«Дарақ бір жерде өсіп, көгереді» деген, мен осы газетте өсіп, көгерген жанның бірімін. Шығармашылық ортаның басқа мамандық иелерінен, ортасынан айрықша ерекшелігі – мұндай ұжымда көбінесе киелі сөз бен орамды ой салтанат құрады емес пе? Редакцияда артық-ауыз пендешілік әңгімеден гөрі, атақты қаламгерлердің тауып айтқан сөздері, әсіресе «Сөздің асылы – қалжың» деген, көңілге тимейтін әзіл-қалжыңдарды айтсаңшы. Жазғандары өз алдына, әңгіменің майын тамызып, қалжыңның түбін түсіретін марқұм ағаларымыз – Ақселеу Сейдімбеков, Совет Шиманбай, Дәрібай Әлисұлтанов, Тәжібай Битаев, Мыңбай Ілес, Кеңшілік Мырзабеков, Ғалым Тыныбаев, Болат Шубаев, Бекболат Әдетов, Әзиз Алдаберген, Ерағаң – Ержұман Смайыл, ал бүгінде арамызда жүрген Сарбас, Мамадияр, Әділ, Қойшығара, Жанат, Бақтияр ағалар, бір атар қалжыңын тастап қоятын Сәукең – Сауытбек Абдрахманов, одан кейінгі буын Алма Мұхамеджан, Талғат Сүйінбай, Мейрамбек Төлепберген, Ғабит Мүсіреп, Серікқали Мұқаш, т.б. орны бір төбе еді.
Есімде, қашанда Ақселеу ағаның бөлмесінде домбырасы тұратын. Әдебиет пен өнер бөліміне өнер иелерінің өздерін шақыртып алып, редакцияда сұхбат алып, артынан әуелетіп ән салдырып, күмбірлетіп күй тартқызып, редакция ішін сиқырлы әуезге бөлейтін. Әсіресе Ақаңның досы Жәнібек Кәрменов жиі келетін. Айтқан әңгімесін, салған әнін аузымызды ашып тыңдайтын едік. Сонда деймін-ау, партиялық газет бола тұра, көңілді отырыстар, басқосулар жиі өтіп тұратын.
100 жыл... Жүз жылда газет бетінде қанша мақала жарияланып, қаншама адам осы газеттің шығуына үлес қосты десеңізші. Қаншама әдеби, техникалық қызметкерлер күндіз-түні тынбай еңбек етті. Ең бастысы, ол кездегі газеттің пәрмені, ондағы жарияланған проблемалық, сын мақалалардың қоғамдық пікір туғызып, биліктің, мекеме басшыларының газетпен санасатындығы – басылымның беделін арттырып, абыройына абырой қосатын. Бүгінгі естелігімде «Егемен Қазақстанда» жарияланып, ұлттық, халықтық мәселелерді көтеруге ұйытқы болған екі мақалаға тоқталғым келеді.
Қазақтың Шерағасы – Шерхан Мұртаза 1989 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне бас редактор болып келді. Ол тұста газеттің аты да, ай аттары да, тегіміз де бұрынғыша «ов», «ев» деп аталатын. Редакторлардың редакторы атанған Шерағамыз қызметкерлерін тың тақырыптар, күйіп тұрған проблемаларды жазуға тартып, «тірі дүниелер әкеліңдер» деп отыратын еді. Ол кісінің редакторлық жұмыс істеу стилі де өзгеше-тін. Кімнің қандай мақала жазуға шамасы барын біледі де, шақырып алып көтеретін проблеманы, тақырыпты, идеяны өзі алдымен айтып, бағыт-бағдар береді. Болмаса жиналыс үстінде: «Осындай мәселелер бар, қане, осы тақырыпты кім алады?» деп, жазатын адамды айқындап алады да, «Ал енді осыны жазуға сізге қанша уақыт керек» деп, мерзімін белгілеп, блокнотына түртіп қоятын. Яки, «қане, кімде қандай ұсыныс бар. Қай тақырып қамтылмай жатыр» деп, өзімізді ойлантуға шақыратын. Міне, Шерағаңның осы талабын әркім орындауға тырысатын.
