Руханият • 23 Шілде, 2019

«Егеменнің» тойы – елдің тойы

511 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақ баспасөзі тарихының тұтас дәуірін басынан өткізген, бүгінде қазақ газеттерінің абызы – «Egemen Qazaqstan» газетінің бір ғасырлық жылнамасының 45 жылына, яғни жарты ғасырға жуық шежіресіне тікелей куә болғанымды, оған хал-қадерімше өз үлесімді қосқанымды – әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін мүмкіндік, бақ деп білемін. Жиырма жастағы талдырмаш бойжеткен болып келіп, «әже» атанып, зейнет демалысына шыққанға дейінгі өмірімнің ең бақытты, шуақты кездері – еліміздің бас басылымында қызмет істеген жылдарыма, тағдыр-талайыма тәубе деймін.

«Егеменнің» тойы – елдің тойы

«Дарақ бір жерде өсіп, көге­ре­ді» деген, мен осы газетте өсіп, көгерген жанның бірімін. Шығар­машылық ортаның басқа маман­дық иелерінен, ортасынан ай­рықша ерекшелігі – мұндай ұжымда көбінесе киелі сөз бен орам­ды ой салтанат құрады емес пе? Редакцияда артық-ауыз пендешілік әңгімеден гөрі, атақ­ты қаламгерлердің тауып айтқан сөздері, әсіресе «Сөздің асылы – қал­жың» деген, көңілге ти­мей­тін әзіл-қалжыңдарды айт­саңшы. Жазғандары өз алды­на, әңгіменің майын тамызып, қал­жыңның түбін түсіретін мар­құм ағаларымыз – Ақселеу Сей­дім­беков, Совет Шиманбай, Дәрібай Әлисұлтанов, Тәжібай Битаев, Мыңбай Ілес, Кеңшілік Мырзабеков, Ғалым Тыныбаев, Болат Шубаев, Бекболат Әдетов, Әзиз Алдаберген, Ерағаң – Ержұман Смайыл, ал бүгінде ара­мызда жүрген Сарбас, Мама­дияр, Әділ, Қойшығара, Жанат, Бақтияр ағалар, бір атар қал­жы­ңын тастап қоятын Сәукең – Сауытбек Абдрахманов, одан кейінгі буын Алма Мұхамеджан, Талғат Сүйінбай, Мейрамбек Төлепберген, Ғабит Мүсіреп, Серік­қали Мұқаш, т.б. орны бір төбе еді.

Есімде, қашанда Ақселеу аға­ның бөлмесінде домбырасы тұратын. Әдебиет пен өнер бөлі­міне өнер иелерінің өздерін шақыртып алып, редакцияда сұхбат алып, артынан әуелетіп ән салдырып, күмбірлетіп күй тарт­қызып, редакция ішін си­қыр­лы әуезге бөлейтін. Әсіресе Ақаңның досы Жәнібек Кәр­ме­нов жиі келетін. Айтқан әңгі­ме­сін, салған әнін аузымызды ашып тыңдайтын едік. Сонда деймін-ау, партиялық газет бола тұра, көңілді отырыстар, басқосулар жиі өтіп тұратын.

100 жыл... Жүз жылда газет бетінде қанша мақала жарияланып, қаншама адам осы газеттің шығуына үлес қосты десеңізші. Қаншама әдеби, техникалық қызметкерлер күндіз-түні тынбай еңбек етті. Ең бастысы, ол кездегі газеттің пәрмені, ондағы жария­ланған проблемалық, сын мақалалардың қоғамдық пікір ту­ғызып, биліктің, мекеме бас­шыларының газетпен сана­са­тын­дығы – басылымның беделін арттырып, абыройына абырой қосатын. Бүгінгі естелігімде «Еге­мен Қазақстанда» жария­ла­нып, ұлттық, халықтық мәсе­ле­лер­ді көтеруге ұйытқы болған екі мақалаға тоқталғым келеді.

Қазақтың Шерағасы – Шерхан Мұртаза 1989 жылы «Социа­листік Қазақстан» газе­ті­не бас редактор болып келді. Ол тұста газет­тің аты да, ай аттары да, тегіміз де бұрын­ғы­ша «ов», «ев» деп ата­ла­тын. Редакторлардың редак­­торы атанған Шерағамыз қыз­мет­керлерін тың тақырыптар, күйіп тұрған проблемаларды жазуға тартып, «тірі дүниелер әкеліңдер» деп отыратын еді. Ол кісінің редакторлық жұмыс істеу стилі де өзгеше-тін. Кімнің қандай мақала жазуға шамасы барын біледі де, шақырып алып көтеретін проблеманы, тақы­рыпты, идеяны өзі алдымен айтып, бағыт-бағдар береді. Бол­ма­са жиналыс үстінде: «Осын­­­­­­дай мәселелер бар, қане, осы тақы­­рыпты кім алады?» деп, жаза­­­тын адамды айқындап алады да, «Ал енді осыны жазуға сізге қанша уақыт керек» деп, мерзімін белгілеп, блокнотына түртіп қоятын. Яки, «қане, кімде қандай ұсыныс бар. Қай тақырып қамтылмай жатыр» деп, өзімізді ойлантуға шақыратын. Міне, Шерағаңның осы талабын әркім орындауға тырысатын.

