Қазақстан • 24 Шілде, 2019

Қолдан жасалған билет тапшылығы

1805 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дәл қазіргі уақытта еліміздегі темір жол вокзалдарында жолаушылар билет таппай сандалып, тіпті болмаса, компьютер алдында тасымалдаушы компанияның сайттарына сүзіліп отырғандар өте көп. Жаз шығысымен және ұлық мерекелер қарсаңында үдей түсетін мұндай сабылыс айналып келгенде қоғам тарапынан құзырлы орындардың жұмысына, тіпті мемлекеттік құрылымға сенімсіздік туғызатыны түсінікті. Оның үстіне пойыз билеттерінің делдалдар қолында жүруі де жұртшылықтың ашу-ызасын үдете түсуде.

Қолдан жасалған билет тапшылығы

Алыпсатарлардың асығы алшысынан түсіп тұр

Билет тапшылығының мұң-зары әлеуметтік желілерде барынша жарияланып-ақ жатыр. Билет таппағандардың алды Президентке арыздана бастады. Мәселен, Дастан Қадыржанов есімді алматылық азамат Ала­көл­ге бару үшін 45 күннен аса бил­ет таппай сенделгенін айта ке­ле, курортты аймақтарға көз­қарас әлі де түзелмегеніне налиды. Фейсбук желісінде 20 шілде күні жариялаған жазбасында Д.Қадыржанов: «Темір жол билеттерін мамыр айынан бас­тап іздестіре бастадым. Сол кезде кассаның өзінде билет болмады. Мен 45 күн бұрын сұрау салғанмын. Бірақ алдағы курорттық маусымда Алакөлге қосымша пойыздар шығарылар деген ойыма балаша алданыппын. О, аңқау басым(!). Кейін әупірімдеп алыпсатарлардан билет тауып, пойызға мінсем, жанымдағы жолаушылардың 90 пайызы билетті «қолдан» алғанын білдім. Билетті бір де біреуі қалыптасқан тәртіп бойынша алмаған. Масқара», депті. Бұл, әрине, біздер ұмтылып жүр­ген өркениетке жат үрдіс еке­ні даусыз. Ең бастысы, би­лет таппаған Дастанның тағдыр­ластары жетерлік.

Осы орайда, «Жолаушылар тасымалы» АҚ жауапты қыз­мет­­кері Диас-Ахмет Шәріп би­лет тап­шылығына тікелей же­ке кас­са­лармен сыбайласқан алып­са­тар­лардың кінәлі екенін айтады.

– Билет тапшылығына басты кінәлі – алыпсатарлар. Негі­зі біздің «Жолаушылар тасы­ма­лы» акционерлік қоғамы­на қарасты 233 касса бар. Олар­дың барлығы үздіксіз бақы­лауда – әрбір касса бөлмесі бей­не­бақылау камераларымен жаб­дықталған. Ал еліміз бойынша жеке кассалардың саны 4,5 мыңнан асып жығылады. Олардың жұмысын қадағалау біздің құзырымызға жатпайды. Міне, осы жерде алыпсатар­лар өз достарының, туыс­қан­­дарының, жора-жол­дас­тары­ның атына алдын ала 20-30 билет са­тып алады. Сосын вок­­залдар­ды аралап сатып алушы іздестіреді. Мысалы, Ала­көл­ге дейін билет бағасы 5 мың тең­ге болса, олар билет таппай сендел­гендердің ішінен 50 мың тең­геге сатып алушыны тауып, жеке кассаға апарады. Сол бой­да сыбайластар бұрынғы алын­ған билетті өткізіп, бір сәтте компьютердің тетігін 1000 рет басып, жаңағы билетті жүйеден қайтадан қағып алып, екінші біреуге рәсімдеп береді. Ал үстіндегі пайданы алыпсатар мен жеке касса кассирі қылдай бөліп алады, – дейді Д.Шәріп. 