Шерағаң қызметке келгенде стенографисткамын. Өз газетімізге де, басқа басылымдарға да жазып тұрамын. Бірде Шерағаң қолды-аяққа тұрғызбай жұмсайтын, өзі сыйлап, пікірімен санасатын Қайнар Олжайға: «Осында істейтін Гүлзейнептің «Қазақ әдебиетінде» жүрген кезімде әйел-ана жайында жақсы бір әңгімесі шыққан еді. Сол балаға әйел тақырыбына қатысты тапсырма беріп көрші» депті. Өзім үшінші перзентімді ауыр босанып, перзентханадағы сорақы жағдайды басымнан өткізіп, жұмысқа жаңа ғана шыққан кезім. Сөйтіп «Перзентхана пердесі... талай сырды бүркеп тұр...» деген газеттің үш нөміріне сериялы мақалам басылды. Шерағаң сосын Қайнарға: «Енді шопан әйелінің проблемасын көтеріп көрсінші» деп сәлем айтыпты. Ауылда өскен әрі қойшының келіні болғандықтан, шопан әйелінің бейнетін жақсы білемін, «Айдалада ақ отау...», сосын көп балалы аналар туралы «Аты ғана ардақты ма?» деген көлемді проблемалық мақалаларым жарық көрді. Енді тағы бір тапсырма бергісі келіп шақырғанда Қайнар: «Шераға, ол кісі техникалық қызметкер, тапсырма беруге хақымыз жоқ, одан да хат бөліміне тілші етіп алып, жұмсай берейік те» депті. «Е, мұның жөн екен» деп, Шерағаң әбден сынап, өз елегінен өткізіп, жарау аттай дайындап барып, әдеби қызметкер етіп алды. Бүгінде өзімнің Шерағаңның шекпенінен шыққандар қатарынан болғанымды мақтан тұтамын.
Осылайша Шерағаң газетті басқарған жылдары газет басқа реңк ала бастады. «СҚ-ның» сірескен сеңі бұзылды. «Сендер жазуын жазып, айтуын айтсаңдар, баспасам маған сын, маған серт» деп, жоғары жаққа жалтақтамай, олармен ақылдаспай-ақ небір өткір проблемалық мақалалар, фельетондарды қорықпай басып, ЦК-ға шақырса өзі барып, мақаланы да, авторды қорғап шығатын. Сол кездері абзал азамат, марқұм Сабыржан Шүкірдің атақты «Кіші октябрін», Аян Нысаналин, Қайнар Олжай, Нұри Муфтах, Қали Сәрсенбай, Қарашаш Тоқсанбайдың, т.б. мақалаларын атауға болады.
...Бірде Қазақ радиосынан Ленинградтағы Қазақ мәдени қоғамы президентінің орынбасары, ғалым, ұлтжанды азамат, бүгінде Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев: «Ленинградтағы батыр қызымыз Әлия Молдағұлованың мектептегі мұражайын жауып тастады, Жамбыл атындағы көшенің атын өзгертуге күш салып жатыр. Уа, ағайын, осылай қарап отырамыз ба?» деген сұхбатын тыңдап қалдым. Жұмысқа келе сала осы жағдайды Қайнар Олжайға айтып едім, нағыз ақ мылтық, намысты журналист Қайнарымыз Шерағаңа барып айтқан екен: «Дереу ұшсын» деп іссапарға бұйрық береді.
Әлгі әңгіменің анық-қанығына жету үшін жолға шықпас бұрын «қандай-қандай заман болады, жаман айтпай жақсы жоқ, жанымызды да, қолымыздағы барымызды да аямаған, біз үшін қасиетті қалада қазақ халқының ұлы мен қызының аты қалмаса да, жерінен бір уыс топырақ жатсын» деген ниетпен, Жамбыл атамыздың басына тағзым ете барып, бір уыс топырағын түйіп, ала кеттім.
