Аймақтар • 22 Шілде, 2019

Жамбыл ескерткіші жаңғырды

780 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы кездері Әулиеата өңірінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне байланысты түрлі дау-дамайлар көбейіп кеткен болатын. Әрине, сан алуан пікірлерді қамтыған дау әйгілі ақын ескерткішін көшіруге байланысты туындаған еді. Нақты айтсақ, былтыр бұрынғы көк базардың алдында тұрған Жамбыл ескерткіші алынып, ескерткіштің жаңа нұсқасы облыстық әкімдіктің алдына орналастырылды.

Жамбыл ескерткіші жаңғырды

Шыны керек, алпыс жыл­ға жуық көк базардың алдын­да тұрған ескерткіштің тозығы жеткен. Бірақ ескі ескерткішті де қоқысқа лақ­тырып тастаған ешкім жоқ. Тек оны қайтадан жөн­деуден өткізіп, тиісті жерге орнатудың мүмкіндігі қарастырылып жатқан болатын. Алайда «Біткен іс­ке сыншы көп» дегендей, Жамбыл ескерткіші өңірдің бас ғимаратының алдына орнатылған күннен бас­тап әңгіме көбейді. Бұл бас­таманы құптағандар да, құп­тамағандар да табылды. Әсіресе әлеуметтік желілерде Жамбыл ескерт­кішіне қа­тысты дау өршід­і. Көп жағ­дайда желі белсенділері ескерткіштің өз орнында қа­луын талап етіп жатты.

Бұл мәселенің дүбірі тек Жамбыл өңірінде ға­на емес, республика бо­йын­ша да белгілі болды. Тіпті кейбір азаматтар бұл мәселеге қатысты ақынның ұрпақтары не дейді екен деген әңгімелерге де бар­ған еді. Жуырда жыр алыбының шөбересі Мұрат­хан Жамбылов өңірге келіп, облыс әкімі Асқар Мыр­захметовпен кездескен болатын. Ақынның ұрпағы өз сөзінде бұл бастаманың өте орынды екенін, сондықтан да Жамбыл әулетінің атынан алғыс айтатынын жеткізді. 

Мұратхан Жамбылов Та­раз қаласына алғаш рет жеті жасында келіпті. Содан кейін де жолы түскенде келіп жүрген. Ол өз сөзінде көк базар маңындағы Жамбыл ескерткішін алғаш көргендегі естелігімен де бөлісті. «Әлі есімде, сонда ескерткіштің айналасы құжынаған халық. Алды көк базар. Абыр-сабыр таңнан қара кешке дейін бір басылмайтын. Сонда ескерткіштің көлеңкесінде есінен айырылғанша ішімдік ішіп, көлеңкесінде ұйықтап жатқандарды да көргенмін. Ал қазір бабамыздың ес­кертк­іші өз орнын тауып, об­лыстың бас ғимаратының алдында менмұндалап тұр. Бізге, баба ұрпақтарына бұдан асқан қандай бақыт керек», дейді ол. Бұл орайда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов те өзінің пікірін білдірді. «Егер ескерткіштің жағдайы жақсы болса, бүтінді бүлдіріп неміз бар. Мәселен, облыстық қа­зақ драма театрының ал­дындағы Бауыржан Мо­мыш­ұлының ескерткіші жарамды болғандықтан сол күйінде «Жеңіс» саябағына қой­дық. Ал Жамбыл Жабаев­тың ескерткішінің тозығы жеткендіктен ауыстыруға тура келді. Бұл асығыс жа­сал­ған қадам емес. Алды­мен барлығы жан-жақты зерделенді», дейді әкім.

Ел болған соң түрлі пікір­лер де болады. Кезін­де Американың бір газеті «Қа­зақстан дейтін елде, Жам­был дейтін жерде ашар­шылыққа арналып еск­ерткіш қойылыпты. Қо­лында қасығы бар бір шал алақан жайып тұр екен», деп жазыпты дегенді де естігенбіз. Сонда Жамбыл ақынның қолындағы домбыраны қасық деп, қолын сермеп тұрғанын алақан жайып тұр деп жазыпты деген де сөз болған. Енді бүгінде Жамбыл ескерткішіне байланысты мынадай дау шықты. Әрине, ескерткіштің орнын ауыстырғаннан ештеңе ө­згермесе де, ескіні жа­ңа­лауды құптаған жөн. Ендігі жерде бұл даудың нүктесі қо­йылды деген үміт бар.


Жамбыл облысы