Еуроодақтан шығуды жақтаушы
Бұл жеңіс енді билеуші партияның басшысы ретінде Б.Джонсонға ел үкіметін басқаруға мүмкіндік береді. Жаңа премьер-министрдің алдында «Brexit» жобасын жүзеге асыру және консерваторлардың позициясын нығайта түсу міндеті тұр.
Джонсонның жеңісі Британия тарихындағы азшылық үкіметінің партияішілік сайлау жолымен ауысуы болып отыр.
Борис Джонсон жаңа қызметке сайлана салысымен 31 қазанға дейін Ұлыбританияны Еуроодақтан шығаруға, елді біріктіре отырып, оппозициялық Лейбористік партия жетекшісі Джереми Корбиннен басым түсуге уәде етті.
Оған жауап ретінде Д.Корбин: «Джонсон байларға арналған салықты төмендетуге уәде етілген және Еуроодақтың келісімінсіз-ақ «брексит» алуға негізделген бағдарлама арқылы 100 мың адамдық топтың атынан таңдалды. Енді ол елдің алар бағытына маңыз беріп ойлануы керек. ЕО құрамынан келіссөзсіз шығу медициналық мақсаттағы тауарлар келісімін шектейді, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке, жалпы экономикаға нұқсан келтіретіндіктен, Борис Джонсон Дональд Трамппен сауда келісімін жасауға мәжбүр болады, бірақ ол келіссөздерді Джонсон әлсіз жақтың позициясынан жүргізеді», деп үн қатты.
Ал Америка президенті болса Джонсонның танымалдығын оның «британдық Трамп» деген лақап атына байланысты екеніне риясыз сенім білдіріп отыр.
Міне, осындай пікір қайшылықтарынан кейін Борис Джонсонның Ұлыбритания премьер-министрі лауазымына тағайындалуын жақтаушылар мен қарсы топ Лондон көшелеріне шығып кетті. Ал оппозиция болса, жаңа көшбасшыға сенімсіздік білдіруге қамданып жатыр.
Шыққан тегінде жақындық бар
55 жастағы Борис Джонсон Нью-Йорк қаласында дүниеге келген және 2016 жылға дейін АҚШ азаматы да болған. Толық ныспысы – Александр Борис де Пфеффель Джонсон. Бірақ бізді қызықтырған мәселе басқа – Борис Джонсон Османлы мемлекетінің соңғы Ішкі істер министрі болған Али Кемалдың шөбересі. Мамандығы журналист болған атасы 1920-шы жылдары қаза тапқан. Ал әкесі Стэнли Джонсон Консервативтік партияның қатарында жүріп, Дүниежүзілік банкте жұмыс істеген, Еуропарламенттің мүшесі болған.
Әжесі де Кавказ аумағынан Түркияға ауған шеркес қызы екен. Жалпы, Б.Джонсонның нағашыларын да осал деуге келмейді – ақпарат құралдары жаңа премьердің анасы Ұлыбритания королі II Герцогтің тұқымынан екенін жарыса жазып жатыр.
Саясаткердің өзі британдық көптеген әріптестеріне тән қалыппен Итон және Оксфордта білім алған. Оқып жүріп, Оксфорд пікірталас одағының тең төрағасы ретінде көзге түскен. Еңбек жолын журналистік саладан бастап, The Times басылымында азды-көпті жұмыс істеген. Бірақ әлемге әйгілі газеттен жалған деректерді қолданғаны үшін қуылыпты. Кейіннен The Daily Telegraph басылымында жұмыс істей жүріп, нағыз еуроскептик болып қалыптасқан.
Ал 1997 жылдан бері үлкен саясатқа белсене араласып, министр лауазымынан Лондон мэріне дейінгі дәрежеге көтерілді. Жалпы, Б.Джонсон телевизиялық шоуларға жиі қатысып, өткір пікірлері арқылы елдің ішінде танымалдығын арттыра түскен. Оның сол шоулардағы бүйректен сирақ шығаратын ойлары беделін өсіре түскені де анық.
2016 жылы Борис Джонсон парламентке оралуды көксейді. Бір қызығы, оның орнына Лондон басшысы болып бұл қызметті иеленген тұңғыш мұсылман Садық Хан қалды. Ал Б.Джонсонның түбі түрік болғанымен, мұсылмандарға да, түркі әлеміне де іштартқан кезі белгісіз. Керісінше, жоғарыда айтылғандай, ұр да жық мінезі арқылы оқшауланып тұратын империялық пиғылдағы саясаткердің мұсылмандар мен Африка туралы айтқан сөздері көпшіліктің наразылығын туғызған. Сыртқы істер министрі болып тұрған уақытында ел үкіметінің басшысымен «Брексит» мәселесі бойынша келісе алмай, қызметінен кетті.
Ақпарат көздеріндегі мәліметтерге қарағанда, екі рет үйленген Б.Джонсонның төрт баласы бар екен.
Жалпы, әңгіме басында Б.Джонсонның алдында тұрған міндет – Ұлыбританияны ешқандай мәмілесіз Еуропалық одақтан бөліп шығару екенін айттық. Саясаткер бұл жолдағы кедергілерден тайсалмай, бірбеткей мінезі арқылы мақсатына жетпей тынбайтындай көрінеді. Ол кескін-келбеті де өзіне ұқсайтын америкалық әріптесі Дональд Трамптың саяси биліктегі жетістіктерін қайталаудан үмітті екенін жасырмайды. Бірақ оның бұл пиғылына британдық өркениет көне қойса жақсы...