Содан Ленинград қалалық атқару комитеті жанындағы көшелер атауы жөніндегі комиссияға келдім. Олар комиссия мүшесі, Ленинград мемлекеттік қала тарихы музейінің аға ғылыми қызметкері Г.Никитенко дегенге жіберді. Ол пақырың: «Егер Ленинград қаласының аты өзгеріп жатса, Жамбыл көшесінің аты өз-өзінен алынып қалады. Себебі ол көшенің бұрынғы аты Романовтар әулетінің өте сыйлы әрі білімді отбасылық дәрігері Лештуктың есімімен аталған. Ал 1978 жылдан берілген Ә.Молдағұлова атындағы көшені міндетті түрде өзгертеміз. Себебі біздер осы есімді айтқанда да, жазғанда да қатты қиналамыз. Ол қызға ілінген тақта да жеткілікті. Жалпы, Жамбыл көшесінің алыну-алынбауы туралы бұрынырақта сөз болған. Біздің әдебиетшілер «өлең – аударма, оны кімнің жазғаны белгісіз» дегенді айтуда, – деп сайрап тұр.
Мен болсам Жамбыл бабамыздың «Ленинградтық өренім» сол кезде Алматыда жүрген орыс ақыны М.Тарловскийдің аударғанын, ол Орталық Комитеттің Бюросында бекітіліп, басылымдарда ТАСС хабарлары арқылы тарағанын, бұлай айтуға да, жасауға да болмайтын, одан әрі шағымданатынымды жеткіздім. Содан мына жазғанның аузы жаман екен деп, өзім алып шыққан бір уыс топырақты алып, Жамбыл көшесіне бардым. Көше деп жүргеніміз бас-аяғы 500 метрдей переулок болғанмен, шағын дүкеннің жанында орындықтар қойылған гүлзар бар екен. Ондағы демалушылардың бірі соғыс ардагері, бірі блокаданы басынан өткізген, енді бірі ата-анасы блокада құрбандары болған жандар екен. Жамбыл бабамыздың өлеңдерін жатқа айтып тұр. Құрметтері ерекше. Олар тек көшенің емес, қаланың атының өзгеруіне қарсы. Соларға қолымдағы бір уыс топырақты көрсетіп, гүлзарда өсіп тұрған жас талдың түбіне салдым.
Содан Әлия оқыған №140 орта мектепке Тастемір мырзаны ерте бардым. Барсақ, шынында да музей жабылған. Тек музейдің алғаш ұйымдастырушысы болған ағылшын тілінің мұғалімі Г.Бондаренко жаны ашып, құжаттарды үйіне, мектептегі кабинетіне, қалғанын радиорубкаға қойып, сақтап отыр екен. Ал Әлияның мұражайы болған сыныпқа барғанымызда ығы-жығы қойылған парталардың артында жерге қойылған Әлия апамыздың беті айқыш-ұйқыш сызылған, шұқи бергеннен пилоткасы үңірейіп тесілген бюстін көрдік. Үзілісте оқушылар ат қып мініп ойнайтын көрінеді. Ұнжырғамыз түсіп мектеп директорының кабинетіне кірсек, креслоның үстінде жылтырап семіріп алған қаншық ит жатыр. Мектеп басшысы музейдің жабылуын класс бөлмелерінің жетіспеуінен, Ленсоветтің мектептерді саясатсыздандыру керек деген арнайы қаулысы шығып, ешқандай қоғамдық ұйымдар жұмыс істемейтін болсын дегенді, ең бастысы «Әлия оқыған мектеп бұзылған. Біздің мектеп орнына салынған» деп тоқетерін айтып тұр.
Содан мектеп басшысына: «Сіздерде ит екеш итке жасалып отырған қошеметті көрдік. Отан үшін, осы тыныштық өмір үшін қыршын жанын қиған батыр қызымыз сол ит құрлы болмағаны ма? Ең болмаса, Әлияның аруағын қорламай, мүсінінің бетін жауып қоймадыңыздар ма?» дедім зілмен. Ол болса: «Ол жағдайды білмейді екенмін. Міне, сіздер айттыңыздар, ертең орынбасарыма айтып бюстің бетін жаптырамын», деді ақталғандай.
Содан Ленинград қалалық атқару комитеті жанындағы Музей мен көркемсурет өнері басқармасы бастығында, мектеп орналасқан Красногвардейск аудандық мәдениет комитетінің төрайымы С.Волчекте болып, бар жағдайды баяндадық. Олар мұндай жағдайдан хабарсыз екенін, екі тараптың да ойланбай жасаған істеріне жауап беретінін айтып, бізден кешірім сұрап шығарып салды. Көп ұзамай құрамында Красногвардейск аудандық мәдениет комитетінің төрайымы, сол ауданның халыққа білім беру комитетінің төрағасы бар делегация Алматыға ақылдасуға келіп, осы мәселені шешеді. Міне, осы іссапардан «Ту ету мен тұл ету» (30, 31 тамыз 1991 ж.) атты мақала газеттің екі санында жарияланып, үлкен қоғамдық пікір туғызды. Осы мақалада Ленинградта жағдай осылай болса, Шығыстың маңдайына біткен қос батыры Мәншүк пен Әлияны өзіміз ардақтай алып отырмыз ба? Соғыстың біткеніне елу жыл өтсе де астанамыз Алматыда аналардың ерлігіне тағзым ететін бір ескерткіш – қашалған қара тас қоя алмағанымыз кімге – сын, кімге – мін? Оларға ескерткіш орнатуға арналған қаулының әлі күнге орындалмай отырғанына кім жауапты» деген мәселені де қозғай кеткен едік.
Міне, газет көтерген мәселеден кейін Санк-Петербордағы Әлия оқыған мектепте музей ашылып, күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұрса, шүкір Жамбыл көшесінде «Бұл переулок Ұлы Отан соғысы жылдарында ленинградтықтардың ерлігін жырлаған қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың құрметіне аталған» деген тақта ілініп, Үкіметіміздің араласуымен өзіміз көрген гүлзарда Жамбыл бабамыздың домбыра ұстаған еңселі ескерткіші тұр.
Тағы бір айта кетерлігі, сол іссапарда Ленинградтағы Киров атындағы опера және балет театрының бишісі, РСФСР-дің еңбек сіңірген әртісі, 1984 жылы балет әртістерінің Парижде өткен байқауының Гран-при жүлдегері, әйгілі француз балетмейстері Морис Бежар арнап спектакль қойған қазақтың аяулы қызы Алтынай Асылмұратованың гастрольдік сапарларында Алматының жоқтығы, өзінің бауыр етінен жаралған қаршадай қызын осы күнге дейін төркіндетуге жарамағанымызды айтып, «Би падишасы» деген мақала да жазылды. Ал 26 жылдан кейін Алтынай қызымыз «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, Қазақ ұлттық хореография академиясына ректорлық қызметіне келіп, өзі жинаған кәсіби тәжірибе, білім білігін туған халқының қажетіне жаратуға кіріскені қандай ғанибет!
Іргетасын қазақ әдебиетінің алыптар тобы қалаған еліміздің бас газеті – әсіресе, тәуелсіздік жылдарында өзіне жаңа міндеттер алып, cоны серпінмен іске кірісті. Қоғамның айнасына айналды. Елбасының сындарлы да, сарабдал саясатын жүргізуде сенімді тірегі бола білді. Ұлттық, мемлекеттік мүдделерді ұлықтауда, әсіресе халқымыздың жасампаздық жарқын беттерін көрсетуде де, сол жолдағы экономикалық қиындықтардан алып шыққан еселі еңбектерін паш етуде аянбай қызмет етті.
1997 жылы Үкіметте қандас бауырларымыздың өз Отанына оралуын тежейтін әрекеттер жасалып жатқаны жайында ащы шындықтың бетін ашқан «Көш керуен кері бұрылып кетпесе екен...» (17.01.1997 жыл) атты мақаланың «Егеменде» жарияланып, үлкен қоғамдық пікір туғызуы, оның ұлттық сипат алуы газет тарихында ойып орын алары хақ.
Аталмыш мақалаға мұрындық болған сол кездегі Ақпарат министрі, ұлтжанды азамат, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев еді. Министр мырза көші-қон мәселесінде өрескел олқылықтар, заңсыздықтар орын алып жатқанын газет бетінде көтеруді тапсырады. Және де ол мақала газетке жарияланбай тұрып, өзі міндетті түрде оқитынын ескертеді. Осылайша бұл тақырыпты зерттеп, зерделеп көтеру маған тапсырылды. Мақала тез арада жазылып, министр мырзаның өзі оқып, жоғары бағасын берді.
