Қуат көзі артады
Сейсенбі, 21 мамыр 2013 1:07
Оның негізі болатын энергия блогы жұмысқа толық дайын
Еліміздің индустрияландыру картасындағы ірі жобалардың бірі болып табылатын «ЕЭК» АҚ-қа қарасты Ақсу жылу электр станциясының №6 энергия блогын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Нысандағы ең ірі әрі күрделі бөлікті орнатуды «Экибастузтеплоэнергомонтаж» ЖШС (ЭТЭМ) жүзеге асырып, жүздері мерейленді.
Сейсенбі, 21 мамыр 2013 1:07
Оның негізі болатын энергия блогы жұмысқа толық дайын
Еліміздің индустрияландыру картасындағы ірі жобалардың бірі болып табылатын «ЕЭК» АҚ-қа қарасты Ақсу жылу электр станциясының №6 энергия блогын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Нысандағы ең ірі әрі күрделі бөлікті орнатуды «Экибастузтеплоэнергомонтаж» ЖШС (ЭТЭМ) жүзеге асырып, жүздері мерейленді.
«ЭТЭМ» ЖШС жұмыскерлері №6 энергия блогында кезеңді монтаждау және бөлшектеу жұмыстарын жіті жүргізіп, ондағы қосымша құбырларды алмастырумен айналысып, ақыры үлкен асуға абыроймен шығып отыр.
Кәсіпорын ENRC құрамындағы «Еуроазиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-мен бірнеше жылдан бері қоян-қолтық жұмыс істейді. Мамандар кезінде №2 энергия блогын да қалыпқа келтіріп, қатарға қосумен де айналысқан.
– «ЕЭК» АҚ сияқты ірі кәсіпорында жұмыс істеу – зор жауапкершілік жүктейді, – дейді «ЭТЭМ» ЖШС учаске бастығы Нұрлан Қайырбаев. – Біздің компания 2007 жылдан бастап ЕЭК-ке қызмет көрсетіп келеді. Бастапқыда орташа жобаларды орындап жүрдік. Қазір №6 энергия блогында, маңызды әрі жауапты нысанда жұмыс атқарамыз. Мұнда жыл бойы мыңдаған адам еңбек етіп, өнеге танытты. Біздің ұжым барлық жұмысты белгіленген мерзімде бітірді.
Сала мамандары ЕЭК-тің энергия блоктарын жаңарту жөніндегі бағдарламасын бірегей санайды, себебі ол негізгі өндірісті тоқтатпай жүзеге асырылу үстінде. Толық техникалық қайта жарақтандыру жүргізіліп, турбоагрегат, трансформаторлар, генераторлар мен электр сүзгілер орнатылады. Автоматтандырылған басқару жүйесі енгізіледі.
№6 энергия блогын қалыпқа келтіру 2011 жылы басталды. Жоба станцияның барлық энергия блоктарын ауыстыру жөніндегі 2001 жылғы бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр. №1,2,3 және 4 энергия блоктарын қайта қалыпқа келтіру іске асырылып, ел игілігін көруде. Бұл жоба мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламасына енгізілген. Сол жұмыстардың нәтижесінде энергия блогының қуаты 325 МВт құрап, станцияның күші 2 450 МВт-қа жетеді.
Орнатылған жаңа құрал-жабдықтар болашақта қайта қалыпқа келтіру жұмыстарының залалдарын азайтып, электр энергиясының шығынын және қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды шығаруды айтарлықтай төмендетеді.
– №6 энергия блогын қалыпқа келтіру жұмыстарына 250 млн. АҚШ долларын бағыттадық. Жобаға 20-дай отандық мердігер тартылды. Олардың көбі өз жұмыстарын жақсы атқарып, діттеген межелеріне жетті, – дейді «ЕЭК» АҚ директорының күрделі жөндеулер жөніндегі орынбасары Рустам Ахметов.
Сонымен, республикадағы алып нысан құрылысын жаңғыртып, қалыпқа келтіру толықтай аяқталды деп айтуға әбден болады.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».