Күркетауық өсіру
Сенбі, 18 мамыр 2013 1:23
Ауылды жерде тұратын отбасылар үшін ең тиімді бизнестің бір түрі күркетауық өсіру болса керек. Мұны бала кезімізде өзіміз де көрдік. Біздің үйімізде күзді күні 50-60-қа дейін күркетауық болатын. Содан қалған тәжірибеміз бойынша айтсақ, күркетауық көп бап талғамайды. Оны жемдеу ісімен 7-8 жастағы бала да шұғылдана алады. Біздің ойымызша, бұл іс тауық, қаз, үйрек секілді құстарды өсіруден де жеңілірек және тиімдірек болса керек.
Сенбі, 18 мамыр 2013 1:23
Ауылды жерде тұратын отбасылар үшін ең тиімді бизнестің бір түрі күркетауық өсіру болса керек. Мұны бала кезімізде өзіміз де көрдік. Біздің үйімізде күзді күні 50-60-қа дейін күркетауық болатын. Содан қалған тәжірибеміз бойынша айтсақ, күркетауық көп бап талғамайды. Оны жемдеу ісімен 7-8 жастағы бала да шұғылдана алады. Біздің ойымызша, бұл іс тауық, қаз, үйрек секілді құстарды өсіруден де жеңілірек және тиімдірек болса керек.
Әдетте бұл істі ең алдымен күркетауық тұқымын таңдаудан бастайды. Біздің елімізде оның негізінен екі түрі бар. Соның ішінде қалайы түсті келген кең кеуделі күркетауықтардың салмағы 11-12 килоға дейін тартады.
Екіншісі ақ түсті, кең кеуделі күркетауықтар етінің сапасымен ерекшеленеді және ол тез жетіледі.
Күркетауықтарды күту. Күркетауықтарды басқа құстардан жеке ұстап, жеке күтімге алған дұрыс. Себебі, олардың басқа құстардан тұрқы ірі болып келеді. Әдетте күркетауықты жеке тауық қорада бағады. Шамамен алғанда екі күркетауық үшін бір шаршы метр жер қалдырады. Балапандарын жеке күтімге алады. Күркетауыққа арналған қораның берік те бітеу болғанын ескерген жөн. Өйткені, тауықтың бұл түрі аязға шыдамсыз, сондай-ақ ылғал мен жел өтін де онша жақтырмайды.
Күркетауықты азықтандыру.
Күркетауықтарды азықтандыру үшін белоктық тағамдар көбірек қажет етіледі. Қысты күні үш рет азықтандырылса, күзде 4-5 рет азықтандырған жөн. Азық құрамында күніне 250-300 грамм шамасында астық дәнін беріп отырған дұрыс болады.
Жалпы, күркетауық көп тамақ талғамайды. Картоп, қызылша, қырыққабат, асқабақ, сүрлем, жүгері, бидай қалдықтарын араластырып бере беруге болады. Бұршақ дақылдас, көк шөп түрлерін де жей береді.
Күркетауық жаз айларында көбірек жайылады. Осы кезде ол әртүрлі шөптерді, құрт-құмырсқа, шағын өзендерден ұсақ балықтар ұстап жей береді. Егер жайылыста мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда оларды қосымша азықтандырып отыру қажет. Тамақ қалдықтарын және су беріп отырған жөн. Ал қысты күні арнаулы алаңшада жем беріп, қыдыртып алған дұрыс. Алаңшаны қардан тазартып, жемді шашып тастайды. Себебі күркетауыққа қысты күні қимыл-қозғалыс қажет болады. Шашылған жемді теріп жеу арқылы ол жақсы қимылдап, қан таратады. Егер даланың температурасы 10 градустан суық болса, онда күркетауықтарды далаға шығармаған жөн.
Күркетауық өсіру.
Күркетауықты мынандай тәсілдермен өсіруге болады. Әдетте күркетауық 27-30 күн аралығында өз жұмыртқасын басып шығарады. Жұмыртқаны немесе балапандарды құс фабрикаларынан сатып алуға да болады.
