Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс қырық бірінші сессиясының жұмысында осындай деректерді келтірген өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Президент бақылауында тұрған Түркістан мен Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарының қарқыны бәсеңдемейтінін мәлімдеді. «Биыл әкімшілік-іскерлік орталықта 7 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал рухани-мәдени орталығында 11 нысанның 4-еуі жыл соңына дейін тапсырылады», деген өңір басшысы Арысты қалпына келтіру мәселесі де басты назарда екенін айтты. Бүгінде Арыс қаласында 5 646 тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары басталып, оның 1100-ден астамы қалпына келтірілген, 3 тұрғын үйдің құрылысы жаңадан жүргізіліп аяқталды. Жыл басынан бергі атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаған облыс әкімі 43 елді мекен орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілгенін, ауыл шаруашылығы саласында тамшылатып суару, жылыжай шаруашылығын құру сияқты тиімділігі зор тәжірибелер енгізіліп жатқанын атап өтті. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 7 елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында 89 жобаға 4 млрд теңге бөлінген. «Күз айларында аудан орталықтары мен бағдарламаға енген елді мекендер жаңарып қайта түлеуі керек», деді облыс әкімі.
Түркістан облысында шағын орта бизнес субъектілерінің саны 138 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласынан кейін 2-орында тұр. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 133,7 млрд теңгені құрап, 39,6%-ға артқан. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысында облыста 70,8 млрд теңгеге 207 жоба қарастырылған. Бүгінгі таңда 9,1 млрд теңгені құрайтын 6 жоба екінші деңгейлі банктермен мақұлданып, қаржыландырылуда. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы өңірлер арасында көш бастап тұр. Сондай-ақ облыс дамуындағы басым бағыттардың бірі туризм болып отыр. Туризмнің зияратшылық, археологиялық, табиғатты тамашалау, тау шаңғысы сияқты салаларын дамыту жоспарда бар. Өңірде балабақшамен қамту көрсеткіші 96 пайызға жетіп отыр. 1-шілдеге дейін әлеуметтік жағдайы төмен 71 мыңға жуық отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Облыс бюджетінің жалпы көлемі 682,8 миллиард теңге, алты айда бюджет қаржысы 99 пайызға игерілген, деді облыс әкімі.
Түркістан облысы