Фото: rail-news.kz
Президенттің Қазақстанды толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналдыру жөніндегі алға қойған міндеттерін іске асыру шеңберінде елімізде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр:
- 2023 жылдан бастап 2,8 мың шақырымнан астам теміржол жөнделді;
- Жылжымалы құрамды жаңарту үшін 2024 жылы 185 локомотив сатып алынды, 800 ашық вагон, 143 жолаушылар вагоны пайдалануға берілді;
- Қызылорда, Шымкент, Павлодар және Түркістан қалаларында вокзалдарға күрделі жөндеу жүргізілді.
Олжас Бектенов қабылданған шаралар нәтижесінде 2029 жылға қарай транзиттік тасымалдау көлемі 28 млн-нан 45 млн тоннаға дейін ұлғаятынын, оның ішінде транзит 2 млн жиырма футтық контейнерге дейін өсетінін атап өтті. Сондай-ақ ол халықаралық көлік дәліздеріндегі қазақстандық маршруттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және саланы жаңғырту бойынша күш-жігерді арттыру қажеттігіне тоқталды.
Теміржол саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде келесідей жұмыстар жоспарланған:
- 11 мың шақырым теміржол учаскелерін жөндеу, 5 мың шақырымға жуық жаңа және екінші жолдар салу, 2,6 мың шақырымға автобұғаттау жасау, 184 стансаны жаңғырту;
- ТХКБ бағыты бойынша контейнерлік поездар санын жылына 400-ден 3 мың бірлікке дейін ұлғайту;
- 1,2 мыңға жуық жолаушылар вагонын сатып алу;
- Дарбаза–Мақтаарал және Бақты–Аягөз т/ж желілерін салу, Достық–Мойынты т/ж учаскесінің екінші жолдарын және Алматы айналма желісін салу;
- Жалпы ұзындығы 1,3 мың км болатын 4 теміржол жобасын іске асыру;
- 2025 жылы 187 локомотив сатып алу, келесі 3 жылда – тағы 257 бірлік жеткізу.