Балапандарды бір қабырғасына полиэтилен пленкалар тартылған жылы да жарық шағын қораларда күтімге алған жөн. Оны жылыту үшін 250 ваттық лампа іліп қоюға болады. Азық пен суды клетканың неғұрлым салқындау жеріне қояды. Балапандардың астына шөп пен сабан төсеуге болады. Бірақ оларды күн сайын ауыстырып отыру қажет. 2-2,5 ай шамасында өсіп-жетілген балапандарды мұнан әрі тауық қораға апарады. Осы кезде ол қораларда желдің болмағандығын ескерген дұрыс. Қора жарық болу үшін оған да жылу шашатын лампа іледі.
Балапандарды алғашқы күндері пісірілген жұмыртқамен азықтандырады. Жұмыртқаны ұсақтап, бөлшектеген дұрыс. Бес күннен кейін ұсақталған немесе тартылған ет, ірімшік, пияз берген дұрыс. Он күннен кейін пісірілген картоп пен сүт араластырылып ұнтақталған бидай мен арпа, әртүрлі тағам қалдықтарымен азықтандырыла бастайды. Суға жас жұмыртқаның сары уызын қосу, сондай-ақ сүтпен суару жөн болады.
Күркетауық өнімдерін өткізу. Әдетте күркетауықты ет пен жұмыртқасы үшін бағады. Сонымен қатар, оның жүні мен мамығы да қажетке жарайды. Ең алдымен, осы өнімдерді қайда өткізуге болатындығын анықтап алған жөн. Күркетауықтың еті өте өтімді келеді. Ол әдетте қалалы жерде жақсы өтеді. Сонымен қатар, ауыл адамдары да оны тағам үшін жақсы пайдаланады. Демек, сізге осы істен тұрақты пайда қаратып отыру үшін қалыптасқан рынокты біраз зерттеп алған жөн.
Шығатын мөлшерлі шығындар.
Инкубатордан жұмыртқа сатып алуға (150 дана х 80 теңге) = 12 мың теңге.
Инкубатор сатып алуға – 20 мың теңге.
Жылдық азық сатып алуға – 30 мың теңге.
Сонда барлық шығын 62 мың теңге тұрады.
Кіретін кіріс көлемі.
Әдетте бір күркетауық жылына 50 мен 100 дана аралығында жұмыртқа береді. Егер сіз 50 күркетауық өсіретін болсаңыз, олардан кем дегенде 2500 дана жұмыртқа алып, сатуға болады. Демек, сіз бұл істен кемінде 200 мың теңге пайда табасыз.
Бір күркетауық орташа алғанда 5-7 кило ет береді. Күркетауықтың 1 кило етінің бағасы 1200 теңгеден. Кейбір жерлерде бұдан арзан да, қымбат та болуы мүмкін. Сонда шамамен алғанда, бір күркетауық сатсаңыз, одан сізге 6 мың теңге кіріс кіреді. Егер 10 күркетауық сатсаңыз, 60 мың теңге кіріс кіргізесіз. Бірақ бұл іспен айналысқан адам ең кемі бір жылдың ішінде 50 немесе одан да көп күркетауықты өсіріп, сататындығы анық. Сонда сіз 50 күркетауық өсіріп, сататын болсаңыз 300 мың теңге пайда қаратасыз. Күркетауық өсіруді бизнес жүргізу мақсатында қолға алған отбасы үшін 50 күркетауықтың өзі түкке тұрмайтындығы, олар кемінде 200-300 күркетауық өсіретіндігі анық. Сонда сіз бұл істен бір жылдың ішінде кем дегенде 1 миллион теңгеге жуық пайда қарата аласыз. Тек қана оны дұрыс ұйымдастырып, жолға қою жағын ескеріңіз. Жыл өткен сайын бұл іс сізге жеңілдеп, оның есесіне беретін пайдасы көбейе беретіндігіне сеніміміз мол.
Әзірлеген
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Пайдалы кеңестерді мына сайттардан алуға болады:
http://prohoz.ru/soderzhanie-cyplyat-indeek/
http://alwaystop.ru/post/php?id=55
http://www.fermer.ru/node/2905
http://www.forum-grad.ru/forum236/thread7168/html
http://indogu.narod.ru/indvz.html
http://www./fugl.ru/domashnyaya-ptitsca/indaika/porody-inaukov. html