Қазақстан • 22 Шілде, 2019

Түйткілі таусылмаған туризм

1111 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік туризм ұйымының (ДТҰ, World Tourism Organization) жыл басында әзірлеген статистикалық көрсеткіштеріне сүйенсек, әлемдегі саяхаттаған туристердің үлес салмағы өткен жылы 1,4 миллиардты құрап, 6 пайызға өскен. ДТҰ-ның болжамынша, 2020 жылы әлемдегі туристік саяхаттар 1,6 миллиардқа жетеді. Өйткені қазірдің өзінде туризмнен түскен табыс тұрақты түрде мұнай өнімдері мен автомобиль экспортынан кейінгі үшінші орынды басқа салаға бермей келеді. Ал осы қарқынды индустрияның біздегі қауқары қалай?

Түйткілі таусылмаған туризм
Былтыр Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның көрікті де киелі орындарын және халыққа әлі сыры ашылмаған жұмбақ жер­лердің атын жіпке тізе келіп, Үкіметке ішкі туризмді дамыту үшін салалық бағдарлама әзір­леуді тапсырған еді. Бүгінде туризм­нен түскен табысы ең бас­ты кіріс көзіне – ха­лықты асыраушы кәсіпке ай­нал­ған елдер жетерлік. Сон­дық­тан туризм мемлекеттің әлеу­меттік-экономикалық дамуына сеп болары халықаралық тәжі­ри­беден әмбеге аян. 

Жүйесіздік – жол байлау

Соңғы жылдары елімізде отандық туризмді дамытуға бағытталған маңызды шаралар қолға алынып келеді. Соның бір дәлелі – «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының құрылуы. Ол еліміздің туризм саласына инвестиция тартуды көздейді. Үкімет нақты жұмыстарды қол­ға алып, ішкі туризмді дамыту мемлекеттік саясаттың бір бөлі­гіне айналды делік. Оған қоса Қазақстан – туристерді тартуға әлеуеті жоғары ел. 

Не қаласаң, бәрін табуға болады: құмды жер де, нулы орман да, шөл яки бетпақ дала да, асқар тау да, таза бұлақ та, тарихи шаһарлар мен мәдени орындар да бар. Алайда, оны неге жеткілікті пайдалана алмай келеміз? Оның себебін ішкі туризм саласының сарапшысы, саяхатшы Амандық Әмірхамзин туризм саласы бұрын экономикадағы басты бағыттардың бірі болмағанымен байланыстырады. Осы түйткіл көп нәрсеге тұсау болып тұр. Егер ол саясатпен құстың қос қанатындай тең жүретін экономиканың ең негізгі бөлігі болғанда, баяғыда-ақ бір жүйеге келіп қоятын еді. Жүйесіздіктің бір айғағы – сарапшының сөзіне сенсек, кейбір облыстарда туризмді дамыту жөніндегі жеке басқармалар болғанымен, өңірлердің көпшілігінде кішігірім бөлімдермен шектелген. Сонымен қатар басқарма басшыларының туризмнен хабары жоқ.

Әжетхана әлегі

Жалпы отандық туризмнің дамуына кедергі келтіріп тұр­ған мәсе­лелер ретінде инфра­құры­лым, қызмет көрсету, баға, жарнама жайы айтылады. Ал А.Әмірхамзиннің айтуын­ша, ең алғашқы орындағы проблема – әжетхана. Бұл тақырыпқа табан­дағандардың бірі – белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай, оны қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан да қолдаған еді. М.Сейсембай, тіпті өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында әжетханасы ең лас мекеме басшыларын жариялауды да ұсынған. Осындай түрлі бағыттағы жүйелі үн қосудың арқасында сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы биылғы нау­рызда өткен мемлекеттік туризм саласын дамыту жобасына арналған баспасөз конференциясында азаматтарға алғыс айтып, елімізде неміс технологиясымен мың дәретхана салынатынын әрі оған қажетті қаржы есептелініп жат­қанын жеткізді. Экс-министрдің мәлім­деуінше, Қазақстандағы әжетхана мәсе­лесі 2025 жылға қарай толы­ғымен шешілмек. Соның бір нә­ти­жесі болар, жақында ғана «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ірі тас жолдардың бойында 2022 жылға қарай 304 санитарлық торап орнататынын хабарлады. Оған қандай автожолдардың кіре­тінін атап өткен. Ал осы тақы­рыпты ұдайы көтеріп, мемле­кеттік органдармен диа­лог құрған қос белсенді азаматтың бірі Мар­ғұлан Сейсембай бұл жоспардан лайықты нәтиже болмайды деп болжайды. Оның ойынша, компания көрсеткен болашақ санитарлық тораптардың суреті тартымды-ақ, алайда мәселе – әжетхананың әдемiлiгiнде де, бағасында да емес, оларды тазалап тұратын қызметтің болуында. Көз тартатын әрі қымбат әжетхана орнатқанмен, ондағы гигиеналық талаптарды сақтап, сынған жерін жөндеп отыратын адам болмаса, ақшаны босқа шашқанмен бірдей.

Таңдауға түскен тур

Төл туризмнің алға ілгерілеуіне бәріміз де тілекшіміз, бірақ бұл тек тілекпен шектелмейді. Десе де, бәрі осы қалаудан келіп шығады. Мәселен, мен теңіздің жағасында демалғым келді. Алдымда Алания немесе Ақтауды таңдау тұр дейік. Қайсысын таңдайтынымды білу үшін бағаларын салыстыруға көшемін. Тамыздың онына екі жаққа бірдей билет пен тур сапар қарап көрдім. Ел астанасынан Ақтауға ұшудың құны – 50 мың 210 теңге. 46 мыңнан да бар екен, бірақ ол ауы­сып мінуді қажет етеді.  Бару-қайту 100 мың 420 теңге тұрады. Амал жоқ, ұшаққа отырамын, өйткені бір бағыты 13 мың 262 теңге тұратын ат арбадан да нашар «Маңғышлаққа» міну дегенің – нағыз азап. Барғанда ұшақтан қонақ үйге дейін такси ұстаймын, шамамен жүгім болғандықтан, 2000 теңгеге жеткізетін шығар. Стандартты Ақтау қонақүйі тәулігіне бір адамға 12 мың теңге алады екен. Ал мен теңізді аңсап келгендіктен, қала ортасындағы емес, теңіз жағалауына жақын жерге тоқтағым келеді. Ондағы қонақ үйлер 40-50 мың алады. Мәселен, Ренесанс қонақ үйінің бір тәулік тоқтау бағасы 44 мың 352 теңге болады. Онда да ол сайттан брондасаңыз, аяқ асты барып, қолма қол төлесеңіз, 50-60 мыңды қағып алады. Аягөз атты «ренессанстық» менеджер қыздың айтуынша, бұл бағаға тек таңғы ас, бірінші қабаттағы жаттығу залы мен бассейн кіреді. 7 күн боламын, қонақ үйдің толық шығыны – 35 мыңнан табамын дегеннің өзінде 245 мың. Оған енді кемі екі мезгіл тамақтанудың қаржысын қосайық: тәулігіне екі рет 3000 теңгеге ас ішетін бір асханаға тұрақты клиент болсам, апта бойы дөңгелектегенде 25 мың теңге кетеді. Оған естелік кәдесыйларға үнемдеп жұмсалатын 5000 теңгені қосамыз. Сонда 379 мың 420 теңгеге Ақтаудағы теңізде демалып қайта аламын. Ал енді «Қазтур» туристік агенттігінің менеджері Нұрсәуле елордадан Аланияға барып, 360 мыңға шаршауды басып келуге болатынын айтады. Осы ақшаға бару-қайту билет, 7 күндік теңіз жағасындағы қонақүй, төрт мезгіл тамақ, сау­на, бассейн, жаттығу залы, сақтандыруы, топтық тасымал (әуежайдан қонақүйге дейін алып келу-қайту) кіреді. Ал енді мен қайда барамын, Ақтауға ма, Аланияға ма?

Ішкі туризм ішкі тәртіпке тәуелді

Жоғарыда мен мысал еткендей, сыртқы туризм мен ішкі туризм таразыға түскенде «Өз-өзіңнен жерінбесеңші» деп жанашырлықпен ақыл айтатындарды да кезіктіреміз. Мұндай ішке тартуды көздейтін сын аралас сөздің астарынан «Бәрін өзіміз дамытпасақ, өзіміз қолға алмасақ, мәдениетті біз бастамасақ, бізге сырттан келген біреу істеп бермейді ғой», дейтін шырылдаған үнді естуге болады. Бір ғана мысал, бас қалада тұрақтап қалғандықтан, соған жақын Бурабайға баруды қолай көреміз. Әрі 3 сағатта жетіп алуға болады, әрі қай жеріне барып демалуға болатынын білесің. Оған қоса, алыстан келген қонақтың бәріне содан басқа қалада қызықтыратын дүние де аз. Сонымен тартып отырасың. Көптен бері жолықпаған жақындарыңмен 7 шақырымды еңсеріп, Абылайхан алаңынан қонақүйге дейін әдемі табиғаттың ортасынан салған ғажап жолдың үстімен жүріп өткің келеді. Арасында тастардан үйілген кішкентай тауларға (төбелерге) өрмелеп, көлге көз тіксем дейсің. Сондайда айналаңнан жиренесің, дәрет сындырып кеткен тастардан аяқ алып жүргісіз. Иә, оларды біржақты айыптауға да болмайды, себебі 7 шақырым жолда 7 әжет­хана да салынбаған, олар тек жағалауға жақын, арнайы демалыс орындарында ғана орналасқан. 

Ақылға келіп, мұрныңды шү­йірмей, әлгі айтқандай, жи­рен­бей-ақ қояйыншы дейсің, бірақ болмайды. Шынымен де, тура мағынасында түріңді тыр­житасың. Содан келіп, ішкі ту­ризм­нің дамуы ішкі мәдениетке һәм жауапты ведомстволар тарапынан халықтың мәдениетті болуына жасалатын жағдайға, түптеп келгенде ішкі тәртіпке тәуелді екенін түсінесің.

P.S. Жерұйықты іздеген Асан қайғы­ның әрекеті – негізінен нағыз жиһанкездік еді. Өйткені ол ел аралап жүріп әр жердің өзіне тән ерекшелігін, кей өңірдің тұмса табиғатына тамсанып, енді бір мекеннің малға жайлысын, арқыраған өзеннің ағысы мен түрлі таулардың ішіндегі ерегін бір ойға түйіндеп, ел аузында қалдырып кете барған. Әр жердің бүтін болмысын бойына сыйғызған бірауыз сөзі елкезбені елітері күмәнсіз. Сол аңыз кейіпкері Баянауыл тауын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар, тұзы ауыр. Бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді», депті. Бір күнге келген қонақты бір аптаға тұсап қалатын табиғаты бар бізге жанға жайлы жерді Отанынан іздейтін Асан қайғының жанкешті жиһанкездігі жетпей жүр-ау...