Бұл келеңсіздікпен күресу мақ­сатында жуырда электронды темір жол билеттерін сатудың жетілдірілген жүйесі іске қосылған. Жаңа жүйе – «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның билет алып-сатарларына тосқауыл қоюға бағытталған әрекеті.

– Бұл жүйе бос билеттерді белгілі бір уақыт аралығында ғана сатылымға түсіреді. Оның уақыт алгоритмін авто­матика өзі есептеп шығарады. Егер кассир 30 секунд бір типті 5 сұраныс жасаса, онда жүйе оны бұғаттап тастайды. Егер бір мезетте 3 бірдей сұраныс жасаса,  онда оған «жүйе 5 минутқа бұғатталады» деген хабар түседі. Яғни, бұл жүйе бос билеттерді «ұстауға» қарсы бағыт­талған деді, – Д.Шәріп.

Негізі құзырлы орындардың алып-сатарлармен күресте дәрменсіздік танытулары – бос әурешілік. Өйткені «Адал жол» жобалық кеңсесінің жетекшісі Исламбек Майшекин сөз арасында Нұр-Сұлтан қаласындағы вокзалдар бақылаудың қатаңдығынан делдалдардан тазарды деп қалды. Демек, қаласа, қолдарынан келеді. Ал басқа өңірлердегі делдалдармен күреске кім кедергі? Делдалдар цифр­лы дәуірге дейін де болды, қазір де бар. Ал ертеңге де созылар болса, бұл – жүйелік дерт болғаны. Әдетте обыр жайлаған жерді дәрігерлер түбірімен кесіп алып тастайтынын білеміз.  

«Күту парақшасын» күтеміз бе?

Әдетте «Жолаушылар тасымалы» АҚ тарапынан жол жүру билеттерін сапар­ға шығардан 45 күн бұрын алу қажет деген ұсыныс айтылып келе­ді. Бірақ қазірдің өзінде елордадан елі­міз­дің оңтүстік және батыс өңір­лері­не сол 45 күн бұрын билет алу мүм­­кін бола бермейді. Әлбетте, мы­нау дү­ниеауи тіршілік анау-мынау жос­парға көнбестігі аян. Жолға шығу уа­қыты да көбіне көп адамның ырқына бағы­на қоймайды. Оның үстіне халқы­мыз­да той-томалақ, өлім-жітім, тіпті бол­маса құдалық дәстүрінің өзі жолға ерік­сіз шығарады. Сонда қайтпек керек? 

– Жолаушыларға жаңа қызмет – «Күту парақшасын» ұсынамыз. Бұл қызмет компанияға қарасты барша кассаларда жұмыс істейді.

Керекті бағытта билет тапшы бол­­ған жағдайда жолаушы кассада күту парақшасына тіркелу қажет. Ай­налымға билеттер түскен кезде жолау­шының электронды поштасына хабарлама түседі. Жолаушы екі сағат ішінде сол билетті компанияға қарасты кез-кел­ген кассада сатып алуы керек. Ал­­дағы уақытта күту парақшасы қыз­­меті электронды билет сататын сайт­тарға да енгізіледі. Ұлттық тасы­мал­­даушы жол билеттерін тек ресми кассалар мен арнайы сайттарда да ғана рәсім­деуді ескертеді, – дейді «Жолау­шы­лар тасымалы» АҚ өкілі.

Жалпы, Ұлттық тасымалдаушы ком­панияны да билет сатылымындағы қар­ба­ласта қол қусырып отыр деуден аулақ­пыз. Бірақ олардың әрбір бас­тамасының артынан дәрменсіз­діктің лебі еседі.

Сансыз сылтаулардың бірі – вагон тапшылығы

«Жолаушылар тасымалы» АҚ деректеріне қарағанда, былтырдан бастап Қазақстанның барлық ішкі бағыттарындағы бағаны реттеудің икемді жүйесі енгізілген. Бұл жүйе көптеген әуе және жер үсті тасымалдаушылар жұмысында кеңінен қолданылатын әлемдік тәжірибе ретінде назарға алынған.

