Қазақстан • 24 Шілде, 2019

Браконьерлер қашанғы басынады?

669 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Айдың күні аманында тағы бір табиғат сақшысы суыққол бра­коньер­лердің қолынан қаза тапты. Осы жылдың басында ғана соңғы он жылда бірінші рет браконьерлерді ұстау өлімге соқтырған факті тір­келіп, ақбөкендерді қорғау жолында құрбан болған инс­пектор Ерлан Нұрғалиевтің қазасы бүкіл қазақ даласын күңіренткен еді. Сол оқи­ғаның қайғысы сейілместен, көп өтпей суыт хабар тарады. Арыстай азаматтың өмірін жалмаған бұл жолғы оқиға Ақмола облысы, Жар­қайың ауданында болды.

Браконьерлер қашанғы басынады?

Кеше шамамен сағат 11.00-де «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ақмола облысы, Жарқайың ауданының аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарды анықтап, жолын кесу бойынша жүргізілген іс-шара барысында киіктерді көздеген браконьерлерге кез болған. Екі инспектор арам пиғылды азғындардың ізіне түскен. Олардың тізгіндеген көлігі – ақ түсті «Нива». Көліктің мемлекеттік нөмірі нақтыланбаған, бірақ Қостанай облысына тиесілі екені белгілі болған. Осы көліктің қыр соңына түскен инспекторларға оқ атылып, екеуі де ауыр жарақат алады. Олардың бірінің жағдайы тым қиындап, ес-түссіз қалған. Оқиға орнына санитарлық авиация шақырылып, жараланғандар Державин қаласының аудандық ауруханасына жеткізілген. Бұл туралы алғашқы хабарды Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі таратты.

Кейіннен қандықол браконьерлердің оғы тиген инспекторлардың біреуі ауруханаға бара жатқан жолда жан тапсырғаны мәлім болды. Ол – 1976 жылы 24 қаңтарда дүниеге келген Нұртазинов Қаныш Серікұлы. Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қоскөл ауданының тұрғыны Қаныш «Охотзоопром» мекемесіне 2016 жылдың 5 қаңтарында жұмысқа тұрған. Оның артында әйелі, үш қызы және 2011 жылы туған ұлы қалды. Марқұмның денесін туған ауылына жеткізу жайы қарастырылып жатыр. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі хабарлады.

Ал жараланған екінші инс­пек­тордың есімі – Оспанов Самат Көш­бер­генұлы. Ол 1975 жылы Ақмола облы­сында туған. Саматқа Державин аудан­дық ауруханасында ота жасалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлердің қолынан қаза тапқан азаматтың отбасына көңіл айтты. Бұл туралы  Қазақ­стан Президенті Twitter-де «Бра­коньер­лермен арпалыста ерлікпен қаза болған қорықшы Қаныш Нұртазиновтың жақындарына шынайы көңіл айтамын. Қаскөйлер ұсталып, жауапқа тартылады. Киіктерді атқаны үшін жазаны кү­шейту қажет. Қаза тапқан Қ.Нұр­тазинов марапатталатын болады. Аңшы С.Оспановтың сауығып кетуін тілеймін», деп жазды.

Экология, геология және та­биғи ресурстар министрі Мағзұм Мыр­зағалиев та Twitter-дегі парақ­шасында браконьерлерді ұстау кезінде қаза тапқан Қаныш Нұр­тазиновтың отбасына қайғыра көңіл айтып, барлық қажетті көмектің көрсетілетінін жазды.

Ал күдіктілерді іздестіру жұмыс­тарымен Ақмола облысы, Жарқайың ауданының полиция бөлімі айналысып жатыр. «Ақмола облысында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторларына шабуыл жасау фактісі бойынша Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлімі (кісі өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Қазіргі уақытта арнайы құрылған жедел-тергеу топтары күдіктілерді ұстау бо­йын­ша кешенді іс-шаралар жүргізіп жатыр. Полиция қызметкерлері ұс­тау жоспарын әзірлеп, бұған Жар­қайың, Есіл және Жақсы аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамы жұмылдырылды. Күдіктілердің автокөлігін бағдарлау барлық патрульдік қызмет нарядтарына тап­сырылып, Жарқайың және көр­шілес аудандардың аумағына 10 бекет блогы қойылды. Жедел іздестіру шаралары жалғасуда», деп хабарлады Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Дәл осындай оқиға жыл басында тіркеліп, Қарағанды облысы Нұра ауданында киік атқан браконьерлер екі инспекторды жара­қат­таған еді. Ауыр жарақаттан ес жимастан Ерлан Нұрғалиев 15 қаң­­­тарда Нұр-Сұлтан қаласында №1 ауруханада көз жұмған. Ол да «Охотзоопром» инспекторы еді. Көп ұзамай арнайы операция ба­рысында ІІМ Криминалдық по­лиция департаментінің жедел қыз­меткерлері Қызылордадағы жеке үй­лердің бірінде осы оқиғаға қа­тыс­ты үш күдіктіні ұстады. Қа­зір Қарағанды облысында тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Президентінің 31 қаң­тардағы Жарлығымен қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жа­нуар­лар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңір­лік филиалының инспекторлары Ерлан Нұрғалиев (марқұм) пен Петр Ницык ІІІ дәрежелі «Барыс» ор­денімен наградталды.