тәрбиеленді. Дегенмен, мемлекет тарапынан қолдау көріп, ана тілін, дінін, мәдениетін дамытуға ерік алған ұлттық орталықтардың мемлекеттік тілге көзқарасын зерделеу өте маңызды мәселелердің қатарында тұр. Олардың мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында тәтті сөйлегенімен, балаларына қазақ тілін үйретуге, қазақ мектебіне беруге әлі де болса асықпай отырғаны көзге ұрып тұр. Демек, осы арадан елдің болашағына сенім деңгейі байқалады.
Сонымен қатар мұсылмандыққа бет бұрған қазақ жастарына мемлекеттік, қоғамдық көзқарасты қайта қарау да кезек күттірмес мәселелердің бірі. Мысалы, билік тармақтары бұл үдерістен қорқыныш іздейді. Көбі мұсылмандық пен терроризмнің аражігін ажырата алмайды. Полиция қызметкерлері өкілеттіктерін асыра пайдаланып, мешітке баратын жастарды түртпектеп, тырнақ астынан кір іздеуін тоқтатар емес. Бұл – өзекті мәселе. Өйткені дін дегеніміз тек наным-сенім, дәстүр ғана емес, ол – үлкен мәдениет. Қазір біз осы үлкен мәдениеттен жастарды аулақтата тәрбиелегіміз келеді. Өткенді еске түсіріп, бір сәт ойланар болсақ, Алаш көсемдерінің барлығы да әуелгіде молдадан білім алған адамдар. Молданың алдында әріп танып, кейін Ресей мен басқа елдің жоғары оқу орындарында білім алды. Сол жас кезінде санасына сіңген имандылық бұларды қазақтың ұлтжанды азаматы, мемлекет қайраткері етті. Сондықтан да сенім мәселесін өте тереңнен қарастырған жөн. Олай болса, осы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдері неге жоқ?
Бұл айтылғандардың барлығы – менің жеке пікірім және оны ақиқат деп есептеуге да қақым жоқ. Өйткені кез келген адам қандай лауазым иесі болмасын, мен білемдікке салынып, ақиқатқа үстемдік етуіне болмайды.
Күні кеше құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алдында қыруар іс тұр, оларды шешу жолдарының оңай болмайтынын да сеземін. Оның жұмысының нәтижесін де уақыт көрсетеді. Дегенмен, көпшілік қалаған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды, Іске сәт!
философия ғылымдарының докторы, профессор