Азық-түлік қауіпсіздігі: Бәсекелестік пен басымдықтар
Сәрсенбі, 15 мамыр 2013 1:45
Дүниежүзілік бәсекелестікке қабілетті болу талабына сай Тәуелсіз Қазақстан индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруда. Ел экономикасының өзегі саналатын аграрлық сала алдында тұрған міндеттер де орасан зор. Осы орайда еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі мен оны шешудегі отандық агроөнеркәсіп кешенінің мүмкіндіктері мен басымдықтары туралы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес ЕСПОЛОВ тұшымды ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салған болатын.
Сәрсенбі, 15 мамыр 2013 1:45
Дүниежүзілік бәсекелестікке қабілетті болу талабына сай Тәуелсіз Қазақстан индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруда. Ел экономикасының өзегі саналатын аграрлық сала алдында тұрған міндеттер де орасан зор. Осы орайда еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі мен оны шешудегі отандық агроөнеркәсіп кешенінің мүмкіндіктері мен басымдықтары туралы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес ЕСПОЛОВ тұшымды ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салған болатын.
– Тілектес Исабайұлы, бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі жаһандық сипатқа ие болуда. Осы орайда қазақстандық ғалымдардың пікірлері қандай?
– Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлерден мол өнім алуға болады. Оған аграрлық саланы өркендетудегі Батыс Еуропа, АҚШ, Австралия жетістіктері дәлел бола алады. АҚШ соңғы 30 жылдың ішінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемін 1,6 есеге ұлғайтып, оған жұмсалатын энергия қуатын 2 есе төмендетті. Бразилия елінің азық-түлік өнімдері мен биожанармайды өндірудегі жетістіктері көп елге үлгі болары сөзсіз. Болжам бойынша, үстіміздегі ғасырдың орта тұсындаинновациялық дамуға сәйкес жер шары тұрғындарының 90 пайызы азық-түлікпен жақсы қамтамасыз етілуі мүмкін. Сондықтан, біз де өз ретімен өзге елдердің озық тәжірибелеріне негізделген агроөнеркәсіп кешенін дамытудың қазақстандық үлгісін қалыптастыруымыз қажет.
Қазақстанның жер көлемі жағынан әлем елдерінің ішінде 9-шы орында тұруы оның ауыл шаруашылығын дамытуда зор мүмкіндіктер иесі екендігін көрсетеді. АӨК ел экономикасының жетекші саласына айналып келеді. Бұл ретте Қазақстан азық-түлікпен өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын іргелі мемлекеттер санатына еніп отыр. ЕурАзЭҚ-тағы бес мемлекет арасында жүргізілген рейтингтік бағамдау нәтижесінде еліміздің негізгі ауылшаруашылық өнімдерін өндіруден 0,98 индекспен 2-ші орында болуы соның дәлелі.
– Азық-түлік қауіпсіздігі саласында ғаламдық түйткілдер бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Сол жағымсыз құбылыстар бізді де айналып өтпесі белгілі. Бұл ретте Қазақстандағы азық-түлік мәселесі қаншалықты күрделі?
– Проблема бәрімізге ортақ десек те, Қазақстанға жалпы азық-түлік зәрулігі төніп тұрған жоқ. Тіпті, ең қолайсыз қуаңшылық жылдардың өзінде еліміз негізгі тағам өнімдері бойынша ішкі сұранысты қамтамасыз ете алады. Негізі, азық-түлік қауіпсіздігі жағдайы алдымен астық өндірісі мен оның қор көлемі бойынша бағаланады. Бұл жөнінде республикамыз өзіне өте сенімді елдер қатарына жатады. Статистика агенттігінің мәліметтеріне жүгінсек, үстіміздегі жылдың наурыз айында астық қоры 10 млн. тоннадан астам болды. Қуаңшылық бола қалған жағдайда мемлекеттік және шаруашылық субъектілері дер кезінде бейімделіп, икемді шараларды ілкімді жүргізулері керек. Бұл үшін аграрлық ғылымның селекциялық, технологиялық және басқа да бағыттарындағы ұсыныстары мен ауыл шаруашылығын табиғаттың қолайсыз жағдайларынан қорғайтын амал-шаралары баршылық.