Шерағаң қызметке келгенде стенографисткамын. Өз газе­ті­міз­ге де, басқа басылымдарға да жазып тұрамын. Бірде Шерағаң қолды-аяққа тұрғызбай жұм­сай­тын, өзі сыйлап, пікірімен санасатын Қайнар Олжайға: «Осында істейтін Гүлзейнептің «Қазақ әдебиетінде» жүрген кезімде әйел-ана жайында жақсы бір әңгі­месі шыққан еді. Сол балаға әйел тақырыбына қатысты тапсыр­ма беріп көрші» депті. Өзім үшінші перзентімді ауыр босанып, перзентханадағы сорақы жағ­дайды басымнан өткізіп, жұ­мыс­қа жаңа ғана шыққан кезім. Сөйтіп «Перзентхана пердесі... талай сырды бүркеп тұр...» деген газеттің үш нөміріне сериялы мақалам басылды. Шерағаң сосын Қайнарға: «Енді шопан әйелінің проблемасын көтеріп көрсінші» деп сәлем айтыпты. Ауылда өскен әрі қойшының келіні болғандықтан, шопан әйелінің бейнетін жақсы біле­мін, «Айдалада ақ отау...», сосын көп балалы аналар туралы «Аты ғана ардақты ма?» де­ген көлемді проблемалық мақа­­лаларым жарық көрді. Енді тағы бір тапсырма бергісі келіп шақырғанда Қайнар: «Шераға, ол кісі тех­ни­калық қызметкер, тапсыр­ма беруге хақымыз жоқ, одан да хат бөліміне тілші етіп алып, жұмсай берейік те» депті. «Е, мұның жөн екен» деп, Шерағаң әбден сынап, өз елегінен өткі­зіп, жарау аттай дайын­дап барып, әдеби қызметкер етіп алды. Бүгінде өзімнің Шерағаңның шекпенінен шыққандар қата­ры­нан болғанымды мақтан тұтамын.

Осылайша Шерағаң газетті басқарған жылдары газет басқа реңк ала бастады. «СҚ-ның» сірескен сеңі бұзылды. «Сен­дер жазуын жазып, айтуын айтсаңдар, баспасам маған сын, маған серт» деп, жоғары жаққа жалтақтамай, олармен ақыл­даспай-ақ небір өткір проб­ле­ма­лық мақалалар, фельетондарды қорықпай басып, ЦК-ға шақырса өзі барып, мақаланы да, авторды қорғап шығатын. Сол кездері абзал азамат, мар­­құм Сабыржан Шүкірдің атақ­ты «Кіші октябрін», Аян Ны­са­налин, Қайнар Олжай, Нұри Муфтах, Қали Сәрсенбай, Қара­шаш Тоқсанбайдың, т.б. мақа­ла­ларын атауға болады.

...Бірде Қазақ радиосынан Ленинград­тағы Қазақ мәдени қоғамы президентінің орынбасары, ғалым, ұлтжанды азамат, бүгінде Қазақстан Президенті жанын­дағы Адам құқықтары жөніндегі Ұлт­тық комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев: «Ленинградтағы батыр қызы­мыз Әлия Молдағұлованың мектептегі мұражайын жауып тастады, Жамбыл атындағы көшенің атын өзгертуге күш салып жатыр. Уа, ағайын, осылай қарап отырамыз ба?» деген сұхбатын тыңдап қалдым. Жұмысқа келе сала осы жағдай­ды Қайнар Олжайға айтып едім, нағыз ақ мылтық, намысты журналист Қайнарымыз Шерағаңа барып айтқан екен: «Дереу ұшсын» деп іссапарға бұйрық береді.

Әлгі әңгіменің анық-қанығына жету үшін жолға шықпас бұрын «қандай-қандай заман болады, жаман айтпай жақсы жоқ, жанымызды да, қолы­мыздағы барымызды да аямаған, біз үшін қасиетті қала­да қазақ халқының ұлы мен қызының аты қалмаса да, жері­нен бір уыс топырақ жатсын» деген ниетпен, Жамбыл ата­мыз­дың басына тағзым ете барып, бір уыс топырағын түйіп, ала кеттім.

