Үкімет • 24 Шілде, 2019

Президент тапсырмаларын орындау жоспары бекітілді

314 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 15 шілдедегі кеңейтілген отырыс­та берген тапсырмалары мен міндеттерін орындау жөніндегі іс-шаралар қаралды.

Президент тапсырмаларын  орындау жоспары бекітілді

Инвестициялық ахуалды жақсарту қажет

Үкімет басшысы халықтың әл-ауқа­тын және жалпы экономиканы жақсартуға бағытталған Президенттің тапсырмаларын еске сала отырып, Министрлер кабинетінің қазіргі міндеті – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жаңа инвестиция­лар тарту екенін атап өтті.

«Барлық мемлекеттік органдар, ұлт­тық холдингтер мен әкімдіктер инвес­тицияларды тарту бойынша жұмыс­ты белсенді түрде жүргізулері тиіс. Осы жұмысты бақылау үшін әрбір мем­лекеттік органға, холдингке және әкім­дікке өзекті тиімділік көрсеткіштері бел­гіленеді. Үкімет жаңа тиімді жұмыс орындарын құрып, эконо­миканың басым секторларында өндіріс­ті әртараптандыруды, озық технологияларды енгізіп, экспортты кеңейтуі қажет. Осы ретте мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары қабылданып, инвестициялық ахуалды жақсарту керек», деді Премьер-Министр.

«Әлеуметтік саланы дамыту мақса­тында бірқатар нақты шаралар қолға алы­нады. Соның ішінде, мұқтаж адам­дарға әлеуметтік қолдау көрсетудің нақ­ты және ашық рәсімдері белгіленеді, әлеу­меттік қолдаудың кепілді көлемін көрсетудің бірыңғай тәсілдері жасалады. Білім беру саласында білім мен ғылымды толық қаржыландыруды қамтамасыз етудің іс-қимыл жоспары әзірленеді, мектепті және кәсіптік-техникалық білім беруді одан әрі реформалау жұмысы жалғасады», деді Үкімет басшысы.


Бюджет қаражаты үнемделеді

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов бюджетті жан-жақты үнемдеу мәселесіне кеңінен тоқталды. «Тамызда жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізіледі. 2020-2022 жылдарға арналған жалпы си­пат­тағы трансферттер 2020 жылдың 1 қаң­тарынан бастап корпоративтік табыс салығын шағын және орта бизнес­тен жергілікті бюджеттерге беруді еске­ре отырып, айқындалатын болады. Биыл қазан айында квазимемлекеттік сек­торға бөлінетін қаражатты пайдалану тиімді­лігіне талдау жүргізіледі. Са­лын­ған қаражаттан қайтарымды бақылау тәсіл­дері және квазимемлекеттік сектор қыз­метінің тиімділігін бағалау үшін әдіс­теме жобасы әзірленеді», – деді Ә.Сма­йылов.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың ысырап жасауына қан­дай тосқауыл қойылатынын айтты. «Биыл желтоқсанда Ұлттық экономика ми­нистрлігі Есеп комитетімен бірлесіп, мемлекеттік және квазимемлекеттік сек­тор­ларда бюджет қаражатын тиімсіз пай­даланғаны және жоспарлағаны үшін жауап­кершілікті күшейту бойынша шаралар, оның ішінде заңнамаға өзгерістер қабыл­данатын болады», деді Үкімет басшы­сының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Ә.Смайылов бюджет қара­жатының тиімділігін арттыру мақ­са­тында бюджеттік өтінімдерді қарау ке­зінде ең алдымен әлеуметтік-эконо­ми­калық әсері ескерілетінін айта келіп, көрмелер, конференциялар және дөңге­лек үстелдер өткізуге арналған шы­ғыс­тарға талдау жүргізіліп жатқанын мәлім­деді. Оның айтуынша, имидждік іс-ша­ра­ларға кететін шығын негізінен жер­гі­лікті бюджеттен жұмсалмақ.

 


Шикізат емес тауарлар  мен қызметтер экспорты  2 есеге артады



Со­нымен қатар Ә.Смайылов Прези­денттің экспортты дамыту туралы тап­­сырмасы аясында атқарылатын жұ­мыс­тар туралы да баяндады. «Экспортты ұлғайту және қазақстандық тауарларға арналған нарықтарды кеңейту мақса­тында жаңа Сауда және интеграция министрлігінің жұмысы шаралар кеше­нін әзірлеуге және оны іске асыруға бағытталатын болады. Экспортты дамыту саласындағы тұжырымдамалық тәсілді жаңғырту мақсатында әлемдік нарықтағы қазіргі жағдайды ескере отырып, Ұлттық экспорттық стратегия қайта қаралады. Осы жұмыстың аясында 2025 жылға қарай шикізат емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді экспорттауды 2 есеге арттыру үшін тиімді шаралар кешенін жасау жоспарланып отыр. Шикізат емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді экспорттауға ілгерілету жөніндегі Жол картасы жақын арада енгізіледі», деді Ә.Смайылов. Сондай-ақ халықаралық нарықта Қазақстан тауарлары мен қызметтерін көбейту үшін дәстүрлі нарықтарда жаңа сауда байланыстарын қалыптастыруға баса назар аудару қажет. Бұл үшін шетелде сауда өкілдіктері желісін кеңейту ұсынылады.


«Делдалдық байланыстарды қыс­қар­ту мақсатында көкөністер мен жеміс­тер­ді сақтауға арналған заманауи инфра­құ­ры­лым, азық-түлік өнімдеріне арнал­ған та­рату орталықтары құрылады. Көрші елдермен көліктік-логистикалық желі дамытылады. Қолма-қолсыз төлем­дер­ді ынталандыру және электронды ком­­мерцияны дамыту арқылы шағын жә­не микро-бизнесті көлеңкелі саудадан жап­пай шығару жоспарлануда», деді Үкі­мет басшысының бірінші орынба­сары.


Бос жерлерді айналымға тарту жоспары бекітілді

Үкімет отырысында Премьер-Ми­нис­трдің орынбасары Жеңіс Қасымбек агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мем­лекеттік бағдарламасына 2019 жылдың қазан айында өзгертулер енгізілетінін хабарлады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Агроөнеркәсіп ке­ше­нін дамытудың мемлекеттік бағ­дарла­ма­сына 2019 жылдың қазан айында өз­гер­тулер енгізіледі. Оның ішінде агро­өнер­кәсіп кешенін мем­лекеттік қолдау шараларының тұрақ­тылығы мен ай­қын­дылығын қам­тамасыз ету, агроөнеркәсіп кеше­ні­нің өзара міндеттемелерінің жиын­­ты­ғын айқындау, өңдеу зауыт­тарын жаңғыртуға, қайта құруға транс­ұлттық корпорацияларды тарту, жер ресурс­­тарын ұтымды пайдалану шара­ларын қабылдау ескерілген», дей келе Ж.Қасымбек «ҚазАгро» Ұлттық басқа­ру­шы холдингі»АҚ қызметінің тиімді­лігін арттыру мәселесіне де тоқталды.

«Бизнес-процестердің қаржылық тұ­рақтылығын қамтамасыз ету және­ тиім­ділігін арттыру мақсатын­да «ҚазАгро» холдингінің трансформа­ция­лық бағ­дар­ламасы дайындалды. 2020-2029 жыл­дарға арналған холдингтің жаңа стра­тегиясының жобасы әзірленіп, сала­ның негізгі басымдықтары ескерілді. Бизнес-процестер мен құрылымды оңтай­ландыруды толық автоматтандыру жүзеге асырылады. Холдинг шетелдік ма­мандарды тартады», деді Үкімет басшы­сының орынбасары.

Ж.Қасымбектің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бас прокуратура пайдаланылмаған жерлерді анықтау және оны айналымға енгізу бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті. «Биыл жер мониторингі, жерді пайдалану, қорғау, мемлекеттік бақылау және жер телімдерін бөлу үдерістерін автоматтандыру, сондай-ақ пайдаланылмаған жерлерді айналымға енгізу және қайтару жөніндегі шараларды қамтамасыз ету бойынша заңнаманы жетілдіру жоспарлануда», деді Ж.Қасымбек.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін сату және жалға беруге қойылған мораторий мәселесіне тоқталып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің алаңында заң жобасының тұжырымдамасы та­ныс­тырылғанын айтты. «Аталған мәселені қоғамдастықпен талқылау тұрғысында өңірлерге сапарлау кестесі бекітілді. 2019 жылдың соңына қарай бұл мәселе Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ұсынылатын болады», деді Үкімет басшысының орынбасары.


Жаңа заң еңбек дауларына жол бермейді

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңей­тілген отырысында көтерген мәсе­лелер­дің бірі шетелдік компаниялардағы еңбек даулары. Осы орайда Пре­мьер-Ми­нистр­дің орынбасары Гүлшара Әбдіқа­лықова қазіргі таңда қыз­мет­кер­лерге тең еңбек жағдайын жасау, еңбекті қор­ғауды басқарудың заманауи жүйесін енгізу бойынша жұмыс берушілердің міндеттері мен жауапкершілігін бекітуді көздейтін заң жобасы әзірленгенін, құжат жақын арада Парламентке жіберілетінін мәлімдеді. «Алға қойылған тапсырма­ларды жүзеге асыру үшін шетелден жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда шие­леністің алдын алу және болдырмау іс-шаралар жоспары әзірленуде. Кейбір кәсіпорындарда тексерулер жүргізу жос­парланған. Оның қорытындысына сәй­кес, заңнамалық актілерді жетілдіру бойын­ша кешенді ұсыныстар әзірленетін бола­ды», деді Үкімет басшысының орын­басары.

«Президенттің тапсырмаларын орын­­дауға арналған жоспарды сапалы іс­ке асыру керек. Президент Үкі­мет жұ­мы­сына сенім білдіріп, Үкі­мет пен әкім­діктер алдына маңызы үлкен міндет­тер қойды. Бұл – үлкен жауап­кер­шілік. Сондықтан біз осы сенімді толы­ғымен ақтауымыз керек. Мемлекет бас­шы­сының барлық тапсырмаларын орындау мақсатында тиісті іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарды толықтай әрі сапалы орындауымыз керек», деді А.Мамин.