Руханият • 24 Шілде, 2019

Бүгін Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 161 жыл

1318 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Семейдегі Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде қаладағы Арнаулы әлеуметтік орталықтың ұстаздары, тәрбиешілер мен тұрақты оқырмандар Шәкәрім Құдайбердіұлының 161 жылдығына арналған «Адамдық борышың» атты әдеби кеш ұйымдастырды. Кешке композитор, өнертанушы, Шәкәрім шығармашылығын зерттеуші Арғынбек Ахметжанов келіп қатысып, Шәкәрімнің ұлы Ахат ақсақал жайлы көптеген естеліктерін айтты.

Бүгін Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 161 жыл

- Қазақ халқының ақыны, жазушы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық мұрасы - ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан бүкіл ұлттың рухани байлығы,-деді Арғынбек Ахметжанов,-Шәкәрім еңбектері - қазақ халқының рухани тәжірибесі мен даналығын бейнелейтін ұлттық мәдениеттің бірегей бөлігі. Бүгінгі кештің де мақсаты тарихи-мәдени мұраны насихаттау, оқырмандардың туған өлке тарихына, мәдениетіне және салт-дәстүріне деген құрмет сезімі мен қызығушылығын арттыру болып табылады. Ұлтымыздың мәдени кодында есімдері алтын әріптермен жазылған тұлғалар бар десек, соның бірі де бірегейі Шәкәрім.  Оның көп жанрлы поэзиялық шығармаларының мазмұны өте терең. Туындыларында азаматтық және махаббат лирикасы, философиялық ойлар, тарихи балладалар және басқа да көптеген тақырыптар қамтылған.

Кеш барысында Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдері оқылып, шығармалары талқыланды. Қатысушыларға слайд-тұсаукесері ұсынылып, кітап көрмесіне қойылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды. Әдеби кешке қатысушы  әнші Қайырбай Ақмышев Шәкәрім өлеңдеріне жазылған әндерді орындап берді.