Содан Ленинград қалалық атқару комитеті жанындағы көшелер атауы жөніндегі комис­сия­ға келдім. Олар комиссия мүшесі, Ленинград мем­ле­кеттік қала тарихы музейінің аға ғы­лы­ми қызметкері Г.Никитенко дегенге жіберді. Ол пақырың: «Егер Ленин­град қаласының аты өзгеріп жатса, Жамбыл көшесінің аты өз-өзінен алынып қалады. Себебі ол көшенің бұрынғы аты Романовтар әуле­ті­нің өте сыйлы әрі білімді отбасылық дәрігері Лештуктың есімімен аталған. Ал 1978 жылдан берілген Ә.Молдағұлова атындағы көшені міндетті түрде өзгертеміз. Себебі біздер осы есімді айтқанда да, жазғанда да қатты қиналамыз. Ол қызға ілінген тақта да жеткілікті. Жалпы, Жамбыл көшесінің алыну-алынбауы туралы бұрынырақта сөз болған. Біздің әдебиетшілер «өлең – аударма, оны кімнің жазғаны белгісіз» дегенді айтуда, – деп сайрап тұр.

Мен болсам Жамбыл баба­мыз­дың «Ленинградтық өренім» сол кезде Алматыда жүрген орыс ақыны М.Тарловскийдің аударғанын, ол Орталық Коми­тет­тің Бюросында бекітіліп, басылымдарда ТАСС хабарлары арқылы тарағанын, бұлай айтуға да, жасауға да болмайтын, одан әрі шағымданатынымды жет­кіз­дім. Содан мына жазғанның аузы жаман екен деп, өзім алып шыққан бір уыс топырақты алып, Жамбыл көшесіне бардым. Көше деп жүргеніміз бас-аяғы 500 метрдей переулок болғанмен, шағын дүкеннің жанында орындықтар қойылған гүлзар бар екен. Ондағы демалушылардың бірі соғыс ардагері, бірі блокаданы басынан өткізген, енді бірі ата-анасы блокада құрбандары болған жандар екен. Жамбыл бабамыздың өлеңдерін жатқа айтып тұр. Құрметтері ерекше. Олар тек көшенің емес, қаланың атының өзгеруіне қарсы. Соларға қолымдағы бір уыс топырақты көрсетіп, гүлзарда өсіп тұрған жас талдың түбіне салдым.

Содан Әлия оқыған №140 орта мектепке Тастемір мырзаны ерте бардым. Барсақ, шынында да музей жабылған. Тек музейдің ал­ғаш ұйымдастырушысы болған ағылшын тілінің мұға­лі­мі Г.Бондаренко жаны ашып, құжаттарды үйіне, мектеп­те­гі кабинетіне, қалғанын радиоруб­ка­ға қойып, сақтап отыр екен. Ал Әлияның мұражайы болған сыныпқа барғанымызда ығы-жығы қойылған парталардың артында жерге қойылған Әлия апамыздың беті айқыш-ұй­қыш сызылған, шұқи берген­нен пилоткасы үңірейіп тесіл­ген бюстін көрдік. Үзілісте оқушы­лар ат қып мініп ойнайтын көрінеді. Ұнжырғамыз түсіп мектеп директорының каби­нетіне кірсек, креслоның үстінде жылтырап семіріп алған қан­шық ит жатыр. Мектеп басшысы музейдің жабылуын класс бөлме­лерінің жетіспеуінен, Ленсоветтің мектептерді саясатсыздандыру керек деген арнайы қаулысы шығып, ешқандай қоғамдық ұйымдар жұмыс істемейтін болсын дегенді, ең бастысы «Әлия оқыған мектеп бұзылған. Біздің мектеп орнына салынған» деп тоқетерін айтып тұр.

Содан мектеп басшысына: «Сіздерде ит екеш итке жасалып отырған қошеметті көрдік. Отан үшін, осы тыныштық өмір үшін қыршын жанын қиған батыр қызымыз сол ит құрлы болмағаны ма? Ең болмаса, Әлияның аруағын қорламай, мүсінінің бетін жа­­уып қойма­дыңыз­дар ма?» дедім зілмен. Ол болса: «Ол жағдайды біл­мей­ді екенмін. Міне, сіздер айт­тыңыз­дар, ертең орынбасарыма айтып бюстің бетін жаптырамын»,  деді ақталғандай.