Мақала ертеңіне газетте жарияланды. 1992 жылы Еңбек министрлігі жанынан құрылған Халықтың көші-қон департаменті 16 адамға қысқарып, басқарма деңгейіне түсіп, дербестігі жойылып, басқарма басшылығына алыстан келген ағайындармен тілмаш арқылы сөйлесетін орыстілді адам тағайындалады. Бұл кезде елім, жұртым деп келген ағайындардың Үкіметтен көңілі қалып, кері қайту белең ала бастайды. Мәселен, 1994 жылы Моңғолиядан келген 71, Түркиядан келген 3 отбасы кері оралған. 1995 жылы кері қайту жөнінде 68 адам өтініш білдіреді. Мұндай келеңсіздікке шыдамаған ұлтжанды азаматтар Президентке хат жазып, ұсыныстарын жеткізеді. Мемлекет басшысы дереу сол кездегі Үкімет басшысы Ә.Қажыгелдинге миграциялық үдерістерді реттеу жөнінде нақты шаралар белгілеу жөнінде нұсқау (14.12. 1994 ж., № 1301) береді. Алты ай бойы бұл мәселеге ешкім көңіл аудармайды. 1994 жылғы көші-қонға бюджеттен бөлінген 95 млн теңгенің 16,5 млн теңгесі ғана жұмсалады. 1996 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшылығына келген Н.Коржова заң жобасында «Көші-қон қорын құру туралы» бапты алып тастап, «Репатрианттарға жәрдем көрсету мен қолдауға байланысты шараларды қаржылық қамтамасыз ету жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылады» деген бап енгізеді. Үкімет жобаны бекітіп, Парламент Мәжілісіне тапсырады.
«Егеменде» мақала жарық көргенде елге келген бауырларымыз алақайлап, «бізді де қорғайтын, қолдайтындар бар екен ғой» деп, қуанып жатты. Келесі күні-ақ шетелден келген қазақтардың арасындағы зиялылары жиналып, мақала негізінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанынан Көші-қон орталығын (төрағасы белгілі ақын Алмас Ахметбекұлы) құрып, «Шетелдегі қазақтардың Отанына оралуы ұлттық мәселе. Неге біздің тағдырымызды Коржова ханым шешуі керек?» деген мәселені көтеріп, түбегейлі айналысады. Сөйтіп олар Парламент Мәжілісі Әлеуметтік даму комитетінің мүшесі, депутат Әкім Ысқақтың қабылдауында болады. Балама заң жобасын ұсынуға қауымдастықтың құқы болмағандықтан бұл шаруаны депутат Ә.Ысқақ мырза мойнына алады. Жоба авторы мен орталық мүшелері аз уақытта белсенді жұмыс істейді. Сөйтіп алғаш шақырылған қос палаталы Парламенттің Үкімет дайындаған «Көші-қон туралы» Заңға қазақ тілінде балама заң дайындауы үлкен қозғалысқа айналып, соның негізінде Қазақстанда тұңғыш рет қазақша аталмыш заң қабылданады. Міне, бұл «Егеменде» жарияланған бір ғана мақаланың пәрмені еді. Ал мұндай мақалалардың жүз жылда қаншасы жарияланды дерсіз!
Қазір заман басқа, уақыт өзгерді. Соған сай «Егемен» де өзгерді. Егер бұрын қорғасынмен жұмыс істеп, темір тоқпақтап машинка бассақ, қазір интернеттің мүмкіндігі орасан. Газеттің көлемі де еуропалық стандартқа сай өзгеріп, оқуға ыңғайлы форматқа көшті. Қазір тілшілерге талап жоғары. Олар газетке де, сайтқа да қатар қалам сілтейді. Уақытпен бірге жаңа толқын, буын алмасты. Бүгінде Дархан Қыдырәлі басқарған ұжым уақыт талабына сай еңбек етуде. Басылым күн санап қарқындап дамып келе жатқан еліміздің тыныс-тіршілігін, жүргізіп отырған саясатын, экономикасын, ғылымы мен білімін, елдіктің сөзін айтатын биік мінберге айналып отыр. Лайым, солай бола бергей...
Гүлзейнеп Сәдірқызы,
«Egemen Qazaqstan»
газетінің ардагері, Ақпарат саласының үздігі, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері