Ем барысында остеохондроз салдарынан болған желкенің тартылуы, қолдың ұйып қалуы, қан қысымының көтерілуі, миға оттегі жетіспеуі сынды кеселдерден де құлан-таза айығу мүмкіндігі бар. Себебі әр науқасқа жеке емдеу бағдарламасы түзіледі. Дәрігерлер емделушінің омыртқадағы зақым түрі мен ағза ерекшелігіне қарай ем тағайындайды. Олар Ресейдің Екатеринбург қаласында академик Ю.Н.Богдановтан дәріс алған. Ал Богданов – емдеу тәсілін әлем мойындаған ғалым. Ол омыртқа ауруларын емдеудің өзіндік тәсілін тек қана үдесінен шыға білетін, сенім артуға болатын мамандарға ғана үйрететін талабы өте мықты жан. Міне, орталықтағы дәрігерлердің бірі Сұлтан Сатаев осындай ғалымнан дәріс алған маман.
«Омыртқада 34 бөлік болады, дейді дәрігер. – Оның әрқайсысы ағзаның белгілі бір мүшесінің жұмысына атсалысады. Мысалы, белдегі отырықшы тамыр қысылса, оның зардабы аяққа, сан бұлшық еттері, тізе мен табан, бүйрекке беріледі. Тізенің қақсауы, табанның бастырмауы, ер адамдардағы аталық без жұмысының бұзылуы да соның салдары. Кейде құлақтың шуылдауы, бастың себепсіз айналуы, көрудің нашарлауы, өтке тас жиналуы, бас сақинасы да омыртқадан бастау алады. Себебі ондағы дискілер бір-біріне «отырады» да, сол арадағы жүйке талшығына зақым келеді. Сондықтан емделсеңіз де нәтиже болмай жатқан кейбір ауру түрлерінің түпкі себебін омыртқадан іздеу керек. Өйткені омыртқа – бүкіл ағза ұстыны.
Бізде емнің бірнеше түрі топтастырылған. Емдік және мануалды массаждың көптеген ауруға ем екенін бәріңіз білесіздер. Бұл әсіресе аяқ-қолы қақсайтын, буын ауруы мазалайтын жандарға дауа.
Самырсын ағашынан жасалған емдік фитобөшкенің шипасы – емдік шөптер сығындысының буы сүйекке өткен суықты да қуып, ағзаны шлактардан тазартады. Ал енді оған жүйкені тыныштандыратын, теріні жасартатын эфир майларын қосады.
«Бірақ біздің негізгі ем бұл емес. Бұл екеуі ағзаны қыздырып, бұлшық еттерді, тамырларды, тіпті сүйекті де алдағы емге дайындау. Яғни емнің бірінші сатысы ғана. Омыртқаны емдеу осыдан кейін басталады. Орталықта Ресейден әкелінген омыртқа ауруларын емдейтін автоматтандырылған арнайы құрылғы-кереует бар. Оның бірі – «Кинеза», ол мойыннан бастап белге дейінгі омыртқаның әр бөлігін қозғалысқа келтіріп, дискілердің қажалуын, тамырдың қысылуын қалпына келтіреді. «Ормед-профессионал» омыртқа мен ондағы бұлшық еттерге вибрациялық-роликті массаж жасай отырып, дискілер арасын ашады. Мұның бәрі тікелей бақылаумен жасалады. Мануалды терапия, емдік-нүктелі массаж, емдік шөптер бұлауы – фитобөшке, арнайы жаттығу мен кәсіби емдік кешеннің көмегімен таяққа сүйеніп келіп, еркін жүріп кеткен, толық сауығып кеткендер бар. Омыртқасында бірнеше грыжа бар адамдар да кездеседі. Ал грыжа ұзақ емделеді, дұрыс ем жасалса, толық жазылуға мүмкіндік бар», дейді ол.
Дәрігер сөзінің дәлелі ретінде осында емделіп жатқан жандардың бірі – Алматы қаласынан келген Ерсайын Әділбеков басынан өткенді айтып берді.
«Менде төрт грыжа бар еді. Жұмысқа жарамай қалдым. Денем бір жағына қарай қисайып қалды. Таяққа сүйеніп әзер жүремін. Массаждың түр-түрі, ине салатын, тамыр үзетін дәрігер-емші дегеннің бәрін араладым. Шипасы болмады. Грыжаның бірі 6 миллиметрге дейін өсіп кетті. Бір дәрігер операция жасау керек деді. Енді бірі мүлде жазылмайсың деп, мүгедектікке шығармақ болды. Аяқ-қолым бүтін болса да жүруге жарамай, мүгедек болып қалу оңай емес. Содан ізденіп көрсем, әлемде грыжаны шын мәнінде емдейтін адам санаулы ғана дейді. Сол санаулының мақтаулысы акадамик Богданов дегенді оқыдым. Ресейге баруға қол қысқа, жол ұзақ, қаржы қиын. Қайтсем екен деп отырғанда Сұлтан туралы естідім. Дәрігердің бәрі осындай болса ғой. Уколсыз-дәрісіз төрт грыжаның екеуін жоқ етті. Ең үлкені – 6 миллиметр болғаны қазір 2,5 миллиметрге кішірейді. Кеше МРТ-ға түсіп келдім. Бұл үшінші курс ем алуым. Дәрігер төрт курстық емде толық жазыласыз, бірақ араға жарты жыл салып профилактика үшін тағы бір келуіңіз керек», – деді Е.Әділбеков.
Жарас ҚАСЫМЖАНОВ
ШЫМКЕНТ