Ғалымдар Қазақстанның ішкі сұранысына қажетті азық-түлік көлемінен 3 есе көп өнім өндіре алатын әлеуетінің бар екенін дәлелдеп келеді. Сарапшылар Қазақстанды мал және егін шаруашылықтары өнімдерін өндіруде үлкен әлеуеті бар әлемдегі бес елдің қатарына кіргізеді. Еліміздегі 187 млн. гектар жайылымдық жер мал шаруашылығын дамытудағы мол мүмкіндіктер негізі.
– Қазіргі уақытта біз үлкен мүмкіндіктерімізді барынша толық пайдаланып отырмыз дей аламыз ба?
– Ауыл шаруашылығында табиғи және басқа ресурстарды толық пайдалана алып отырмыз деуге әлі ертерек. Экономикалық қағидаларға сүйенсек, кәсіпкерліктің дамуына мүмкіншілік қалыптастыратын қолайлы макроэкономикалық орта керектігі ақиқат. Осы ортаны қалыптастыратын тетіктер: салық және сақтандыру жүйесі, несиелік саясат, бағаны мемлекеттік реттеу мен кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау. Осы тетіктерді дайындап, енгізуде жіберілген кемшіліктер ауыл шаруашылығында кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай қалыптастырмай, оны тежеп келді.
Ауылшаруашылық кәсіпкерлері өнімдерін нарықтық бағамен сатуға қол жеткізе алмай, осы уақытқа дейін арада жүрген алып-сатарларға тәуелді. Табыстарының ауқымды көлемін солар иеленуде. Банк жүйесінің несиеге қосатын пайыздық жүктемесінің жоғарылығы ауылшаруашылық өндірісінде қалыптасқан қолайсыздықты ұлғайта түсуде. Осылардың салдарынан ауыл шаруашылығы өндіріс тиімділігі төмен және инвестицияға тартымсыз сипатқа ие болуда. Ауыл еңбеккері энергетикалық ресурстар, қажетті құрал-қондырғылармен нашар жарақтанған. Қолданылатын негізгі қорлар мен технологияның дені ескірген. Ғылым жаңалықтары ауылдық өндіріске ауқымды көлемде енгізіле бермейді.
Бірақ осы келеңсіздіктердің бәрін есепке алып, мемлекет осы проблемаларды кезең-кезеңімен реттеп, ауыл шаруашылығына қолайлы жағдайлар жасауда. Қазіргі кезде экономиканы жаңғырту жүзеге асырылуда. Елбасы Үкіметке нақты міндеттер жүктеп отыр. Арнайы қабылданған мемлекеттік бағдарламада ауылды өркендетуге, оның өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға айрықша көңіл бөлініп, ауыл шаруашылығын қолдауға, ел аймақтарын жақсартуға қомақты қаржы және материалдық ресурстар бөлу қарастырылды. Қабылданған «Агробизнес-2020» бағдарламасында Президент Жолдауындағы басым бағытты жүзеге асыру үшін 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемін 4,5 есеге ұлғайту көзделген. Президенттің аталған Жолдауындағы әлеуметтік саясаттың жаңа қағидалары ауыл тұрғындарын да толық қамтиды және жан-жақты қолдайды. Бұл қазіргі аграрлық саясаттағы белгіленген жаңа жол, нәтижеге жетудегі негізгі кілт.
– Аграрлық саланың білікті маманы ретінде ел тұрғындарының азық-түлікпен қамтамасыз етілуін қалай бағалайсыз?
– Бүгінде еліміздің қай өңірінде болмасын халық қажетті азық-түліктен тарығып отырған жоқ. Бірақ мәселе қажетті өнім мен тауардың жеткілікті болып тұрғанында ғана емес. Оларды сатып алуға кез келген тұтынушының шамасы келе ме? Ұсыныс сатып алушы мүмкіндігінен әлдеқайда асып отыр. Толыққанды тағам сатып алып, тұтынуға зейнеткерлердің, төмен жалақылы еңбеккерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің, жұмыссыздардың мүмкіндіктері шектеулі.
Статистикаға жүгінсек, шетелдік жемістер ішкі рынокта 60-70 пайыз, құс еттері 60 пайыздан астам, өсімдік майы 40 пайыздан астам, өңделген сүт өнімдері 60 пайызға дейін, қалбырдағы жемістер мен көкөністер 60-тан 90 пайызға дейін сырттан әкелінеді екен. Тағамдардың аталған түрлері бойынша шетелдерге тәуелдіміз. Осыған байланысты мемлекет Ауыл шаруашылығы министрлігіне жаңа бау-бақша мен жүзімдер отырғызу, ірі жылыжай комбинаттарын, сүт өндіру кешендерін, қайта өңдеу өндірістерін салу тапсырмасын жүктеп отыр. Олар келешекте азық-түліктен тапшы тауарлардың орнын толтырады. Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, тағам бағаларының өсу индексі халықтың орташа табысының өсу қарқынынан жоғары. Бұл да ел тұрғындарының азық-түлікті тұтыну мүмкіндіктерін шектейді.
– Қарап отырсақ, аграрлық саланы дамыту мақсатында мемлекет айқындап берген бағыт-бағдар бар. Жалпы, белгіленген биік межеге көтерілу үшін алдымен не істеу керек?
– Біріншіден, ауыл шаруашылығын кең көлемде техникалық және технологиялық жаңғыртуды жүзеге асыру керек. Екінші – саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету. Үшінші – әлемдік жетістіктерді пайдалана отырып, отандық аграрлық ғылымды барынша дамыту.
Ерекше көңіл аударатын мәселе – ауыл шаруашылығын кең көлемді жаңғырту. Оны іске асыруда басшылыққа алынатын қағида, жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші кәсіпкерлікті қолдап, оның тиімді нысандарын дамыту. Оларда өндіріс жаңа техника мен технологияны пайдалануға негізделуі тиіс. Бұл аграрлық сектордың бәсекелестік қабілетін көтерудің басты шарты. Сондықтан да Елбасының қойған талабы – өндірісті жаңа агротехнологияны пайдалануға негізделген орта және ірі тауарлы ауылшаруашылық кәсіпорындарын құруды ынталандыратын заңнамалық және экономикалық жүйені жасау. Бұған қоса шағын және орта бизнесті біріктіретін, шаруаларды кооперацияға жұмылдыратын әрі олардың жаңа жағдайда ұтымды жұмыс істеп кетуіне қолдау көрсету жүйелерін құру тапсырылды. Осы орайда біз алға жылжу үшін ауыл шаруашылығын ірілендіруді жалғастыра беруіміз керек. Сондықтан отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіру мен оларды қорғауға бағытталған шараларды қабылдауда, біздің еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретіні ескеріліп, ашық экономикада отандық кәсіпкерліктің тұрақты және инновациялық дамуына қолайлы жағдай жасау басшылыққа алынуы керек.
Бүгінде ауыл шаруашылығына тиімді агрохимиялық қызмет көрсету, сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын, фитосанитарлық және ветеринарлық қауіпсіздік жүйесін дамыту көзделген. Қазақстанның әлемдік рынокта үлкен сұранысқа ие органикалық экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге және экспорттауға зор мүмкіндіктері бар. Мал шаруашылығында малдың жоғары өнімділік әлеуетін пайдалану, жоғары қоңдылыққа жеткізу, азықтандырудың жаңа тиімді жүйесін жасау, мал жайылымдарын қалпына келтіру, жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарын қайта құруды жүзеге асыру мәселелері алда тұр.
Көріп отырсыздар, азық-түлік саласы шын мәнінде болашақта келешегі зор инновациялық кластерге айналып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды іске асыру барысында басты салмақ аграрлық ғылымға түсетіні белгілі. Өйткені, ғылыммен ұштасқан өндіріс қана нәтижелі жеміс беретіні сөзсіз. Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық университеті аталған саланың болашақ мамандарын даярлау ісіне асқан жауапкершілікпен қарап отыр дегім келеді.
– ДСҰ жағдайында еліміздің шетке шығаратын және шеттен келетін азық-түліктің тікелей адам өміріне әсер ететін сапасы маңызды рөл атқарады. Осыған орай Қазақстан-Жапония инновациялық орталығының даму келешегі және Қазақ ұлттық аграрлық университетінің базасында АӨК өнімдерінің қауіпсіздігі және сапасын бағалау ұлттық орталығының құрылуы туралы айтып берсеңіз?
– Орталықты құру тарихы 2009 жылы 23 қыркүйекте Қазақ ұлттық аграрлық университетінде өткізілген «Азық-түлік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау проблемалары» атты Қазақстан-Жапония бірлескен конференциясынан бастау алады. Оның қорытындысы бойынша университет пен Жапонияның JEOL және SHIMADZU компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатта жапон тарапынан ұсынылған қазіргі заманауи талдау жабдығын едәуір жеңілдікпен беретін ниеттері тіркелген. 2010 жылдың қыркүйегінде Қазақстан-Жапония инновациялық жобасы іске қосылып, университеттің 80 жылдығына байланысты Президент Н.Ә.Назарбаевтың университетке келген кезінде ресми түрде ашылды.
Қазақстан-Жапония инновациялық орталығының қазіргі заманауи жабдықтары кез келген өсімдік және жануарлар өнімдерінің сапасын тез және жоғары деңгейде бағалайды. Орталық зертханаларында АӨК өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі 300-ден астам көрсеткіштер бойынша анықталады. Мысалы, трансгендік өнімдер, жасырын вирустар, өсімдіктер мен малдардағы өте қауіпті індеттер, ауыр металдар, және т.б. Демек, өнімдер сапасының сараптамалық бағасын әлемдік деңгейде бағалауға қол жеткізіп отырмыз.
– Ал енді ауыл шаруашылығын инновациялық дамыту бағыттары туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінгі әлем жаңа технологияларды кең көлемде, өте жылдам игеруде. Инновациялық дамудың баламасы жоқ. Оның мәнін ашуға тоқталмай-ақ, кейбір бағыттарын атайын. Агроөнеркәсіптік секторды дамытудың басты векторларының бірі – ресурстарды үнемдеу. Ресурсты үнемдеу технологиясы – ауыл шаруашылығын индустриялық әдіспен жүргізудің баламасы. Осы технологиялар қоршаған ортаға антропогендік жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді және тәжірибелік тұрғыдан дәлелденгендей, өндіріс шығынын төмендетіп, дақыл өнімділігін арттырады.
Ауыл шаруашылығы мен аграрлық ғылымның тағы бір жаңа бағыты биотехнологияны дамыту, аграрлық ландшафты аспаннан барлап, зерттеу арқылы ғарыштық инновацияны пайдалану осы күнгі өзекті мәселелер. Сонымен қатар, химиялық тыңайтқыштарды және химиялық препараттарды қолданбай органикалық егіс шаруашылығын жүргізу арқылы өндірілетін экологиялық таза өнімдерге сұраныс артуда. Осы бағыттағы ғылыми ұсыныстарды меңгеру үшін мамандарға жаңа деңгейдегі білім және біліктілік қажет. Біздің университет бұл бағытта ғылым жетістіктерін оқу бағдарламаларына енгізді. Студенттерге жаңа технологияларды меңгерудің тәжірибелік дағдыларын қалыптастырудамыз. Сонымен қатар, ғылым-білім инфрақұрылымын әрі қарай дамыту бағытында белсенді жұмыстар атқарылуда.
– Аграрлық салаға білікті кадр ауадай қажет десек, соларды даярлайтын жоғары оқу орнының бүгінгі басымдықтары қандай?
– Біздің негізгі міндетіміз – жоғары білікті мамандар даярлау. Университет республика бойынша алдыңғы қатарда үш сатылы (бакалавр, магистр, PhD доктор) мамандар даярлау жүйесін табысты іске асырып келеді. Қазақ ұлттық аграрлық университеті әлемдегі 300 жоғары оқу орындарын қамтыған Жаһандық консорциумның мүшесі. Әлемнің 50 ірі университеттерімен, Еуропаның, Солтүстік Американың және Азияның аграрлық ғылыми орталықтарымен тұрақты байланыс қалыптастырды.
Қазіргі кезде университеттің жаңа даму стратегиясы бекітілді. Онда университеттің мақсаты ретінде әлемдегі озық университеттердің қатарынан орын алу белгіленген. Университетіміз ұлттық зерттеу университеті қатарына өтуге кірісті. Бүгінгі күні инновациялық университет мәртебесіне ие болдық. Университет ұжымының қызметі білім мен ғылым саласында өмір талабына сай биік деңгейге көтерілуге жұмылдырылған.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
—————————————–
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.