Қоғам • 24 Шілде, 2019

Асхат Аймағамбетов «Мектепке жол» акциясына қатысуға шақырды

459 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясын қолдауға шақырды. Бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Асхат Аймағамбетов «Мектепке жол» акциясына қатысуға шақырды

Акция мақсаты аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларын, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларды мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешекпен қамтамасыз ету.

«Бұл тек жылына бір рет ұйымдастырылатын акция болғандықтан, Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасына сәйкес, осы акцияға жаңашылдық енгізілді. Бұдан былай, «Мектепке жол» акциясы 2 ай ғана емес, жыл бойы іске асатын болады», деп жазды министр.

Демеушілер мен меценаттар atamekenim.kz порталында орналасқан өтінім және тізім бойынша мұқтаж отбасыларға көмек көрсете алады. 

Жыл сайын еліміздің барлық өңірінде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы 2008 жылы басталған. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 328 766 оқушы 2 млрд. 822 млн. 846 мың теңгеге материалдық және қаржылық көмек алған.