Қарт тарихтың қатпарлы беттерін парақтамас бұрын дәл осы Қарадалада туған бір кездегі қазақтың қара баласы, бүгінгі таңда дара перзентіне айналған мемлекет және қоғам қайраткері, айтулы ақын Нұрлан Оразалиннің мына бір өлең жолдарына зер салғанымыз дұрыс шығар.
Бала кезден кезiп, шарлап ой, көгiн,
Арманымның жуған талай көйлегiн.
Бұғытыдан басталатын әрi ассаң,
Бұл даланы «Қарадала» дейдi елiм.
Қасиетті даласы туралы ой толғаған ақын тағы бір өлеңінде осы даланың нақ иесі екенін сезініп, жауһар жырмен кестелей жөнеледі. Оқып көріңіз:
«Қарадалада қалың із,
Қарадалада – жанымыз.
Қарадалада киелі –
төгілген кіндік қанымыз…».
Шынымен де осынау Қарадаланың байтақ төсін дәл осы топырақта кіндік қаны тамған бабаларымыздың қалың ізі шиырлап жатыр. Су бетіне түскендей емес, тасқа түскен таңбадай болған із-сүрлеумен баһадүр бабалардың бүгінгі ұрпағы да кемел келешекке жол тартып барады. Әлқисса, әңгімемізді тамыры тереңде жатқан тарих-бәйтеректің алып діңіне сүйеніп жалғастырайық.
XІV ғасыр түркі тектестер тарихына аз өзгеріс әкелген жоқ. 1348 жылы жалпақ жатқан Шағатай ұлысынан бөлініп шыққан бір бөлігі өзін Моғол хандығы деп жариялады. Оның негізін салған әулеттің басы Тұғлық (Тулы) Темірхан болды. Жартылай көшпелі жаңа мемлекеттің аумағы Шығыс Түркістандағы Жоңғария, Іле аймағын, Жетісу жерін қамтыды. (Шыңжаң XVIII ғ. 1949 ж. 82-бет. Қарағанды. ЖК «АҚНҰР» баспасы, 2015 ж). Жетісудағы түркі тілдес тайпалардан құрам тапқан Моғолстан мемлекетінің астанасы бүгінгі ҚХР-ға қарасты Қорғас ауданы аумағындағы қазіргі Мазар қалашығы тұрған жерге орналасқан. Моғолстан жайлы Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде былай дейді: «Моғолстан деп аталатын аймақтың ұзындығы мен ені жеті-сегіз айлық жол болады. Оның шығыс шекарасы қалмақтардың жері – Баркөл, Еміл және Ертіске тіреледі. Солтүстігінде – Көкше теңіз Бум Лиш және Қаратал. Батыс шекарасы – Түркістан мен Ташкент. Оңтүстігінде – Ферғана, Қашқар, Ақсу, Шалыш, Тұрпанмен шектеседі». (Мұхаммед Хайдар Дулати Тарих-и Рашиди. Алматы. Қазақпарат баспасы, 2015 ж. 342-6.). Моғолстанда үлкен өзендер көп, үлкендігі Джейхунға (Амудария) ұқсайды. Олардың ішінде Іле, Еміл, Ертіс, Ақсу және Шарын бар. Бұл өзендердің көп бөлігі Көкше теңіз (Балқаш) көліне құяды, ол Моғолстан мен Өзбек ұлысының ортасын бөліп тұрады. (Материалы по истории Казахских ханств XV- XVII веков (извлечения из персидских и тюркских сочинений) Алматы, 1969ж. с. 219).
Сөз басында мысалға келтірген Нұрлан ақынның «Қарадала» өлеңі осы өлкенің кестелі жырмен жазылған тарихы іспеттес. Тарихпен тамырлас шумақтардың бірін тағы да оқырман назарына ұсына отырайын: Қарадала – күй қанаты талмайтын, Жiбек жолы ғасырлармен самғайтын. Сақ, ғұндар мен үйсiндердiң көзi бұл, Шығыс пенен батысты үнсiз жалғайтын.
Топырағынан жаралған ақынын арқаландырып, өлеңіне өрнек салдырған, бүгінгі әңгімемізге негізгі арқау болып отырған Қарадала өңірі Жетісу мен Іленің қақ ортасында жатқан ойлы-қыратты жазық дала. Оңтүстігінде – Үйсін тауы бар. Батысында – әлемге әйгілі Шарын шатқалы орналасқан. Солтүстігі – адырлы-төбелі жазық. Қарадаланың қақ ортасын Іле дариясы кесіп өтеді. Бұл өлке арысы – үйсіндердің орда тігіп, отау көтерген құтты мекендерінің бірі болса, берісі – Моғолстанның астанасы Алмалы (қазіргі Мазар) қаласының жанындағы геосаяси маңызды аймақ саналады. Хатқа түскен деректерге қарасақ, бұл мекенді 2 мың жылдан астам уақыттан бері қарай қазақтың үйсін тайпалары мекен етіп келеді. Қарадала – тоғыз жолдың торабына орналасқандықтан Ұлы Жібек жолы арқылы Ши-ән, Жемсары (Иыңсар), Алмалық, Алматы, Талқиз, Баласағұн, Сайрам, Ясы, Отырар, Шаш, тағы басқа қалалар арасында жүрген қытай, түрік, араб, парсы халықтарының сауда керуендері осы Қарадаланы басып өткен. Қарадала Алмалық қаласының маңындағы маңызды аймақ саналатындықтан бүкіл Орталық Азияда жасаған түркі тектес халықтар үшін зор маңызы бар орын болған. Қалың, шүйгін, көгалды, шұрайлы өңірмен ары-бері өткен хандықтардың керуендері үшін аса жайлы бір мекен, демалыс орны еді.
XVIII ғасырдың екінші жартысында Қарадала өңірі қытай-қазақ сауда қатынасының жолы болған. Сол XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап, Қазақ хандығы мен Цинь патшалығының арасындағы сауда-экономикалық байланыс жақсарды. Қара Төлеш деген кісі бастаған Адбан (Албан), Су уаң (Суан) атты адамдарының 1762 жылы қыркүйек айының 10-12 күндері Ілеге 1300, Үрімжіге 4200 жылқы әкеліп жасаған саудасы айта қаларлық үлкен сауда болған. (Жүнісұлы Жақып. «Тарих қойнауынан». Алматы, «Жалын» баспасы, 2004 ж. 192 бет). XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында бір мезет гүлденген Қарқара жәрмеңкесінің шығыс бағыттағы Құлжа, Үрімжі керуендері Қарадаламен өткен. Алмалық қаласы туралы Шыңғысханның жорығына қатысушы қытай ғұламасы Чанчунь Жэнреннің «Шүршіт Елуичусайдың сапары» туралы жазбаларында және Алмалықта туып-өскен ғалым Жамал Қаршидың «Мүлкахат әл сурах» атты еңбегінде, одан өзге Рашид ад-диннің, Мұхаммед Хайдар Дулатидың, олардан тыс Бабырдың еңбектерінде көптеген мәлімет бар. Шағатай хандығы тұсында Алмалық хандықтың жазғы ордасы атанса, одан кейін Моғолстан мемлекетінің басты ордасы болды. Қарадала жазығының шығыс-солтүстік бөктеріне орналасқан Алмалық қаласы орта ғасырдағы ең ірі сауда және мәдениет пен саяси орталық ретінде аса маңызды болды. Қарадала мен Алмалықтың екі арасын Қорғас өзені ғана бөліп жатыр.
Алмалық қаласы туралы жазған Жамал Қаршидің еңбектерін зерттеген ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің зерттеулерінде нақты тамаша мәліметтер кезігеді. Жамал Қарши: «Алмалық шаһары – Алла оны өзінің үлкен жарылқауына бөлесін. Мен әдейі Алмалықтан бастап отырмын. Ол заңды да. Өйткені ол менің туған жерім, кеудемдегі кременнен (қалқан) соғыстарда от шығарған, беліме қанжар байлаған мекенім, отаным, достық байланысым болған жер, өмірімнің бір бөлігіне айналған, даңқым басталған елдегі Астана, дін кіндігі, билеушілер мен хақандардың тұрған жері. Оның ауасы жанға жайлы, желі жеңіл, ал суының дәмі тәтті. Жел ол жерге жанға жайлы жылылық пен ылғал, жері хош иіс жағынан мускустан да асып түседі. Бақтар гүлдеп тұр, ал талдарының бұтақтары жеміс салады, жайлауы шөпке бай, тоғандары тола, таңертеңгі рахат самал желдері кешкімен қосылып ымыртта қоңыр салқын хош иіс әкеледі», – десе, Мұхаммед Хайдар Дулати: «Машһүр қалаларының бірі – Алмалық» дейді.
Алмалық қаласы сол Іленің бір бөлігі, яғни, Қорғас шекарасына таяу жердегі қазіргі Мазар аталатын қалашықтың орнында болған. Бұл мекен үшін ата-бабаларымыз ешбір жаудан жасқанып қалған емес, 1371-1372 жылдары Әмір Темір Моғолстанға әскер аттандырды, ол «Алмалықтың шегіне дейін жетті де, Керейттерді талқандап, кері қайтты. (Мирза Мұхаммед Хайдар Дуглат. Тарих-и Рашиди, л. 23 а.). Нақ сол жылы Әмір Темірдің өзі Моғолстанға жорыққа шығып, бұл жолы Ыстықкөл өңіріндегі Сегізағашқа дейін жетті. Темір әскері сансыз көп тұтқын алып, дүние-мүліктен де мол олжа түсіріп қайтты. Бұл жорық Темірдің тек олжа түсіріп, тұтқындар алуымен ғана аяқталмаған. Яғни, ол өзінің күшін көрсеткен барлаушылық жорығы болатын. Осыдан кейін сол кезде Моғолстанның ең ірі билеушісі болған Қамар ад-дин Темірге қарсы 1375-1377 жылдары жорықтар тізбегі жасалды. 1375 жылы Темір әскері Ілеге дейін жетті. Темір әскерінің жорық жолы Сайрам, Талас алқабы арқылы жүріп, Жетісудың қойнауына қарай өтті. Шарын өзенінің шатқалында Темір әскерінің Жаһангер бастаған алдыңғы қосынының Қамар ад-динмен (Моғолстан билеушісі) шайқасы болды. (Қазақстан тарихы. Бес томдық, 2-том. Алматы. «Атамұра», 2010, 130-бет). Әмір Темір 1389 жылы тағы да Моғолстанға жасаған жорығында Іле өзенін кесіп өтіп, қиырдағы Тарбағатай өңіріне дейін жетті. Осы жолы Темір қалың қолымен Тарбағатайда қалып, Моғолстанның түкпір-түкпіріне жалпы саны 120 мың адамға жететін 5 қосын жіберді. Содан соң Темір бастаған негізгі әскерлер Еміл ауданынан Жұлдызға, Күнес және Текес өзендерінің арасындағы жазыққа бет алып, жол-жөнекей Бұлғашы тайпасын талқандады. (Шараф ад-дин Али Йазди. Зафарнаме «Материалы по истории киргизов и Киргизии» 141-б.). 1405 жылы Әмір Темір қайтыс болды. Осы кезден бастап Моғолстан Әмір Темірдің соққысынан құтылды. Алайда, XV ғасырдың ортасына қарай шығыстан тағы бір қиық көз жау пайда болды. Сонау Барыскөлге (Баркөл) дейінгі аумақты иеленіп жатқан Моғолстанның шығысына ойрат-қалмақтар келіп жайғаса бастады. 1469-1470 жылдары Жетісуға Амасанжы тайшының 300 мың адамдық ұлысы келіп, кескілескен шайқаста Моғолстан ханы Жүністі ойсырата жеңді. (Қазақстан тарихы. Бес томдық, 2-том. Алматы. «Атамұра», 2010 ж. 154- бет).
Мұхаммед Хайдардың көрсетуінше; Тұғлық (Тулы) Темір ханның ұрпағы Уәйіс хан он жыл ішінде қалмақтардың 61 шабуылына тойтарыс берген. Уәйіс хан тек бір рет қана жеңіске жеткен, ол екі рет қалмақтардың қолына тұтқынға түскен. (Тарих-и Рашиди, л. 38 б. МИКХ, 192-194 бб.), Ал 1465 жылы Қазақ хандығы кұрыларда, Моғолстанның Жетісудағы халқы Жәнібек пен Керей бастаған елмен бірлікте жаңа хандықтың іргетасын қаласты.
Оның себебі былай: Әмір Темірдің 1371-1390 жылдары аралығында қалың қолмен үздіксіз жасаған шабуылдарынан әбден әлсіреген Моғолстанға шығыстан ойраттар да дүркін-дүркін шабуыл жасап, хандықтың іргетасын шайқалтты. 1462 жылы Моғолстанның ханы Уәйіс ханның баласы Есенбұға қайтыс болған соң мемлекеттің ішкі тұрақтылығы бұзылды. Ферғана жеріндегі Жетікентте билік құрып жатқан Жүніс (Уәйіс ханнын баласы) хан дереу Жетісуға келіп, өзін хан сайлағанымен, жергілікті халықтан қолдау таба алмайды. Себебі 1428 жылы Моғолстан ханы Уәйіс қайтыс болған соң оның балалары Есенбұға мен Жүніс таққа таласады. Есенбұға жетісулық үйсін-дулат әмірлерінің қолдауымен Моғолстан ханы ретінде таққа шыққан еді. Қазақ хандығы тұсында Жетісу жеріне жоңғарлар талай рет жорық жасады. Тарихи деректерге негізделгенде, 1630 жылдан Чорос тайпасынан шыққан Қарағұла тайшы жоңғарларды біріктіруді бастады. 1643 жылы Қарағұла қайтыс болды да, оның орнына Батыр хұнтайшы отырып, Жоңғар хандығын құрады. Ол 1643 жылға дейін 50 мың әскер жасақтап үлгеріп, жаулап алу жорығын бастайды. Бірінші болып Жетісу сұлтандығын шабады. Батыр хұнтайшы баласы Қалдан Церен 1680 жылы Ұлы жүзді шауып, әскерін талқандап, хан Жәңгірді өлтіреді. 1684 жылы қазақтың үш ірі қаласының (Ташкент, Сайрам, Түркістан) бірі Сайрамды басып алады. (Сабырұлы Сұлтанмұрат. «Қазақстан тарихы», Алматы, «Білім», 2006. 65-б.).
XVII ғасырдың 80-жылдары хұнтайшы Голдан Бошокту (1671-1697 ж.ж.) басшылығымен жоңғарлар Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға басып кірді. Бірнеше ұлыстар талқандалды, 9 қала жаулап алынды, ішінде Сайрам, Манкент, Қарасман, Шымкент, Ташкент және т.б. (Берденова К.Ә. «Қазақстан тарихы». Алматы, «Экономика» баспасы, 2013 ж. 203-б.) қалалар болды. 1723 жылы Севан Рабданның бастауымен жоңғардың 100 мың қолы қазақ жеріне басып кіріп, соғыс ашты. Қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген тарихи кезең ел есінде сақталды. Сол жоңғар жорықтары Қалжат шекарасынан өткенде Қарадаланы баспай қалмайтын. Өйткені жау алдын тосу үшін Қарадала өте ыңғайлы болатын.
Бүгінде сондай тарихы бар Қарадала өңірінде көптеген ұлт өкілдері мекендейді. Бұл өңірге әр ұлттың келу тарихы әртүрлі болып табылады. 1757-1758 жылдары Цинь империясы жоңғарларды күшпен бағындырған соң Шыңжаң өзінше әкімшілік өңір болып құрылды. Оны басқаратын негізгі орталықты қытай өкіметі Ілеге орналастырып, Іле генерал мекемесін жасақтады. Қорғас өңірін қазақ елімен шекара бекінісі ретінде бекітіп, Сүйдін деген қалаға маңызды әскери орталық Күре қамалын салды. Генерал-губернатор бүкіл Ілені осында басқарды. Бұл Жоңғар Алатауынан басталатын қатар жатқан Үш Ақсу Ілеге құятын жер жәннаты болғандықтан, осы жерді таңдаған. Әрі Күре қамалы тоғыз жолдың торабы еді. (Құлжаға, Алтай, Тарбағатайға, Қазақстанға таралатын қара-жолдың үстінде). Бұл орталықта мұздай қаруланған неше он мыңдаған әскер ұстады. (Шыңжаң XVIII ғ. 1949 ж. 91-бет. Қарағанды. ЖК «АҚНҰР» баспасы, 2015 ж.). Іледегі қалың әскерді азық-түлікпен қамдау үшін егіншілікпен айналысатын қосымша адам күшінің қажеттілігі сезілді. Шыңжаңның солтүстігінде Шығыс Түркістаннан (Оңтүстік Шыңжаңды мекендеген) ұйғырларды Ілеге күшпен әкеп қоныстандырып, оларды «тараншы» атандырды. Бұл ұйғыр тайпалары Шығыс Түркістандағы антициндік күреске белсене қатысқаны үшін жер аударып, Іле аймағына қоныстандырып, зорлықпен мемлекеттік жер меншігіне бекітіп, мемлекеттік толық тәуелді шаруаларға айналдырды. Олар Іле аймағының негізгі егінші тұрғын халқын құрады. Қоныс аударып келген ұйғырларды басқару үшін олардың өзін өзі басқару аппаратын ұйымдастырып, оны Хакимбек қожа басқаратын болды, тек олардың бәрі Цинь үкіметінің әкімдерінің толық бақылауында болатын болды. Жоңғария жеріне сонымен қатар Қытайдың ішкі аудандарынан маньчжур, қытай және аздаған манжур тектес ұсақ ұлттар: сібе, солаң, дағұрларды әкеп қоныстандырды. (Н.Ә.Алдабек. Тарихы талқыға толы Шыңжаң XVIII ғ. 1949 ж. 91-бет. Қарағанды. ЖК «АҚНҰР» баспасы, 2015 ж).
1871 жылы Тазабек батырдың қалың қолмен Ілеге өтуі патшалық Ресейдің мазасын кетірді. Себебі Оңтүстік Шыңжаңда аты әйгілі, азулы Жақыпбек тұр. Оның үстіне Іле сұлтандығына Тазабек бастаған қазақтар барып қосылды. Осы үш күш біріксе, қатерлі болатынын сезіп, алдымен Тазабекпен соғысу үшін 1871 жылы мамыр айының ортасында Колпаковскийді қалың жасағымен Ілені басып алуға жіберді. Тазабек пен Іле сұлтандығының біріккен қосыны патша әскерімен бір айдай уақыт соғысқанымен, соғыс аяқталмай жатып Іле сұлтандығы патшаға тізе бүкті. Майдан даласында Тазабектің атты жасағы ғана қалды. Айлалы Тазабекті жеңе алмаған Колпаковский соңында опасыз сатқын Әлахан (Іле сұлтаны) арқылы Тазабекті қолға түсіріп, Верныйдағы түрмеге әкеліп қамайды. 1872 жылы түрме азабынан Тазабек қайтыс болады. Патша өкіметінің тапсырмасы бойынша өзіне қарсы соғысқан батыр Тазабекті түрмеде аяусыз жазалаған. Тазабекпен бірге соғысқа қатысқан Шалтабай Алпарұлын 10 жылға Сібірге айдайды. Тазабек пен Шалтабайды қабырғасы қайыса отырып, құлагер ақын Ілияс Жансүгіров:
Қолына түсіп орыстың,
Көрдім дүние жалғанын.
Тазабек, Саурық күш қоспай,
Тараншыға (Әлахан) сенем деп,
Тістеулі кетті-ау бармағым, – деп жырға қосқан. (І. Жансүгіров Жетісу. 1730 ж. 1916 ж. Алматы. Ценные бумаги, 2001 ж. 52-б.). Шалтабай Алпар ұлы Сібірден келген соң қырғыз жеріне өтіп, сонда көз жұмады. Осылайша Іле өңірі 1871-1881 жыл аралығында 10 жыл патшалық Ресейдің қарамағына қарады. Алайда, 1881 жылы Цинь мен патшалық Ресейдің ортасында жасасқан келісімдер нәтижесінде, Іле қайтадан Цинь империясына қарайды. Іледегі халықтар қай елге барып мекендеймін десе, ерік берілді. Осы тұста Іледен Жетісуға 1881-1894 жыл аралығында 9752 ұйғыр шаңырағы (45373 адам) көшіп келді. (Жетісу энциклопедиясы, Алматы «Арыс» баспасы, 2004 жыл, 712-бет). Жетісуға келген тараншылар (ұйғырлар) есебінен Алматы облысы аумағында 6 ұйғыр болыстығы құрылды. Сол тұста Жетісу жеріне ұйғырлармен қатар дүнгендер де өтті. Олардың біразын Қазақстан аумағына қалдырып, қалғандарын Қырғызстанға қоныстандырады.
...Міне, жоғарыдағыдай қиян-кескі дүрбелеңдердің бел ортасында болған қазақтың Қарадаласын ең соңында Үйсін мемлекетінен қалған Албан руы мекен еткен. Көшпенді кезде касиетті Қарадаланың жанға шипа жерінде өсіп-өнген Албан тайпасының тышқақ лағы жоғалмай, қотыр тайын қасқыр жемей, мөлдір су, саф ауасында көк ұйық жайлауын жайлап өмір кешіп келеді. Бұл өңірден шыққан ақындардың қасиетті Қарадаласын жырға қоспағаны жоқ десек те болады. Осы мақала барысында Нұрлан Оразалиннің өлеңін мысалға алып отыруымыздың да бірден-бір себебі де сол. Қара өлеңді оқып отырып, қасиетті Қарадаланың шежіресінен сыр шерткендей боласыз.
Жарықтықта қаралықтан жоқ белгi,
Сұлулығы көздегi өртер от-көлдi.
Iле, Шарын… Қырғызсайдан ескен жел,
Сартоғайды, қытықтардай көктемдi.
Қарадала – өлең менен ән басы,
Көкбастау мен Кеңес, Сүмбе, Жамбасы,
Ақсу, Ақши, Шонжы, Сұңқар, Шошанай,
Тастықара – дәуiрлердiң жалғасы.
Ғасырды ғасырға жалғап жатқан дәуірлер бедерінде Қарадаланың орны бөлек. Тарихтан жеткен жазбаларға сүйене отырып, қазақтың құтты қонысы жайлы аз-кем ой қозғадық. Небір қилы заман, қиын кезеңнің куәсі болып, үнсіз ғана жатқан Қарадала қазіргі таңда жер жәннаты Жетісудың киелі мекендерінің біріне айналған. Жер астынан шығып жатқан жанға шипа, дертке дауа ыстық суы бұл күнде емдік қасиетімен бірге табыс көзіне де айналған. Яғни, құдіреті күшті Жаратушы иеміздің адамға берген жер байлығын пайдалану арқылы ел экономикасына да едәуір үлес қосылуда.
Міне, бабадан қалған топырағы киелі, қойнауы құтты Қарадаласын кез келген баласы зор мақтанышпен сөз етеді. Бір кездегі Ұлы Жібек жолының бойындағы қасиетті даланың жаңа дәуірмен бірге есімі де жаңғырып, ұрпақ жадында сақтала беретіні ақиқат. Өйткені:
«Қарадалада – қалың із,
Қарадалада – жанымыз.
Қарадалада киелі –
төгілген кіндік қанымыз…».
Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
(«Жетісу» газеті №79 2019 жыл 6-шілде)