Яғни, жолаушы еліміз ішіндегі кез келген бағытқа билеттерді 45 күн бұрын 25 пайыздық жеңілдікпен сатып ала алады. Жеңілдік көлемі бос орындар мен пойыздың жүруіне дейінгі қалған күндер санына байланысты есептеледі. Жөнелтілу күні жақындаған сайын баға өсе түседі, бірақ та сенсеңіз де, сенбесеңіз де +25 пайыздан аспайды.

Оның үстіне Қазақстан заңнама­сына сәйкес, мынадай аспектілерді: жолаушы ағыны, мерекелік күндердегі жоғарғы сұраныс, басым бағыттар және өзге де жайттарды ескере әрі саралай келіп, коммерциялық бағыт­тарға бағаны тасымалдаушы белгі­лейді. Бұл – баға белгілеудегі қара халықтың қалтасына түсетін салмақ.

Тасымалдаушылар коммерциялық бағыттарға сатылатын билеттерден түскен қаржы тікелей акционерлік қоғамның дамуына, жаңа сервистік қызметтер ендіруге, барлық вагондар паркін техникалық жарақтандыруды жақсартуға және процестерді автомат­тандыруға бағытталатынын айтып, ақталып әлек.

Міне, тағы бір «қуырдақтың көкесі» осы жерден басталады. Был­тыр­дан бері «Egemen Qazaqstan» по­йызға билет тапшылығы мен баға­сы­ның шектен тыс қымбаттығы жайында дүркін-дүркін мақала жариялады. Оған қоса, Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қалаларын жалғайтын тікелей пойыздың алынып тасталуынан туындаған мәселелер де көтерілді. Алайда жауапты компаниядан ешбір ләм-мим деген жауап та, нақты әрекет те көрінбеді.

Аты айтып тұрғандай, икемді жүйе әзірге тасымалдаушылар үшін ғана икемді болып отырғанын да ашық айту керек. Мысалы, былтыр жаңажылдық қарбалас алдында сол Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қаласына пойыз билетінің бағасы 58 мың (!) теңгеден асып кеткенін тәптіштеп жаздық. Бірақ, баяғы жартас – сол жартас. Бұл – тасымалдаушылардың билет бағасын өздігінен белгілеу құқығының жемісі. 

Жолаушылар тасымалы нары­ғында басымдыққа ие, яғни тасымал­дың 80 пайызын қамтамасыз ететін «Жолаушылар тасымалы» АҚ тарапы билет тапшылығын вагондардың жетіспеушілігімен де байланыстырып отыр. Мәселен, қазір аталған компанияның иелігінде 2229 вагон бар екен. Оның 670 вагоны – «Тұлпар-Тальго» тіркесінде. Акционерлік қоғам осыған байланысты алдағы 10 жылда 1200 вагон сатып алуға ниетті.

– Биылдың өзінде Ресей технологиясымен елордадағы «Тұлпар-Тальго» зауытында шығарылған 25 вагонды жолға шығардық. Жыл соңына дейін тағы 38 вагон аламыз. Алдағы уақытта жыл сайын 100 вагонды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі құрамдардағы вагондардың жарамдылары қалдырылып, мүлдем тозғандарын алып тастаймыз, – дейді АҚ өкілі.

Негізі «Жолаушылар тасымалы» АҚ жаз айларында 8 млн жолау­шы тасымалдауды жоспарлаған. Сол себепті жоғарыда аталған 2229 вагон­ның барлығы жолға шығарыл­ған. Оған қоса, сұранысқа сәйкес по­йыз құрамдарына қосымша вагондар қо­сылып, бір реттік пойыздар да қатынай бастаған. 

Міне, жоғарыда баяндалған мәсе­лелер бүгін ғана туындап отырған қиындық емес. Бірақ өркениетті заманда қарапайым билет сату саласы тәртіпке келмей, жолаушыларды мұңайтып отырғаны рас. Демек, бұл жүйесіздікке сауатты шешім қажет.