Содан Ленинград қалалық атқару комитеті жанындағы Музей мен көр­кем­сурет өнері басқармасы бастығында, мектеп орналасқан Красногвардейск аудандық мәдениет комитетінің төрайы­мы С.Волчекте болып, бар жағдайды баяндадық. Олар мұндай жағдайдан хабарсыз екенін, екі тараптың да ойланбай жасаған істеріне жауап беретінін айтып, бізден кешірім сұрап шығарып салды. Көп ұзамай құрамында Красногвардейск аудандық мәдениет комитетінің төрайы­мы, сол ауданның халық­қа білім беру комитетінің төрағасы бар делегация Алма­ты­ға ақылдасуға келіп, осы мәсе­лені шешеді. Міне, осы іссапардан «Ту ету мен тұл ету» (30, 31 тамыз 1991 ж.) атты мақала газеттің екі санында жарияланып, үлкен қоғамдық пікір туғызды. Осы мақалада Ленинградта жағдай осылай болса, Шығыстың маңдайына біткен қос батыры Мәншүк пен Әлияны өзіміз ардақтай алып отырмыз ба? Соғыстың біткеніне елу жыл өтсе де астанамыз Алматыда аналардың ерлігіне тағзым ететін бір ескерткіш – қашалған қара тас қоя алмағанымыз кімге – сын, кімге – мін? Оларға ескерткіш орнатуға арналған қаулының әлі күнге орындалмай отырғанына кім жауапты» деген мәселені де қозғай кеткен едік.

Міне, газет көтерген мәсе­ле­ден кейін Санк-Петербордағы Әлия оқы­ған мектепте музей ашылып, күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұрса, шү­кір Жам­был көшесінде «Бұл переулок Ұлы Отан соғысы жылдарында ленинградтықтардың ерлігін жырлаған қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың құрметіне аталған» деген тақта ілініп, Үкіметіміздің араласуымен өзі­міз көрген гүлзарда Жамбыл баба­мыздың домбыра ұстаған ең­селі ескерткіші тұр.

Тағы бір айта кетерлігі, сол іссапарда Ленинградтағы Киров атындағы опера және балет теат­рының бишісі, РСФСР-дің еңбек сіңірген әртісі, 1984 жылы балет әртістерінің Париж­де өткен байқауының Гран-при жүлдегері, әйгілі француз балетмейстері Морис Бе­жар арнап спектакль қойған қазақ­тың аяулы қызы Алтынай Асылмұратованың гастрольдік са­пар­ларында Алматының жоқ­­тығы, өзінің бауыр етінен жаралған қаршадай қызын осы күнге дейін төр­кін­детуге жара­ма­ғанымызды айтып, «Би падишасы» деген мақала да жазылды. Ал 26 жылдан кейін Алтынай қызымыз «Астана Опера» театры балет труппасының көркем­дік жетекшісі, Қазақ ұлттық хореография академиясына рек­торлық қызметіне келіп, өзі жинаған кәсіби тәжірибе, білім білігін туған халқының қаже­ті­не жаратуға кіріскені қандай ғанибет!

Іргетасын қазақ әдебиетінің алыптар тобы қалаған еліміздің бас газеті – әсіресе, тәуелсіздік жылдарында өзіне жаңа мін­дет­тер алып, cоны серпін­мен іске кірісті. Қоғамның айнасына айналды. Елбасының сындарлы да, сарабдал саясатын жүргізуде сенімді тірегі бола білді. Ұлттық, мемлекеттік мүд­делерді ұлықтауда, әсіресе хал­қымыздың жасампаздық жар­қын беттерін көрсетуде де, сол жолдағы экономикалық қиын­дық­тардан алып шыққан еселі еңбектерін паш етуде аянбай қызмет етті.

1997 жылы Үкіметте қандас бауыр­ла­рымыздың өз Отанына оралуын тежейтін әрекеттер жасалып жатқаны жайында ащы шындықтың бетін ашқан «Көш керуен кері бұрылып кетпесе екен...» (17.01.1997 жыл) атты мақа­ла­ның «Егеменде» жария­ла­нып, үлкен қоғамдық пікір туғызуы, оның ұлттық сипат алуы газет тарихында ойып орын алары хақ.

Аталмыш мақалаға мұ­рын­дық бол­ған сол кездегі Ақпа­рат министрі, ұлтжанды азамат, марқұм Алтынбек Сәр­сен­баев еді. Министр мырза көші-қон мәселесінде өрескел олқы­лық­тар, заңсыздықтар орын алып жатқанын газет бетінде көтеруді тапсырады. Және де ол мақала газетке жарияланбай тұрып, өзі міндетті түрде оқитынын ескертеді. Осылайша бұл тақырыпты зерттеп, зерделеп көтеру маған тапсырылды. Мақала тез арада жазылып, министр мырзаның өзі оқып, жоғары бағасын берді.

Мақала ертеңіне газетте жа­рияланды. 1992 жылы Ең­бек министрлігі жанынан құ­­­рылған Халықтың көші-қон департаменті 16 адамға қыс­қа­рып, бас­қар­ма деңгейіне түсіп, дербестігі жойы­лып, басқарма басшылығына алыс­тан келген ағайындармен тілмаш арқылы сөйлесетін орыстілді адам тағайындалады. Бұл кезде елім, жұртым деп келген ағайындардың Үкіметтен көңілі қалып, кері қайту белең ала бастайды. Мәселен, 1994 жылы Моңғолиядан келген 71, Түркиядан келген 3 отбасы кері оралған. 1995 жылы кері қайту жөнінде 68 адам өтініш білдіреді. Мұндай келеңсіздікке шыдамаған ұлт­жан­ды азаматтар Президентке хат жазып, ұсыныстарын жеткізеді. Мемле­кет басшысы дереу сол кез­дегі Үкімет басшысы Ә.Қажы­гелдинге миграциялық үдерістерді реттеу жөнінде нақты шаралар белгілеу жөнінде нұсқау (14.12. 1994 ж., № 1301) береді. Алты ай бойы бұл мәселеге ешкім көңіл аудармайды. 1994 жылғы көші-қонға бюджеттен бөлінген 95 млн теңгенің 16,5 млн теңгесі ғана жұмсалады. 1996 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшылығына келген Н.Коржова заң жобасында «Көші-қон қорын құру туралы» бапты алып тас­тап, «Репатрианттарға жәрдем көр­се­ту мен қолдауға байланыс­ты шараларды қаржылық қамта­ма­сыз ету жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылады» деген бап енгізеді. Үкімет жобаны бекітіп, Парламент Мәжілісіне тапсырады.

«Егеменде» мақала жарық көргенде елге келген бауырларымыз алақайлап, «бізді де қорғайтын, қолдайтындар бар екен ғой» деп, қуанып жатты. Келесі күні-ақ шетелден келген қазақ­тар­дың арасындағы зиялылары жиналып, мақала негізінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанынан Көші-қон орталығын (төрағасы белгілі ақын Алмас Ахметбекұлы) құрып, «Шетелдегі қазақтардың Отанына оралуы ұлттық мәселе. Неге біздің тағдырымызды Коржова ханым шешуі керек?» деген мәселені көте­ріп, түбегейлі айналысады. Сөйтіп олар Парламент Мәжі­лісі Әлеуметтік даму коми­те­ті­нің мүшесі, депутат Әкім Ысқақтың қабыл­дауында болады. Балама заң жобасын ұсынуға қауымдастықтың құқы бол­мағандықтан бұл шаруаны депутат Ә.Ысқақ мырза мойнына алады. Жоба авторы мен орталық мүшелері аз уақытта белсенді жұмыс істейді. Сөйтіп алғаш шақырылған қос палаталы Парламенттің Үкімет дайындаған «Көші-қон туралы» Заңға қазақ тілінде балама заң дайындауы үлкен қозғалысқа айналып, соның негізінде Қазақстанда тұңғыш рет қазақша аталмыш заң қабылданады. Міне, бұл «Егеменде» жарияланған бір ғана мақаланың пәрмені еді. Ал мұндай мақалалардың жүз жылда қаншасы жарияланды дерсіз!

Қазір заман басқа, уақыт өзгер­ді. Соған сай «Егемен» де өзгерді. Егер бұрын қор­ға­­сынмен жұмыс істеп, темір тоқ­пақ­тап машинка бассақ, қазір интернеттің мүмкіндігі орасан. Газеттің көлемі де еуропалық стандартқа сай өзгеріп, оқуға ың­ғайлы форматқа көшті. Қа­зір тілшілерге талап жоғары. Олар газетке де, сайтқа да қатар қалам сілтейді. Уақытпен бірге жаңа толқын, буын алмас­ты. Бүгінде Дархан Қыдырәлі басқарған ұжым уақыт талабына сай еңбек етуде. Басылым күн санап қарқындап дамып келе жатқан еліміздің тыныс-тіршілігін, жүргізіп отырған сая­сатын, экономикасын, ғылымы мен білімін, елдіктің сөзін айтатын биік мінберге айналып отыр. Лайым, солай бола бергей...

 

 Гүлзейнеп Сәдірқызы,

«Egemen Qazaqstan»

газетінің ардагері, Ақпарат саласының үздігі, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері