Спорт • 22 Шілде, 2019

Болат Манкенов: АІВА орнына жаңа ұйым құрылуы мүмкін

323 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әуесқой боксқа бейжай қарамайтын әрбір адам қазір бұл жекпе-жектің болашағына алаңдаулы. АІВА-ға төрағалық етіп келген Гафур Рахимов наурызда отставкаға кеткен. Осыдан бірер күн бұрын оның енді қайта сайлануға да құқығы жоқтығы белгілі болды. Себебі аталған ұйымға қатысты дау көбейіп кетті. Ал бокс саласының білгір маманы Болат Манкеновтің сөзіне қарағанда, ғасырға жуық тарихы бар Халықаралық бокс қауымдастығы таратылып, оның орнына басқа ұйым құрылуы да мүмкін.

Болат Манкенов: АІВА орнына жаңа  ұйым құрылуы мүмкін

– Наурыз айында АІВА-ның басшылық қызметінен өзбекстандық Ғафур Рахимов кетті. Енді оның орнын кім басуы мүмкін?

– Токио Олимпиадасына бір жылдан сәл ғана астам уақыт қалды. Бокс Олимпия ойындарының бағдарламасынан шығарылуы мүмкін деген пікір айтылған. Ал бокссыз Олимпиада өтпейді. Қазір АІВА тарапына айтылатын сын көп, қаржы мәселесі болсын, төрешілік жағынан болсын, тіпті, жемқорлыққа қатысты да даулар туындаған. Бәлкім, басқа бір агенттік құрылып та қалар. 

– Сонда АІВА таратылуы мүмкін ғой?

– Бұл ойды да жоққа шығаруға болмайды. Өйткені ХОК басшылығы бокс ұйымының жұмысына көңілі толмайтынын ашып айтқан. Бірақ төрткүл дүние қызығатын, тарихы тереңде жатқан спорттың бұл түрін Олимпиада бағдарламасынан алып тастауға болмайды, оны Халықаралық Олимпиада комитеті де жақсы біледі деп ойлаймын.

– Рахимов кетті. Бұған дейін қысым көрсетіліп келді деген қазақстандық боксшылардың енді шын әлеуетін байқай аламыз ба?

– Мұны бір Рахимовпен байланыстырған дұрыс емес. Оның барлығы АІВА тарапынан жіберілген қателіктер. Төрешілердің «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерінен қазақстандық боксшылар ғана зардап шекті деуге келмейді. Қай құрлық чемпионатын алып қарасақ та, ондай олқылықтар толып жатыр.  

– ХОК-тің ешбір ескертуіне қара­мастан өзбекстандық кәсіпкер бас­шылық қызметке сайланып, жарты жылдан соң орнын босатты. Рахимов бұл орынға неге келді және неге кетті?

– Біріншіден, мұны жалғыз Рахимов шешпейтінін ұмытпайық. Сондықтан кемшіліктің бәрін өзбекстандық кәсіпкерге ысыра салуға болмайды. Жүйеден, құрылымнан кеткен қателердің кесірі. Өзіміз АІВА-ның көптеген жиындарына қатыстық. Сонда атқару комитеті мүшелерінің тоқсан бес пайызының боксқа мүлде қатысы жоқ. Келесі жылы құрылғанына ғасыр толатын АІВА-ның осындай жағдайға душар болуына әкеп соққан жайттар анықталады, ресми мәлімдемелер жасалады деп үміттенеміз. 

– Енді әңгіменің ауанын Ген­надий Головкинге бұрсақ. Сауль Альвареспен болған айқаста жер­ле­сіміздің тарапына біраз сын айтылды. Тіпті «бокстан кеткені дұрыс» де­гендер де аз емес. Жерлесіміздің әрі қа­райғы карьерасына қатысты пі­кіріңізді білсек. 

– Геннадийдің алты жекпе-жек өт­кізетінін естігенде шынымен де қуанып қалдық. Өйткені ол біздің жұлдыз бокс­шымыз, елімізде ғана емес, әлемде мойындалған былғары қолғап шебері. Әл­гінде айтқанымдай, кәсіби бокс ол – бизнес. Сондықтан мұнда шама­сы жеткендер қырқында да қамал бұ­за алады. Головкин де солардың қа­тары­нан. Карьерасын аяқтауға келсек, әлеуетің мен мүмкіндіктеріңді өзіңнен артық ешкім білмейді. Оның да бір ойлағаны бар шығар. Кезінде Джордж Форманның 45 жасында әлем чемпионы атанғанын ұмытпайық. Көпшіліктің арасында жүрген соң сын да, мақтау да болады. Отандасымызға алдағы жекпе-жектерінде сәттілік тілеймін. 

– GGG мен «Канело» арасында үшінші жекпе-жек өтуі мүмкін бе?

– Өтеді. Міндетті түрде. Бабында болса, елу жаста да чемпиондық белбеу иеленуге болады. 

– Басқа-басқа, сізден «Астана арландары» жайлы сұрамасақ болмас. Сол клубтың негізін қалап, бір­неше жыл басшысы болдыңыз. Елор­даның бокс клубы тарағаны туралы жаңалықты сіз қалай қабылдадыңыз?

– АІВА алғаш осы жобаны паш еткен кезде бокстың төңірегінде жүрген көптеген азаматтар кәдімгідей қуанып қалды. Лигалық жүйе бойынша дамитын жоба ретінде қарастырылды. Бірақ алғашқы маусым аяқталысымен-ақ спорттық жағынан да, ұйым жұмысына да қатысты шарттар мен талаптар өзгере бастады. Бұл жылда қайталанатын үрдіске айналды. Алдымен «әрбір команда қалаға бекітілсін» делінген. Біз де ойлана келе көшпенділер үшін орны бөлек арлан атауын алып, «Астана арландары» деген байламға келдік. Келесі жылы салмақтар саны бестен онға дейін көбейтілді. «Мемлекет тарапында болсын» деген талап қойылды. Медиахолдингтердің арасында бірде-бір серіктес болған жоқ. Бастапқыда ұсыныспен келген алпауыт ING компаниясы да екінші маусымда бірлесіп жұмыс істеуден бас тартты. Жұмыс жүйелендірілмей жатып қыруар қаржы сұралған ғой. Сол кезде-ақ ұйым алысқа бармайтынын түсіндік. 

– Алдағы уақытта мұндай жобалар керек пе?

– Керек, егер нақты жүйе болса. Әйтпесе қалаған уақытта өзгере беретін ережелер кімге қажет?! Ұйым жұмыс істеген сегіз жылдың ішінде талай команда келіп-кетті. Дамыған мемлекеттің өкілдері алғашқы маусымнан кейін-ақ кетіп қалды. Өйткені табыстан гөрі шығын көбейіп кетті. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист